«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОБЫЗШЫ ҚЫЗ ФАРИЗА – өңіріміздің ең үздік жас дарыны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы уақытта өңірімізде өтетін түрлі мәдени шараларда ұлтымыздың ежелгі аспабы – қобызда ойнайтын жастарды жиі көретін болып жүрміз. Бір қуантарлығы, қобызшылардың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан мұрасы бүгінгі ұрпаққа еш өзгеріссіз, мінсіз қалпында жетті. Ұлт өнерін сүйген жастар Қорқыт, Ықылас сияқты дала дарындарының шығармаларын сахнада орындап, замандастарының ұлттық өнерден сусындауына түрткі болуда. Осындай кештердің бірінде жас өнерпаздар Фариза Амантаева мен Заңғар Мубарак қобыз бен дарбука аспабында “Араб қызы” туындысын әуелеткен еді. Тыңдармандардың зор қошеметіне ие болған дуэттің өнерін бірқатар мәдениет ұжымдарының басшылары да жоғары бағалады. Қобызды жан серігі еткен дуэт солисі, өнер колледжінің 4-курс студенті, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Фариза Амантаевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Фариза, Тәуелсіздік күніне орай өңір жастары арасында өткен байқауда “Ең үздік жас дарын” аталымын жеңіп алуыңызмен құттықтаймын! Бұған өнердегі жеткен тырнақалды жетістіктеріңіз себеп болған шығар?

– Ата-анам мені өнер мектебінің 4-сыныбына ертіп әкеліп, аспаптардың арасынан бірін таңдап ал дегенінде, көңілімнің бірден қобызға ауғаны тегін емес екен. Сол сәттен бастап көне ұлттық аспапқа деген ықыласым арта түсті. Ол кезде қобызда ойнайтын жастар қатары аз болатын. Әрі төрт ішекті аспап маған таңсық, құпиясы мол болып көрінді. Қобыз сыныбында оқып жүріп, негізгі пәндер бойынша облыс орталығындағы №6 қазақ орта мектебінде білім алдым. Өйткені, ол кезде өнер мектебінде тек арнайы сабақтар жүргізілетін. Күн суықта жаяулатып колледжге келетінмін, қас қарая үйге қайтатынмын. Біраз қиындық болды, бірақ оған мойымадым. Ата-анам да сабаққа барып тұру қиындық тудырған соң өнер мектебінен алып кеткісі келді. Бірақ ұстазым Назгүл Маштақова бойымнан зеректікті аңғарып, мені алып қалыпты. Содан бері сүйікті аспабымнан бір сәтке көз жазған жоқпын. Сабақ аяқталса, уақытым жаттығумен өтеді. Қобызда ойнау көп уақытты қажет етеді, оның қыр-сырын меңгеру үшін талай жылдар керек. Сабақта ұстазыңнан үйренгенің бір басқа да, өздігіңнен үйренгенің мүлде бөлек. Еңбегімнің зая кетпегендігін соңғы жылдары сезіне бастадым. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Содан болар, менің өнерім өңірлік талантты жастар арасында да жоғары бағаланды. “Ең үздік жас дарын” аталымын жеңіп алғанымда қуанышымда шек болмады. Қобызға деген ықыласым бұдан да артып, шеберлігімді шыңдай түсуге талпынып келемін.

– Сахнаға алғаш рет шыққаныңыз есіңізде ме? Өнер адамдарының танымал болуына көбіне осындай жайт түрткі болып жатады…

– Иә, шынымен де, солай. Алғаш рет кіші сыныптарда “Астана-мерей” байқауына қатысқаным есімде. Бірақ ешқандай орын алған жоқпын. Бірақ бұл байқаудың арқасында зор белестерден көрінуге деген талпыныс артты. Өзіме талап қойдым. Күнде сабақтан келген соң тәжірибемді арттыруға тырыстым. Әлі де солай. Адам өзін-өзі қайрап отырмаса, биік белестерге жете алмасы анық екен. Еңбекқор болуға талпынамын. Онсыз болмайды. Ұстазым Назгүл Маштақованың маған сіңірген еңбегі мол. Облысымызға келіп, қобыз өнерін дамытқан тәлімгерімнің үмітін ақтау әрдайым бірінші орында тұрады. Мүмкін, сол себептен шығар, курстастарымның арасында алда болуға талпынып тұрамын.

– 2011 жылы Ресейдің Новосібір қаласына барып, “Сибирь зажигает звезды” халықаралық байқауында бірінші орын алғаныңыз есімізде. Орыс халқы қазақтың ұлттық аспабы – қобызды қалай қабылдады?

– Олар қобыздың қоңыр үніне қатты таңғалды. Жүлдемен марапатталған соң қазылар мен көрермендердің кейбірі қасыма келіп, қобыз туралы сұрап жатты. Олар қобыз бен скрипканың үнінде ұқсастық бар екенін айтып, аспапты қолдарына алып, оған зерттегендей болып үңілді. Қобыздың әсем қоңыр даусын қайта естіп, таңырқап жатты. Ал мен болсам өзге ұлттың көне қобызымызға тәнті болып жатқанына іштей қуанып тұрдым. Аталмыш байқауда скрипкаға жазылған Мецекапоның “Торантеллосын” орындағанымда, қазылар алқасы да қобыздың құпиялы үніне құлақ түріп, орындау техникамды жоғары бағалады. Аспапты жанр аталымында жүздеген бала бақ сынады, бір жағынан олардың арасынан топ жарып, жүлдеге ие болғаныма қуансам, екінші жағынан, қазақтың қобызын өзге елге танытқаныма риза болдым.

– Өнер колледжінің соңғы курс студентісіз. Әрі “Әлқисса” фольклорлық ансамблі мен Сегіз Сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінде қызмет етесіз. Алда қандай жоспарларыныз бар?

– Консерваторияға оқуға түсу – бала кезімнен бергі арманым. Соны орындасам ба деймін. Әрі қазір шәкірт оқытумен де айналысамын. №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің 3-сынып оқушысы Сабина Мұрзановаға қобыздан сабақ беремін. Оның аяқ алысы жаман емес, барлық айтқанымды тез ұғып алады. Талантты қыздың болашақта танымал қобызшы болғанын көргім келеді. Мүмкін, болашақта ұстаз болармын? Оны уақыт көрсете жатар. Әзірге білімімді толықтыру – басты міндетім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp