«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР МАЛҒАЖДАРОВ АТЫНДАҒЫ ҚОР жас спортшыларға қолдау көрсетпек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы “Есіл” мейрамханасында жас спортшыларға қолдау көрсетуді көздейтін Қайсар Малғаждаров атындағы қайырымдылық қорының таныстырылымы өтті. Әуе апатында қаза тапқан белгілі жерлесіміз, Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің “Алматы” кеден бекеті бастығының міндетін атқарған полковник Қайсар Малғаждаровты еске алуға арналған шараға оның әріптестері мен туған-туысқандары қатысты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Естеріңізде болса, қайғылы оқиғамен басталған 2013 жылдың 29 қаңтарында “SCAT” әуе компаниясына қарасты “Challenger-200” ұшағы Алматы қаласының түбінде апатқа ұшыраған еді. Аталмыш апатта қаза болған 21 адамның ішінде кеден қызметiнiң полковнигi Қайсар Малғаждаров та болған еді.

Игі шара басталмас бұрын 44 жасында ажал құшқан асыл азаматтың өмірінен сыр шертетін суреттер көрмесі мен бейнефильм көрсетілді.

Шара барысында сөз алған қор төрағасы Олег Иванов, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин және облыстық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Төлеп Балғынбаев марқұм туралы естеліктер айтып, қайырымдылық қордың маңыздылығына тоқталды.

– Қайырымдылық қордың спортшы балаларға көп көмегі тиетініне сенімдімін. Қайсар спорт десе ішкен асын жерге қоятын. Ол көптеген сайыстарға қатысып, әрдайым биіктен көрінетін еді, – деген Төлеп Балғынбаевтың айтуынша, біраз жыл жергілікті кеден қызметін басқарған Қайсар Малғаждаровтың өзі де көзі тірісінде саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөліп, жас кезінде еркін күрестен спорт шебері атанған.  

Шарада көңілі босап, көзіне жас алған марқұмның апасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Сәмиева қордың арқасында өңір спортшыларына барынша қолдау көрсетілетіндігін атап айтты.

Таныстырылым соңында өңір атынан республикалық және әлемдік чемпионаттар мен сайыстарда топ жарған спортшылар марапатқа ие болды. Атап айтқанда, спорттық акробатикадан спорт шебері, 12 жастағы Анастасия Бейсембаева, бокстан спорт шеберіне үміткер Евгений Павлов және жүзуден спорт шеберіне үміткер Тимур Қайыровқа 50 мың теңгенің сертификаты мен Бақытжан Сәмиеваның “Алтын бесік – Моя семья” кітабы табысталды.

Сондай-ақ қайырымдылық жәшігі қойылып, өңір спортшыларына қолдау білдіремін деген қолы ашық жандардан демеушілік қаражат жиналды.

Суретті түсірген

Фархат ТАСТАМБЕКОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp