Кеше Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері “дөңгелек үстел” басына жиналып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауын талқылады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Рашбиль Евдаев Елбасының алғашқы Жолдауын тыңдағаннан бері талай реформаның жүзеге асырылғандығын жеткізді. Ол кездегі келелі мәселелер осы жылдар аралығында түбегейлі шешілгенімен, даму жолына түскен Қазақстанның алдында бүгін жаңа да биік міндеттер тұр. Осындай ойды тілге тиек еткен облыстық ассамблея мүшелері “Қазақстан – 2050” Стратегиясын орындаудың негізгі 10 тетігін жүзеге асыруда өз үлестерін қай бағытта қосатындықтарын талқылады. Олар, әсіресе, патриотизм тетігіне зор мән беріп отыр.
– Дамыған әрбір елде өзіндік патриотизм қалыптасқан. Осы орайда біз Қазақстанның болашақта дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін патриотизм сезімін насихаттауымыз керек. Осы күнге дейін бұл міндетті жүзеге асырып келген этнобірлестік мүшелері әлі де үлес қосуға әзір, – дейді “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрағасы Сағындық Салмұрзин.
Жамбыл ТАСЕМЕНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы.
Елбасымыз биылғы Жолдауында болашағымыздың тұтқасын мығым ұстауымыз үшін “Қазақстан – 2050” Стратегиясын қабылдағанын, қазіргі күндері осындай ұзақмерзімді жоспарлармен көптеген табысты мемлекеттер жұмыс істеп отырғанын атап айтып, бұл ретте Қытайды, Малайзияны, Түркияны мысалға алды. ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлаудың нөмірі бірінші ереже болып табылатынын нақтылап айтты. “Стратегия – ол күннен-күнге, жылдан-жылға еліміз бен қазақстандықтардың өмірін жақсарта түсетін нақты тәжірибе жүзіндегі істердің бағдарламасы”, – деді Елбасымыз.
Мұны біз күнделікті тұрмысымыздан айқын көріп отырмыз. Еліміз 22 жылдың ішінде қыруар істер тындырғанын білеміз. Оның айқын айғақтары өз өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуынан да аңғарылады. Атап айтқанда, 2013 жыл – “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асырудың бірінші жылы табысты тамамдалды. Ел аумағының 4 пайызын ғана алып жатқан біздің облысымыз жыл сайын республикада өсірілетін жоғары сапалы астықтың үштен бірін өндіретінін өңір басшысы Самат Ескендіров 2013 жылғы 6 желтоқсанда Астанада болған баспасөз конференциясында атап айтқан еді.
Еліміз өңірлердің өркендеуімен қуатты. Қазір облысымызда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар есебінен халыққа көрсетіліп отырған қызметтердің сапасы артуда. Ең алдымен бұлар маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғаны түсінікті.
Денсаулық сақтауды тұрақты дамытудың ел тұрғындары үшін маңызы зор. Бұл мәселенің Жолдауда айқын көрініс тапқаны қуантады. Мысалы, “Ал саламатты өмір салтын ұстану мен денсаулық сақтау саласын дамыту қазақстандықтардың өмір сүру жасын сексен жастан да асыруды қамтамасыз ететін болады”, – деп атап айтты Елбасы осы Жолдауында.
Елдің әрбір азаматын елжандылыққа, Отанды сүюге баулу – баршамыздың парызымыз. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу қиял емес, қолымыздан келетін нақты іс екенін мен жақсы пайымдаймын. Алдымызда дүниежүзілік маңызы бар зор міндеттер тұр. Оларды еліміз абыроймен еңсеретініне сенімдімін. Мысалы, “ЭКСПО – 2017” көрмесін алайық. Қазірдің өзінде оның нақты көріністері белгіленді. Оған арнап жоспар жасалып, барлық дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Астанада соған орай 38 осызаманғы қонақүй салынбақ. Басқа да нысандар бой көтереді.
Мен спортшы болғандықтан, бұл саладағы жетістіктерімізге айрықша қуанамын. Өңір тұрғындарының бұқаралық спортпен және дене шынықтырумен айналысуы жөнінен Қазақстан Республикасында төртінші орын алатынын мақтаныш етуге болады.
2011 жылғы жетінші қысқы Азия ойындарын абыроймен өткіздік, жалпы есепте жеңіске жеттік. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында мерейге бөлендік. Ал 2017 жылы елімізде Бүкілдүниежүзілік қысқы Универсиада өтпек. Бұлар Қазақстан Республикасының әлем таныған қуатты мемлекетке айналғанын дәлелдемей ме?!
“Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегінде еліне деген шексіз мақтаныш сезімін ояттық. Қазақстандықтар ертеңіне, елдің болашағына сеніммен қарайтын болды”, – деді Елбасымыз биылғы Жолдауында. Жүрегімізді Отанды сүю сезімі тебіренте бергей!
* * *
Бақытжан СӘМИЕВА,
облыстық Іскер әйелдер
қауымдастығының төрайымы.
