Петропавлда волейболдан ерлер арасында Ұлттық лига шеберлерінің ХХІІ республикалық чемпионатының екінші турының екінші ойын күні аяқталды. Облыс орталығындағы “Жеңіс” спорт кешенінде өткен жарыста Петропавлдың “Есіл” командасы өнер көрсетті.
Петропавлда өткен сайысқа Орал, Хромтау, Атырау және Петропавл қалаларының командалары қатысты.
Қызылжарлық “Есіл” сайыс барысында үш кездесу өткізіп, “Атырау” командасын тізе бүктірсе, оралдық “Конденсат-Жайықмұнай” мен Хромтаудан келген “ТНК-Казхром” құрамасынан жеңіліс тапты.
Солтүстікқазақстандықтардың ең сәтсіз ойынын “ТНК-Казхроммен” өткен кездесуде көрдік. Жеңіс тізгінін енді өз қолдарына ала бастаған жергілікті құрама кездесуді алғашқы минуттан-ақ сәтсіз бастады деуге болады. Негізгі құрам ойыншыларымен қатар легионерлер Михаил Куян мен Александр Чечин қосымша ойыншылар орындығына отырды. “Кездесу барысында әр құраммен ойнап көруге тырыстық, – дейді “Есіл” командасының жаттықтырушысы Александр Рябко. – Десек те, әдемі ойын өрнегін көрсете алмадық. Оның, себебі, психологиядан деп ойлаймын. Себебі, атыраулықтарды басымдықпен жеңген соң “ТНК-Казхроммен” болатын ойынға қажетті деңгейде дайындалып үлгермедік. Бүгінде қателіктерімізді түсіндік. Ендігі мақсатымыз – олқылықтарды ескере отырып, алдағы кездесулерде жеңіске жетудің ебін табу”.
Сайыс қорытындысы бойынша 27 ұпай жинап, әзірге жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген “Конденсат-Жайық-мұнай” көш басында. “ШығысҚорғасынҚұрылыс” 23 ұпаймен – екінші, қоржынында 19 ұпайдан бар алматылықтар мен хромтаулықтар үшінші-төртінші орында келеді. Небәрі 9 ұпайы бар “Есіл” алтыншы орында.
Ел біріншілігінің келесі ойындары 26-31 қаңтарда Павлодар қаласында жалғасын тауып, онда сегіз команда “Б” тобындағы “Алматы”, “Тараз”, “Павлодар” және “ШығысҚорғасынҚұрылыс” (Өскемен) құрама командаларымен кездеседі.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.