Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында “Мектеп түлектерін жұмыспен қамту және кәсіби бейімдеу жұмысы” тақырыбында жиын өтті. Бұл шара облыста алғаш рет ұйымдастырылды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
журналист.
Бүгінгі күні Аққайың ауданында кадр тапшылығы байқалады. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында 2013 жылы ауданда 105 ауылдық тұрғын қайта даярлау курстарынан өтіп, тек 65-і тұрақты жұмыс орнына орналастырылды. Қазіргі уақытта ауданда дәнекерлеуші, экономист, мұғалім, мал дәрігері жетіспейді.
Жиында 2013 жылы мектептен қанат қаққан түлектер жайлы да айтылды. Былтыр 100-ден аса оқушы аттестат алып, 60-тан астамы жоғары оқу орындарына түскен. Тағы 100-ден астамы колледждер мен кәсіби лицейлерге білім алуға аттанды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандарының айтуынша, оқуды тамамдаған жастардың көбі ауылға оралмайды. Десек те, Смирновода туған жерінде еңбек етем деушілер бар. Солардың бірі – Жандос Кенжетаев. Жоғары медициналық оқу орнын тамамдаған жас маман жекеменшік тіс кабинетін ашпақшы.
“Жоғары оқу орнын тамамдаған соң, туған ауылымда 4 жыл бойы кәсіби машығымды шыңдап, тіс дәрігері болып қызмет атқардым. Енді, міне, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы арқылы несие алдым. Әкімдік қолдап, кабинет берді. Жуық арада өзімнің кәсібімді бастаймын”, – дейді Жандос Кенжетаев.
Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын Райхан Иматаева да сезінді. Ол “Дипломмен – ауылға!” жобасы арқасында Көкшетау қаласынан келіп, Смирново ауылына қоныстаныпты. Мұнда “Балапан” бөбекжай-балабақшасына тәрбиеші болып жұмысқа орналасып, үй алған.
Жиын соңында аудан әкімі Қайрат Қасенов жұмыспен қамту мәселелері қатаң бақылауға алынатынын жеткізді. Жоғары оқу орны мен колледж арасында меморандум да қабылдануы мүмкін.