«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІЗДЕ БӘРІ ЖАҚСЫ”, – ДЕГЕНМЕН, жиналыс үстінде жәшікке салынған сауалдар жауапсыз қалды…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Воскресеновка ауылдық округінің әкімі Нұрлан Құсайынов есепті баяндамасында айтқандай, округ аумағындағы үш елді мекенде 1472 адам тұрады екен. Барлығы 491 үй болса, олардың 346-сы қосалқы шаруашылық ұстайды. Тұрғындардың көпшілігі 11 жауапкершілігі шектеулі серіктестікте, 28 шаруа қожалығында, 8 фермерлік шаруашылықта және 13 жеке кәсіпкерлікте еңбек етеді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының 20 мың гектардан астам егістік жері бар.

Кейбір ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңа техника, ал “В. Мукашев” шаруа қожалығы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 4 миллион теңге кредитке 21 бас қара мал сатып алыпты.

Нұрлан Мұқажанұлы тындырылған істерді атағанда Воскресеновка орта мектебінің терезесі жаңартылып, пластикалық терезелерге ауыстырылғанын және орталық қоныстағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өткенін де айтты. Оларға сәйкес түрде 26,7 миллион және 16,8 миллион теңге қаржы бөлінген. Жоғарыда аталған жұмыстарға “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 8 адам тартылыпты. Әрине, бұл тұрғыны көп ауыл үшін көп емес. Ал баяндамада округтегі жұмыссыздық жағдайы сараланып көрсетілген жоқ. Сондықтан атқарылған жұмыс ауқымына баға беру де қиын.

322 отбасы тұратын үлкен ауылда небары 88 баланың ғана мектепке баратыны ойландырады. Округте тұрғындардың әлеуметтік қорғалған санаттағылары көп. Қазір 210 зейнеткер, соның ішінде 33 жалғызбасты жан, 35 мүгедек және бір-бірден Ұлы Отан мен Ауған соғыстары ардагерлері бар. Олардың мұң-мұқтаждары бар ма, жоқ па – бұл туралы ештеңе айтылмады.

Әкім есебінде жыл ішінде жеке азаматтар мен заңды тұлғалардан түрлі мәселелер бойынша 105 өтініш түскенін айтты, ал шағым деген мүлде жоқ болып шықты. Расында да, солай болса, әрине, құптарлық жай. Алайда, жиналыс залында қойылған өтініш-шағымдар жәшігіне біздің көзімізше түскен екі сұрақтың тура осы жерде қаралып, жауабы берілмегені көңілге күдік ұялатады. Өтініш иесі бізге онда өзінің көшені жарықтандыру және Мәдениет үйіндегі спорт залын іске қосу мәселесін көтергенін айтты. Әкім оларды оқып, жұрт алдында жауабын бермеді. Кейін барып көргеніміздей, спорт залы жұмыс істеп тұр екен, ал көшеге шамдар ілу онша қиын шаруа емес қой.

Округ әкімінің есепті кездесулерінде тұрғындардан 6 өтініш түсіпті. Баяндамада айтылғандай, оның екеуі бірден бақылауға алынып, жүзеге асырылған. Атап айтқанда, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Искра ауылындағы дәрігерлік қосынға медициналық колледж бітірген жас маман Наталья Запорожец жұмысқа алынған. Сондай-ақ Воскресеновка ауылының қоқыс шығару орнын көшіру мәселесі де оң шешілген.

Жиналыс барысында залда қойылған микрофонға бір адам шығып, өз талаптілегін білдірген жоқ. Мінберге шығып сөйлеген “Воскресеновка” ЖШС-нің директоры Анатолий Старыгин, “Айбөбек” шағын орталығының меңгерушісі Алтын Өсіпова, мектептегі ата-аналар комитетінің мүшесі Наталья Мухай және мектеп мұғалімі Ольга Осадчая жергілікті әкімдік атына мақтау сөздерін жаудырды. Аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ерболат Бекшеновтің пікірінше, округ ауданда алдыңғылардың қатарында, сондықтан мұнда проблема аз көрінеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp