«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКЕЙІНДЕГІСІН АЙТҚАН ӘР ТҰРҒЫН өз сауалына нақты жауап алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Статистикалық экономикалық көрсеткіштерге толы баяндамалар халықпен кездесуге белгіленген уақыттың басым бөлігін зая кетіретіні рас. Мәселен, ауыл тұрғындарына ерікті түрде сұрақ қойғызатын болсақ, олардың ешбірі адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемін сұрамас еді. Өйткені, қарапайым халыққа сол есеп-қисаптың ең негізгілерін түсінікті түрде жеткізсе де жеткілікті. Тайынша ауданының әкімі Серік Салтықовтың қатысуымен өткен биылғы жылғы есепті кездесулердің өткізілу форматы бұрынғылардан әлдеқайда ерекшеленіп, ресми кездесу қарапайым сұхбат алаңына айналып, халық өзінің мұң-мұқтажын ешбір қысылмастан жайып салуда.

Айгүл ТӘШЕТОВА,

журналист.

Яснополян ауылдық округінің әкімі Владислав Галицкий Вишневка ауылының тұрғындары алдында есеп берді. Есепті кезеңде 38 адам жұмысқа орналастырылып, 21 тұрақты жұмыс орны құрылған. Қай салада болсын атқарылған істер елдің игіліне айналып отырғаны жарқын мысалдармен айтылды.

Ауылдық округтің учаскелік инспекторы Рүстем Кұлмағанбетов ауылдағы тәртіп мәселесі тиісті деңгейде шешілгендігін жеткізді. Тұрғындар округ әкімінің былтырғы жылғы жұмыс қорытындысын тыңдап, өз ұсыныстары мен ескертулерін жолдап жатты. Жиын барысында малдардың бос жүруіне тыйым салу, абаттандыру, жайылымдық жерді тиімді пайдалану, мектеп төңірегінде сұрақтар қойылды. Ауыл әкімінің айтуынша, алдағы уақытта малдардың бос жүруі, сондай-ақ басқа да кішігірім мәселелер жергілікті деңгейде шешіліп, әкімшілік айыппұл салынатын болады. Вишневка орта мектебінің құрылысы мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Жиынға қатысқан аудан әкімі ірі көлемдегі қаржыны қажет ететін мектеп мәселесіне тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұрады. Бұл жұмыс таяу уақытта кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Юзефа Хомич қаңғып жүрген иттер мәселесін көтеріп, туындаған бұл сұрақ ветеринария бөлімінің құзырында және назарында деген жауап алды. Жергілікті шаруашылық жетекшілері ауылдағы жол мәселесін оңынан шешкен.  

Осы күнге белгіленген есепті кездесудің екіншісі Ясная Поляна ауылында болып өтті. Ауылды көркейту, тазалық жұмыстары, білім, денсаулық сақтау салаларында жақсы жағдай қалыптасып отырған көрінеді. Бұл – жергілікті шаруашылықтар тарапынан көрсетілген көмектің айқын көрінісі. Осындай тіршілік кешіп жатқан шалғай округтердің тұрғындарын толғандыратын түйінді мәселелер кездесудің арқауына айналды. Ауыл әкімі баяндама барысында “Сыбаға” бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, өз шаруашылығын қолға алған қожалық иелерін өзгелерге өнеге етті. Сондай-ақ асылтұқымды мал өсірген шаруашылықтарға мемлекет беретін жеңілдіктерге, субсидияларға тоқталды. Ал ауыл тұрғыны Алексей Лабутин ветеринарлық дәріхана ашуға ниетті. Бұл мәселе бойынша алдымен жобалық-сметалық құжаттама дайындау қажеттілігі айтылды. Үй жануарларының паспортталуы, қаңғып жүрген иттерді аулау, балалардың жазғы демалыс орындарын ұйымдастыру төңірегіндегі сұрақтар жергілікті атқарушы билік орындарының бақылауына алынды.