Биылғы Жолдау негізінен “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асырудың бағыттарына арналған. Осы ретте алдымызға айқын мақсаттар мен межелі міндеттер қойылып отыр. Жаңа бастамаларды жүзеге асыру үшін күш-жігерімізді аямай, қолдан келгенше еңбек ету әрбір азаматтың басты міндеті болып табылады.
Кемел келешекке бастау болатын Жолдауда ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға көп мән берілген. Экономика, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салалары бойынша да түйінді ойлар айтылды. Саламатты өмір салтын ұстану мен денсаулық сақтау саласын дамыту қазақстандықтар үшін қаншалықты маңызды екендігі тілге тиек етілді.
2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы артады деген жағымды жаңалық та жастарымызды бір серпілтіп тастағандай болды. Ендігі жерде білім бұлағынан сусындар студенттер саны одан сайын көбейе түсер деген үміттеміз. Мемлекет жастар үшін осындай жағдай жасап отырса, неге оқымасқа?!
Зейнет демалысындағы қарт адамдарға да бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көптеген әлеуметтік көмектер көрсетіліп отыр. Жаңа жылдан бастап зейнетақы тоғыз пайызға жоғарылады. Бұл да егде тартқан адамдарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың бір көзі деп ойлаймын. Жас аналар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Оларға төленетін әлеуметтік жәрдемақы да көңілден шығарлықтай екеніне сенімдімін. Өз ісін дөңгелетіп, нәпақасын тауып отырған іскер әйелдерге де мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп отыр. Облыс бойынша қаншама қыз-келіншек мемлекет тарапынан ұсынылған мүмкіндікті пайдаланып, жеке кәсібін ашып, өзін ғана емес, басқаларды да жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ондай асыл жандарды әрдайым жастарға үлгі-өнеге етіп айтып отырамыз. Сегіз-тоғыз баласы болса да, қоғамдық іске белсене араласып жүрген әйел аналарымыздың саны аз емес. Керісінше, олардың жұмыс істеуге ерекше құлшыныс танытып отырғандығының өзі кемел келешекке деген нық сенімдерін көрсетпей ме?! Бүгінгі таңда алған асуларымыз олқы емес, бірақ әлі де шығар белестеріміз алда. Біздің ойымыз ортақ, мақсатымыз бір. Ол – Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына қосу үшін өз міндетімізді абыроймен атқарып, маңызды іске бір адамдай атсалысу. Әрқайсысымыз өз алдымызға қойған биік асуларды бағындырсақ, бұл Жолдаудағы талаптардың жүзеге асуына біздің де қосқан үлесіміз болып табылады.
* * *
Балахмет МОЛДИНОВ,
“Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалының директоры.
Қазақстан өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында бірқалыпты ілгері басып келеді. Мемлекет басшысы ұзақмерзімді Стратегиямызды күннен-күнге, жылдан-жылға еліміз бен қазақстандықтардың өмірін жақсарта түсетін нақты тәжірибе жүзіндегі істердің бағдарламасы, деп бекер атап отырған жоқ. Ол алдағы уақытта жалпы ішкі өнімдегі инвестиция көлемін қазіргі 8-18 пайыздан 30 пайызға дейін жеткізу керектігін атап айтты. Яғни, 2050 жылға қарай Қазақстан орташа мерзімде 4 пайыздық деңгеймен дамып отырса, онда алға қойылған мақсаттарға қол жеткізе алмақ. “Егер біз 5-6 пайыздық деңгеймен дамысақ, онда көздеген мақсат пен уақытты отыз пайызға жақындатамыз”, – деді Президент.
Сонымен бірге, Елбасы жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 5 есе арттырылып, қазіргі 13 мың доллардан 60 мың долларға жеткізілуін мақсат етіп қойды. Мемлекет басшысының пайымдауынша, “Қазақстан – 2050” Стратегиясы барлық саланы қамтитын және үздік өсімді қамтамасыз ететін жаңғырту жолы болмақ. Оны осы Жолдаудан терең сезініп отырмыз. Президенттің үстіміздегі жылдың экономикалық өсімі 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілуін талап етуі осындай зор мақсаттардан туындаса керек.
Жолдаудың басты лейтмотиві экономиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету арқылы Қазақстан халқының әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайларын жақсарту болғандықтан, ондағы бірқатар өзекті мәселелерге айрықша назар аударылған. Айталық, алдағы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 25 пайызға арттыру, 2016 жылдың 1 қаңтарынан студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға өсіру және келер жылдың шілдесінен бастап азаматтық қызметшілерге еңбекақы көлемінің жаңа моделін енгізу міндеттерін қойды.
