Облыс орталығының Абай және Алтынсарин көшелерінің қиылысына таман орналасқан Көркемөнер лицейін өнерді сүйетін адамдар “Әсемдік мекені” деп атайтынын мен осында қызмет еткен, есімі елімізге танымал суретші-линогравюрашы Василий Манзядан талай мәрте естіген едім. Қылқалам-ның әйгілі шебері осы мектеп ашылған күннен бастап оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарып, балдырғандарды әсемдікке, сурет өнеріне баулығанды.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бүгінде ашылғанына отыз алты жыл болған лицейде жаңа ұстаздар еңбек етеді. В. Манзя, сондай-ақ “Әсемдік мекенінің” алғашқы директоры Людмила Чиркалина тізгінді ұстаздардың жас буынына ұстатқан. Оқу орнын басқарып отырған Инна Рипачева лицейдің бүгінгі тыныс-тірлігімен танысуға келген маған сурет өнерімен айналысып жүрген шәкірттерінің жетістіктерін қуана айтып берді.
Лицейде бір ғана бөлімше бар. Ол – бейнелеу өнері бөлімшесі. Алайда, оның жанрларының ауқымы аса кең. Атап айтқанда, пейзаж, портрет, натюрморт, пастораль, кескіндеме, мүсін, графика, линогравюра, карикатура, шарж сияқты түрлері адам өмірі мен табиғатты, оның көріністерін бейнелеуді қамтиды. Демек, мұнда еңбек етіп, балаларды бейнелеу өнеріне баулитын оқытушылардың бейіндері де ауқымды болуы керек. Анығында, солай екен. Мысалы, қаланың жалпы білім беретін мектептерінің бес жүз елу оқушысы осында сурет салу қабілеттерін ұштайды. Оларды бейнелеу өнерінің аталған жанрлары бойынша он төрт ұстаз баулиды.
Әр ұстаз кем дегенде екі, яки одан да көп мамандықты меңгерген. Мысалы, суретші және педагог, соған қоса психолог мамандығын иеленген.
– Біздің лицейдің оқушылары осы 2013 жылдың өзінде ғана елуден аса көрмеге туындыларын ұсынды. Бұлардың ішінде қалалық, облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық көрмелер бар. Осы таяуда ғана біздің жас суретшілердің көрмесі Есіл ауданындағы Корнеевка ауылының Мәдениет үйінде ашылды, – деді оқу орнының басшысы Инна Рипачева.
Лицейдің бөлмелерін аралай жүріп, бір топ болып әртүрлі материалдардан түрлі ойыншықтар, әсемдік заттар жасап отырған балаларды көзім шалды. Екінші бір бөлмеде жас суретшілер ұстаздың көмегімен майлы бояумен табиғат көріністерін салып отырғанын байқадым.
Ал холдағы көз тартатын әдемі суреттер балалардың өздерінің туындылары екенін Инна Григорьевна түсіндіріп өтті. Бұл безендіруші оқушылардың еңбегі екен.
Жас суретшілер ұстаздарының көмегімен қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда мерейге бөленіп жүретінін де лицей басшысы тілге тиек етті. 2013 жылғы қыркүйек айында Дарья Путилова деген жас суретшінің “Демалыс күні” атты туындысы Карелияның Костамукша қаласындағы “Біз – көршілерміз” деген Халықаралық көрмеге жіберіліп, жоғары бағаға ие болған. Ал қазан айында Қазақстандағы Мәскеу патриархының өкілдігі ұйымдастырған көрмеде лицейдің бес шәкіртінің туындылары жоғары бағаланып, Мәскеудегі балалар шығармашылығының көрмесіне жолданған. Қараша айында Полина Старыгинаның суреті Литваның Клайпеда қаласындағы көрмеде жүлде иеленген. Желтоқсан айында Петропавлдағы Еуразия базары Жаңа жылға арнап өткізген суреттер байқауында он бір жасар Алина Әйкенованың туындысы екінші орынмен бағаланды. Лицейдің бірнеше оқушысы “Коперник” поляк ұлттық-мәдени орталығы мен облыстық бейнелеу мұражайы бірлесіп өткізген көрмеде бұл саладағы оқу орындарының арасында бірінші орынды жеңіп алып, жылды олжалы қорытындылауға қол жеткізген.
Осы дарынды балалар лицейді тамамдағаннан кейін жалпы білім беретін мектептерде таңдаған мамандықтарын қалай ма әлде сурет өнерін жүректеріне түбегейлі ұялата ма, бұл да бір маңызды мәселе ғой. Осы орайда олардың көбі суретпен сабақтас жоғары оқу орындарына түсіп, өнерлерін одан әрі ұштайтынына қанықтым. Бүгіндері лицей түлектерінің арасында Омбыда, Екатеринбургте, Санкт-Петербургте, Мәскеуде оқитындар бар. Сондай-ақ біраз түлектер Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында білім алуда.
Лицейдің бұдан біраз жылдар бұрынғы оқушыларының ішінен өңірімізге, елімізге белгілі қыл-қалам шеберлері шыққан. Атап айтқанда, Владимир Гачинский, Андрей Хасанов, Валерий Зубарев, Татьяна Ивашевская, Вера Имашбаева, Сергей Майстренко және басқаларды лицей ұжымы мақтан етеді және шәкірттеріне өнеге тұтады.
– Біз, үлкендер, балалардың жүрегіне бойлай білуге тиіспіз. Олардың өмірге көзқарасы ересектердікінен мүлде бөлек, танымдары өзгеше. Пәк, мөлдір, таза бұлақ секілді сезімдері сүйсінтеді. Олар зұлымдықтан, аярлықтан, жауыздықтан гөрі жақсылықты, жанашырлықты, бауырмалдықты бейнелеуге құмар. Көбі ертегілер әлемімен өмір сүруді ұнатады. Осы сезімді алдымен қағаз бетіне түсіргілері келеді. Осындайда ұстаз бала жанын ұға алатын психолог болуға тиіс. Сурет салғанда балаға орынсыз жөн нұсқамай, оның танымын, өмірге құштарлығын арттыруға жәрдемдесу қажет. Сондықтан іңкәрлік сезімді қастерлеу – парызымыз, – деді И. Рипачева.
Суреті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.