«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘМБЕБАП ПОЛИЦИЯНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жылдың 1 қарашасынан бастап елімізде әмбебап полиция құрылып, бір жол полициясы және екі патрульдік полиция қызметкерлерінен құралған экипаждар өз қызметтеріне кіріскен болатын. Нәтиже көп күттірмеді. Өткен бір айдың ішінде әмбебап сақшылар 7 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтап, 37 қылмыстың бетін ашты.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Реформа жобасы алдымен сынақ ретінде Павлодар, Жамбыл облыстарында қолданылған болатын. Нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздік көрсеткіші бірсыпыра жақсарған. Жаңа жүйе жүзеге асқалы жүгенсіз жүргізушілер де айылын жиған соң жобаны ел бойынша кеңінен пайдалану шешімі қабылданды.

Өңір полицейлерінің айтуынша, жаңа құрылымның болашағы зор. “Әмбебап” атану үшін полицейлер арнайы айлық курстардан өтіпті. Осыдан бір ай бұрын Ішкі істер департаментінің көліктеріне “Жол-патрульдік полиция” таңбасы жапсырылып, көліктер видеотіркеушімен және GPS-навигатормен жабдықталған. Олар полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылап, сақшының да, тәртіп бұзушының да көлік жанындағы іс-қимылын, айтқан сөздерін таспаға жазу арқылы заңсыздыққа жол берілмеуін қамтамасыз етпек. Сондай-ақ сақшылардың кеудесіне автокөліктердегі нөмірлер секілді аймаққа сәйкес арнайы белгі тағылды.

ІІД Жол полициясы басқармасының аға инспекторы Әбілсейіт Жолаушин бұл қызметке орналасудың да өзіндік талаптары бар екенін жеткізді. Бойы 170 см.-ден кем емес, білімі мен білігі сай азаматтар ғана әмбебап тәртіп сақшысы бола алады екен. Реформаның енгізілуімен құрылымдарда қысқарту болмапты. Қызметкерлердің еңбекақысы да сол күйінде қалған.

Сонымен бүгінде 200-ден астам жол-патрульдік полиция қызметкері облыс орталығының көшелерінде қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерінің орындалуын бақыласа, 150-ден астам солтүстікқазақстандық полицей қала сыртындағы тас жолдардағы қауіпсіздікті қадағалап, “Рубеж” бақылау-өткізу пункттерінде міндеттерін атқаруда. СҚО ІІД Әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Серік Шайыновтың айтуынша, жол қозғалысын бақылау автопатрульдеу режімі бойынша жүзеге асуда. Олар жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуының алдын алып, арнайы дыбыс және жарық белгісін беру арқылы көлікті тоқтату құқығына ие. Алайда, әмбебап полицейлердің көліктерді себепсіз тоқтатуына рұқсат жоқ. Ал жаяу жасақ қоғамдық тәртіпті қадағалап, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтайды.

Қараша айынан бастап жұмысқа кіріскен әмбебап құқық қорғаушылар жол қозғалысы ережелерін бұзудың 5772 хаттамасын толтырыпты. Анықталған 7143 құқық бұзушылықтың 4 мыңнан астамында заңдардың өрескел бұзылуына жол берілген екен. Сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізген 180 жүргізуші және ащы суға сылқия тойған 1088 адам қамауға алынған.

ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шайынов жол-көлік оқиғаларының көбейіп, адам өлімінің жиілеуі жылдамдықты асыру, көлік құралын басқарып отырған уақытта ұялы телефонды пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпаудың салдарынан орын алып отырғанын айтты. Сол себепті де елімізде заң бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қолға алынып, ірі реформалар жүзеге аса бастады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұдан былай қоқысты кез келген жерге лақтыра салатындар да жазасыз қалмақ емес. Әмбебап полицейлер бір ай ішінде ұсақ бұзақылық жасаған 40 адамды жазалап, қоқыс шашқаны үшін 18 адамды, сондай-ақ 608 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Жол жүру ережесiн, жылдамдық режiмiн және басқа да тәртіп бұзушылықты анықтау жүйесi қондырылған “Авто-Интеллект” бағдарламалық-аппараттық кешенi де полиция қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, заңсыздықтарды анықтауда үлкен іс тындыру үшін өткен жылдың желтоқсан айының соңында іске қосылған болатын. Үш қондырғы облыс орталығындағы Мир, Сәтбаев, Уәлиханов көшелерiне орнатылды. Жалпы құны 48 миллион теңгеден астам қаржыны құрайтын жүйе айыппұлдарын уақтылы төлемейтiн көлiк иелерiн, мемлекеттiк нөмiрмен еркiн жүрген, сот органдары тұтқындаған, iздеудегi немесе ұрланған көлiктердiң ізін кесуге мүмкіндік бермек. “Авто-Интеллект” кешеніне жүктелген жұмыстың нәтижесі уақыттың еншісінде. Ал қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қадағалайтын әмбебап полицейлерге қатысты бірнеше қызылжарлықтың пікірлері төмендегідей:

Айдос Ахметов, көлік жүргізушісі:

– Меніңше, жақсы ойластырылған. Бүгінде полицейлер көлік ішіндегі барлық жолаушылардың қауіпсіздік белдігін тексереді. Бұл жүргізушілерді тәртіпке шақырады. Мәселен, мен де бұдан былай құжаттарымды түгендеп, көлігімдегі жолаушылардың белдікті тағуларын қадағалап отыруды жақсы әдетке айналдырдым.

Сәлима Молдахметова, зейнеткер:

– Немерем мектептен кеш келеді. Мен үшін облыс орталығында күндіз-түні әмбебап полицейлердің жүруі өте маңызды.

Берік Амандықұлы, такси жүргізушісі:

– Әзірге ешқандай шағымымыз жоқ. Өзгерістер де сезіліп жатқан жоқ. Әрі қарай қалай болатынын уақыт көрсетеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp