Достық үйінде “Солтүстік Қазақстан облыстық орыс қауымы” мен “Дуслык” облыстық татар-башқұрт орталығы” қоғамдық бірлестіктері және облыстық бейнелеу өнері мұражайының ұйымдастыруымен жерлес суретші, ақын Тимур Азизлярды еске алу кеші өтті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Саналы өмірін өнерге арнаған дарынды суретші Соколовка ауылында дүниеге келген. Суретке деген әуестігі бала кезінен байқала бастаған. Әскери борышын өтеген соң Кунгур көркемсурет училищесінде суретші-тастескіш мамандығы бойынша білім алады. Еңбек жолын ПАМЖЗ-да шекуші қызметінен бастайды. Куйбышев атындағы зауытта техник-құрылымдаушы болып та қызмет етеді. Облыстық мұражайлар бірлестігінде де жемісті жұмыс істейді. Облыстық бейнелеу өнері мұражайында ғылыми қызметкер болған тұсында шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік туады. Ол тарих пен мәдениетке аса қызығушылық танытатын. Көне, сирек кездесетін заттарды жинаумен де айналысатын. Тіпті, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, Петропавлдағы алғашқылардың бірі болып сирек кездесетін заттар дүкенін де ашқан.
Оның суретші, ақын ретінде қалыптасуына анасы Элеонора Ивановна зор үлесін қосты. Анасының арқасында Тимур Азизлярдың “Нити света” атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Көзі тірісінде өлеңдері оның досы, журналист Александр Яремчуктың көмегімен газет-журналдарға басылып тұрды.
Пейзаж, фентези бағыттарында салған суреттері де көптеген көрермендерге таныс. Әсіресе, қазақ халқының фольклорына терең бойлаған суретшінің “Күй”, “Батырлар шайқасы”, “Маралдар” сынды туындылары бар. Іс-шараға орай суретшінің “Түнгі ұшу”, “Серуен”, “Күзет”, “Төбелер”, “Ренжіген періште” және басқа туындылары шағын көрмеге қойылған. Өткен жылы дүниеден өткен суретшіні еске алуға келгендер оның адами құндылықтары мен шығармашылығын сөз етті.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.