Заң жүзінде мүлдем қарастырылмаған азаматтық неке жайында бұрын-соңды кинодан ғана көретінбіз. Бүгінгі таңда жастар арасында мұндай “жаңашылдық” кең етек алып бара жатқандай. Ислам да, өзге діндер де тыйым салған бұл құбылысты қолдайтындардың қазірде асығы алшысынан түсіп тұрғаны рас.
Бүгінгі таңда қаншама жастардың бейресми некеде тұратыны белгісіз. Жоқ, мәселе бұл жайында мәлімет ала алмағанымызда емес, оны алатын орын да, адам да жоқ. Себебі, бұл жастардың өздерінің қолынан жасап алған “отбасы ойыны” сияқты. Яғни, олар бірер жыл ішінде ерлі-зайыпты болып, бір шаңырақ астында тұрып көреді. Бұл, тіпті, он-он бес жылдарға да созылып кетуі ғажап емес. Осы арада бір-екі балалы болып қалулары да мүмкін. Бірақ бәрібір де азаматтық некеден бас тартып жатқан жастар жоқ. Мұны жылтырағанға еліктеу деп топшылауға да болады. Азаматтық некеде тұрғандар кез келген уақытта ажырасып, екі жаққа кетіп қоюлары мүмкін. Яғни, бір-бірінің алдында ешбір жауапкершілік болмайды. Сонда “оңай” деп ойлап, от басқызған “ойынның” соңында сан соғып қалатын кім? Әрине, мұндай кезде әйел адамның еншісіне көп қиындық түсіп жатады. Алданып қалған олар енді өз өмірлеріне ғана емес, некесіз туған баланың болашағына да жауапты екенін кеш болса да түсінеді. Осындай кейіпкерлеріміздің бірін сөйлетіп көрейік:
Ақлима Мыңжасова (өтініші бойынша тегі өзгертілген):
– Жеті жыл азаматтық некеде тұрдым. Бір балам бар. Бастапқы кезде барлығы жақсы болды. Жұмыс істедік, жинаған ортақ ақшамыз да болды. Баспана алсақ, басқасы да бола жатар деген үмітпен күніміз өтіп жатты. Бірақ екі жылдан кейін ұлымыз өмірге келді. Мен бір жыл үйде бала бағумен отырып қалдым. Жинаған қаражат ақырындап таусылды. Күйеуімнің тұрақты жұмысы болмады. Сөйтіп, үш-төрт жыл дегенде отбасылық проблемалар біртіндеп шыға бастады. Сол бір қиын кезде сынықты сылтау еткен отағасы бізді тастап, кетіп қалды. Некеміз заңсыз болғандықтан, шағым айтып, ешқайда барған жоқпын.
Жаңагүл есімді екінші кейіпкеріміз де еркін некеде тұрғандардың тізіміне еріксіз енгендердің бірі екен:
– Жасым жиырма бесте. Осыдан бес жыл бұрын маған: “Азаматтық некені қолдайсыз ба?”– деген сауал қойылса, екі қолымды көтеріп: “Жоқ!” – деп жауап берер едім. Бірақ “Адамның алды қараңғы” деген сөз бар ғой. Жастықтың жалынымен жүріп, өзім де осы қатарды толықтырғанымды түсінбей де қалдым. Алғашында жігітім: “Екі-үш ай бірге тұрайық, тойға ақша жинайық” деген соң көндім. Айлар өткен соң, сылтауды көбейтіп, екі жақтың да ата-анамыздың әзірге білгенін қаламайтынын айтты. “Өзіміз барлық қаражатты жинайық, оларға ауыртпалық түсірмейік, уақыты келгенде барлығын да өткіземіз, жасаймыз…” деген сөздерімен мені алдап келді. Ақыры амалым таусылды, сосын бір күні менің аяғым ауыр дедім. Аузымды жиып болғаным сол екен, “Мен сенен бала сұраған жоқпын”, – деді де, есікті тарс жауып, кетіп қалды. Әрине, мен оны алдадым. Былайша айтқанда, тексеріп, шынайы ойын білгім келді. Содан екі апта өткен соң, келді де енді менімен тұрғысы келмейтінін айтты. Сондағы сылтауы – баспананың жоқтығы. Баспананы баладан қымбат санайтын адаммен бұған дейін қалай тұрғаныма өзім де таңғалдым. Дәл сол кезде мен оның бетпердесін шешіп, қандай адам екенін көргендей болдым. Ақыры азаматтық некеміздің осылайша “әні” таусылып, сәні кетті. Енді сол күндер есіме түссе, өзіме қатты ренжимін. Тамылжытып айтқан тәтті сөздеріне сенбегенде тағдырым, мүмкін, басқаша болып өрілер ме еді, кім білсін?
Азаматтық неке деген құбылыс жетім балалар мен жалғызбасты аналардың санын көбейтуге де өз “үлесін” қосуда. Өкініштісі де сол. Жас қыздардың арасында алданып қалып, некесіз туған сәбилерінен бас тартып жатқан фактілер қаншама?! Бір кездері қоғамда азаматтық неке жайында қызу әңгімелер көп болып еді. Қазір ондай қарқын жоқ екенін байқаймыз. Уақыттың осындай оңтайлы сәтін пайдаланған “жаңашылдық” тамырын тереңге жайып бара жатқан сияқты. Бақыты баянсыз осындай өзгерістерді көргенде “Шетелдің қаңсығы біздің жастарға таңсық болып қалған ба?” деп ойлап та қаласың кейде. Әрине, бұл жерде “бәрі осындай екен” деп көпке топырақ шашудан аулақпыз. Үлгі-өнеге боларлық жастарымыз баршылық, тек солардың қатары көбейе түссе екен деген ниет қой біздікі.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.