Сонымен бірге тұрғындар тұрмысының басты көрсеткіші болып табылатын ел азаматтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі Елбасының бұрнағы жылғы Жолдауларындағыдай биыл да назардан тыс қалған жоқ. Осы бағдарламаны жүзеге асырушы қаржылық ұйымдардың бірі болғандықтан, мұндай мемлекеттік көзқарас бізді қанаттандыра түседі. Ел дамуының басты әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерінің бірі саналатын қолжетімді тұрғын үй құрылысын жүзеге асыруда біздің тұрғын үй-жинақ банкінің атқарып отырған жұмысы айтарлықтай. Өткен жылы өзімізге жүктелген міндеттерді толық көлемде абыроймен орындадық.
Атап айтқанда, осы бағдарлама бойынша барлық санаттағы азаматтар үшін 55 және 90 пәтерлік екі үй және жас отбасылар үшін 75 пәтерлік бір үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ Тайынша қаласында жас отбасы санатындағыларға 24 пәтерлік үй тұрғызылды. Ал биылғы жылы осы игі іс одан әрі қарқын алуда. Қазір Петропавлдағы “Береке” шағынауданында барлық санаттағылар үшін 45 және 93 пәтерлі екі үй және жас отбасылар үшін 126 пәтерлік алты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты облыстың Тайынша және Новоишимка сияқты ірі елді мекендерінде де қолжетімді тұрғын үй бағдарламасы бойынша бір-бір үйден тұрғызылуда.
Осындай игілікті істердің жемісін көріп отырған облыс тұрғындары оның жүзеге асырылуына жол ашқан еліміздің кең ауқымды Стратегиялық бағдарламасына қолдау білдіреді. Оған жаңаша серпін беретін Елбасының Жолдауын толық құптаймыз.
* * *
Гүлмира ЗЕЙНУЛЛИНА,
“Даму” кәсіпкерлікті
дамыту қоры” АҚ өңірлік
филиалының менеджері.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы өзекті қоғамдық мәселелер көтеріліп, оларды шешудің жолдары көрсетіліп, мемлекетіміздің даму стратегиясы тағы да ілгері жылжыды. Мемлекет басшысы елдігіміздің тұғырын биіктете түсу үшін, халқымыздың ауқатты да саламатты тұрмысын нығайту үшін қазақстандықтарды ортақ іске жұмылдырып, әрі қарай да бір мақсат, бір жол, бір болашақты көздеуге шақырды.
Бұл маңызды құжатты биыл да ұжым болып тыңдадық. Ондағы айтылған мәселелерді санамызға түйіп, жүрегімізбен ұғынуға тырыстық. Біз кәсіпкерлікті дамыту жолында еңбек етіп жүргендіктен, басты назарымыз осы бағытқа ауды. Орта және шағын кәсіпкерлікті ел экономикасының қозғаушы күші деп санайтын Елбасы биыл да кәсіпкерлікке аса зор мән беріп: “Шағын және орта бизнесті дамыту – XXI ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы”, – деп мәлімдеді. Бұл, әрине, кәсіпкерліктің өрісі былтырғыдан да кеңейе түсетінін аңғартады.
Орта және шағын бизнес субъектілерінің қатары жылдан-жылға көбеюде. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің тетіктері жаңғыртылып, олар бизнес жолымен табыс табудың тиімділігін ұғумен қатар, өздерінің қоғамдағы рөлін сезініп, бойларындағы азаматтық рух асқақтай түсуде. Сондықтан Елбасының биылғы Жолдауындағы айтылған әр сөз іскер жандардың жүрек түпкірінен орын табады деген сенімдемін.
* * *
Юлия МАРКОВА,
журналист.
Бұл жолғы Жолдауда еліміздің дамуына әсер ететін барлық салалар бойынша жеткен жетістіктеріміз айтылып, нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе, Елбасы мемлекеттік тілге қатысты нақты ойлар айтты. “Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, Интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді”, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Шынында да, қазір қазақ тілін жетік меңгергендердің қатары көбейе түсуде. Бұған отбасы да, балабақша да, орта мектеп те, жоғары оқу орындары да зор үлес қосуда. Бұған өзімнің жүріп өткен жолым дәлел бола алады.
Мен Қызылжар ауданының Озерный ауылындағы орта мектепте оқып жүргенде-ақ ұстаздарым Баян Сағындықова мен Зейнеп Тәнібаеваның арқасында қазақ тілін белгілі деңгейде меңгердім. Ал М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде “Ағылшын тілі мұғалімі” мамандығы бойынша білім алғаннан кейін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығына оқуға түстім.
Бүгінде мен – 3 тілді жетік меңгерген маманмын. Бұл білгенімнен ұтпасам, ұтылған жоқпын. Естеріңізде болар, өткен жылы Президентіміз “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек”, – деген еді. Бұл тапсырма қарқынды жүзеге асырылып жатқандығын үштілді ұрпақтың өсіп келе жатқанынан көруге болады. Өзге тілдің бәрін білген қазақстандықтар қазақ тілін алдымен үйренуі тиіс деп ойлаймын. Мұны Елбасымыз биылғы Жолдауында мына бір сөзімен түсіндіргендей болды: “Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн”.