«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЙЫНШАДА – ҚОНЫСТОЙ ҚУАНЫШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айгүл ТӘШЕТОВА,

журналист.

16 қаңтарда Тайынша қаласының тұрғын үй қоры жаңадан салынған 2 үймен толықты. Облыс әкімі Самат Ескендіров “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтарға жаңа пәтер кілттерін табыстап, қоныстойларымен құттықтады. “Елбасы тапсырмасының арқасында қарапайым халықтың баспаналы болуы – еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуының нәтижесі. Қазір облыс көлемінде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жалғасып келеді”, – деп атап өтті қоныстанушыларды құттықтаған өңір басшысы.

50 пәтерлік үйден баспаналы болғандар қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, аз қамтылған отбасылар, жетім балалар және бюджет саласының қызметкерлері бар. Баспана қиындығын көріп келген отбасылар мүшелерінің қуаныштарында шек болмады. Олар бірінен соң бірі сөз алып, Мемлекет басшысына, облыс және аудан әкімдеріне алғыстарын білдіріп жатты. Солардың бірі – 91 жастағы қария, Ұлы Отан соғысының ардагері Балғожа Сұлтанов. Күні бүгінге дейін Қарағаш ауылында өмір сүрген атайдың артынан ерген 8 баласы, 27 немересі және 10 шөбересі бар. Ленинград, Курск түбіндегі шайқастарға қатысқан майдангер 3 рет жарақаттанғанына қарамастан, соғыстан кейінгі жылдары өңіріміздің мал шаруашылығы саласында қажырлы еңбек еткен. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасын қабылдап, жағдайы төмен отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетіп жатқаны үшін Елбасымызға алғысым шексіз”, – дейді қария. 3 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алуға оның ұл-қыздары, немере-шөберелері түгел жиналыпты.

Бір бөлмелі баспанаға ие болған Фарид Жүсіпов ата-анасынан ерте жетім қалған. “Міне, бүгін көптен күткен арманым жүзеге асып, көңілім қуаныштан кемерінен асып тұр”, – дейді жүзі бал-бұл жайнаған жас жігіт.

Қуанышқа кенеліп, пәтер кілтін алған отбасылардың қатарында 5 жасар ұл тәрбиелеп отырған Черниевскийлер отбасысы да бар. Отағасы Евгений – бюджет саласының қызметкері, бүгінде Тайынша қалалық балалар өнер мектебінде бас есепші болып жұмыс істейді. 5 жылға жуық кезекте тұрған ол осы күнге дейін пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған.

Сондай-ақ Самат Сапарбекұлы Елбасының жас отбасыларды баспанамен қамту туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында аталмыш бағдарламаның “Жас отбасы” бағыты бойынша 24 пәтерлік жаңа үйден тайыншалық 4 жас отбасыға пәтер кілттерін табыс етті. Кең сарайдай үш бөлмелі пәтер кілттерін алғандардың бірі – Тайынша қалалық “Агробизнес” колледжінде алғашқы әскери дайындық пәні бойынша дәріс беретін Қайыр Қаппасов. 7 жылдық еңбек өтілі бар жас маман бағдарлама шеңберінде 2009 жылы пәтер кезегіне тұрған.

– Зайыбым Тайынша ауданы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасында қызмет істейді. Екі бала тәрбиелеп отырмыз. Халықтың қамын ойлаған Елбасыға, сондай-ақ тұрғын үй құрылысын үзбей бақылап отырған жергілікті басшыларға зор алғысымды білдіргім келеді. Өте қуаныштымыз. Үй кең екен, – дейді Қайыр Қаппасов.

Облыс әкімі Тайыншаға сапары барысында қалада жаңадан бой көтеріп келе жатқан 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы барысымен де танысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp