Өзім бес қыздың ортасында өстім. Бала кезімізде барлығымыздың шашымыз белімізден асатын. Таңертең бізді ерте оятпас үшін анамыз ұйықтар алдында шашымызды әдемілеп өріп беретін. Сонымен ертеңгі күні әп-әдемі болып мектепке баратынбыз.
“Шашыңды қиғаның – бағыңды қиғаның”, – деп үлкен әжелер әрдайым айтып отыратын. Бұрынғы кезде қазақ қыздарының арасында шаш қию деген мүлдем болмаған ғой. Тарихқа үңіліп қарасақ, оған көз жеткізуге болады. Керісінше, аналары, жеңгелері қыз баланың шашын тобығына дейін өсіруді мақсат еткен. Бүгінгі заманның қыздары шашты ұзын қылғаннан гөрі, қысқа етіп қиып тастағанды жөн көреді. Келісіп, көркін ашып тұрса, қысқа қиылған шаш та сыртынан әдемі көрінеді. Бұл жерде біздің айтайын деп отырғанымыз – шаштың қиылғаны емес, оның саудаға салынуы. Иә, шаш пен сауда деген екі сөз мүлдем үйлеспейтін сияқты. Бірақ бұл сөздің жаны бар. Көшеге шыққан кезде көбіне аялдамаларда: “Куплю волосы. Дорого” деген мәтіндегі жарнамаларды көзіміз шалып қалады. Бір қарағанда шаш сататын адамдар да бар екен-ау деп ойламайсың да. Бірақ ондай қыз-келіншектер де жоқ емес. Саудагерлердің неге қымбат ақшаға шаш сатып алатыны белгісіз, себебі, қазір не көп, жасанды дүние көп қой. Кірпік те, қас та, тіпті, керек десең ерніңді де дөңкитіп, жасанды етіп жасап береді. Осы тізімге шашты да енгізуге болады. Сондықтан да бұл жерде олардың көздегені не екені бізге беймәлім. Қалай болғанда да қыздардың басындағы шашын сатуы, тіпті, ойға қонымсыз. Шаштың бағасы бес мың теңгеден бастап, ұзындығына қарай өсе береді екен. Мұны да жарнамалардан көруге болады. Әрине, қыздардың барлығы бірдей шаш сатып жүр деп көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ арамызда ондайлар да баршылық. Осыған қарағанда “қазіргі қыздардың көбі шаштың қадірін түсінбей жүрген сияқты” деген ой санаңды жаулап алады. Әйтпесе, белден асқан қолаң шашты қиып, ақшаға өткізуге бола ма? Мейлі ол бес, тіпті, елу мың теңге болса да шашыңды шорт кесіп, басқа біреуге бере салу деген обал сияқты. Желмен желбіреп тұрған шаш сатып алу жарнамасын көрген кезде: “Шіркін-ай, бұрынғы әйел затына байланысты ұмыт болған салт-дәстүр қайта жанданса ғой” деп те ойлайсың кейде…
Осы жайында оқырмандар не ойлайды екен?
Әйгерім Хамитова,
оқушы:
– Мен шашымды алтыншы сыныптан бастап өсіріп келемін. Қимаймын да, ешкімге сатпаймын да. Тіпті, мұндай ой да болған емес.
Гүлзейнеп Оспанова,
көпбалалы ана:
– Ес білгелі шашым ұзын. Осы уақытқа дейін қимаппын. Оның керегі де жоқ. Жастарға, мүмкін, келісер? Бірақ келін, ана, апа болған соң ұзын шаш жарасып тұрады ғой. Ал шаш сату дегенді естігем, жарнамасын да көріп жүрміз. Бірақ дүние-мүлік былай тұрсын, шашын саудалайтын адам болады дегенді өз басым ойламаппын да. Кім білсін, ақша керек болғанда адам баласы неге бармайды дейсіз? Мұны әркімнің өз еркіне қалдырайық, ұяттары білсін…
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.