* * *

Келлер ауылдық округінің жаңадан сайланған әкімі Ержан Жұмабаев халық алдында есеп берді. Округке қарасты Липовка ауылындағы 5 үйде 18 адам өмір сүреді. Әрине, олардың тұрмысы бірдей емес. Ауыл тұрғыны Галина Корман қолындағы тәрбиеленуші – ата-анасынан жетім қалған бала жуырда кәмелеттік жасқа толып, пәтер алуға құқылы болғандығын жеткізді. Бүгінде жасөспірімнің пәтер алу бойынша кезекке тұруы үшін қажетті құжаттар жинау барысында біршама қиыншылықтар туындап отыр екен. Аталмыш мәселе қатаң бақылауға алынып, жуық арада өз шешімін таппақ.

Кременчуг ауылында өткен кездесу барысында ауыл әкімі нәтижелі атқарылған біршама жұмыстарға тоқталып өтті. Жиын барысында өткен жылы атқарылған жұмыстар жан-жақты баяндалып, округте жүзеге асқан игілікті істер сарапталды. Жиынға қатысқан 76 ауыл тұрғынынан 5 сұрақ келіп түсті. Олардың қатарында абаттандыру, электр жүйесімен қамту мәселелері бар. Ауыл тұрғыны Валентина Глинко Кременчуг ауылына жақын арадағы наубайханалардан сапалы әрі бағасы да қолжетімді болатын нан өнімін тасымалдау бойынша көмек болса деген ұсынысын білдірді. Зейнеткер Николай Бутаковтың ауыл ішіндегі электр қуатының жеткіліксіздігі жайлы сауалына әкім:

– Алдағы уақытта жарық беру желісінің кемкетігі жөнделеді, бұл мәселе бақылауда, – деген жауап қайтарды.

* * *

Дәстүрлі есеп беру Большой Изюм ауылдық округінде де болып өтті. “Сыбаға”, “Жұмыспен қамту – 2020”, “Бизнестің жол картасы” мемлекеттік бағдарламалары аясында ауылда аз да болса жүзеге асырылып жатқан жұмыстар барысы сөз болып, ауыл әкімі Александр Скрипник алдағы уақыттағы жоспар-міндеттерімен таныстырып өтті. Күні бүгін ауылда “Қоғамдық кеңес” құрылып, аузы дуалы ардагерлер жұмыс істеп жүр. Ауыл қариялары кеңесіне басшылық ететін Ю.Мукановтың мектепті қысқы спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету қажет деген ұсынысына білім беру нысандары республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады деген жауап қайтарылды.

Жалпы өткен жылдың есепті кезеңінде округ аумағында қыруар шаруа тындырылған. Мәселен, Большой Изюм орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жолдар тегістелген, сондай-ақ жергілікті шіркеуге материалдық көмек көрсетілген. Округтегі бірнеше әлеуметтік нысан жөндеуден өткізілген. Кей ауылдарда қылмыстың көбейіп кеткені қынжылтады. Аудан көлемінде мал ұрлығы тыйылмай отыр. Есеп беру жиынына қатысқан Тайынша АІІБ бастығы А.Тастеміров ұрлық фактілерінің көбеюіне орай тұрғындарды қырағылық танытуға шақырды.

* * *

Бүгінде Тайынша қаласы тұрғындары қажеттіліктерінің артуы жергілікті атқарушы органдар алдына жаңа міндеттер қоюда. Оны есепті кездесу барысында келіп түскен сұрақтар легі растайды. Қала әкімі Мұрат Нұркенов өзінің есепті баяндамасында кәсіпкерліктің дамуына және тұрғындардың жұмыспен қамтылуына үлкен ықпал ететін “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасын одан әрі қолдауға шақырып, бұл салада қол жеткен табыстардан нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ әкім жыл бойы жұмыспен қамту, қолжетімді тұрғын үй, тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту, қаланы абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Кездесу барысында қала тұрғындарын қатты толғандырып жүрген қала ішіндегі автобус қозғалысы, №5 орта мектеп ғимаратының тарлығы, жол және жарықтандыру мәселелері тағы бір мәрте көтеріліп, басшылық тарапынан бақылауға алынды.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp