Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың төрағалығымен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында өткен “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға арналған өңірлік үйлестіру кеңесінің жаңа жылдағы алғашқы отырысында 5 ұжымның банктен алған кредиттерінің сыйақысын қаржыландыру жөніндегі өтінімдері қаралды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавлдағы жеке кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Сайран Хамзин басқаратын “Черная кошка” дәмханасы” ЖШС-де 35 адам еңбек етеді. Аталмыш құрылым тамақ және жартылай дайындалған өнім өндірумен, демалыс және басқа күндері қысқа мерзімде тұру үшін пәтерлер қызметін көрсетумен, сусындар ұсынумен айналысады.
Кәсіпорын “Тамақ және жартылай дайындалған өнім шығаруға арналған өндірістік цехты орналастыру үшін жылжымайтын нысан сатып алу” жобасын жүзеге асыруда. Осы мақсатта “БанкЦентрКредит” АҚ-дан 14 пайыздық үстемеақымен кредит алып, жаңа өндіріс цехын ашуға бағыттаған. Серіктестік 14 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.
Өңірлік үйлестіру кеңесі 3 жыл бойы кәсіпкерге бюджеттен 1,275 млн. теңгені қайтару туралы шешім қабылдады. Енді ол банкке 3 жыл бойы кредиттің 7 пайыздық сыйақысын ғана төлейтін болады.
Облыс орталығында белгіленген жоспар бойынша тұрғын үй құрылыс комбинаты (ТҚК) жобасы қолға алынып отыр. Оны Александр Кондратов басқаратын “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС 139 адам еңбек ететін “Единство” кәсіпорны базасында жүзеге асырып жатыр. Жобаның жалпы құны 891 млн. теңгені құрайды. “БТА банк” АҚ-дан 12,5 пайыз үстемеақымен алынған кредит “Единство” ЖШС-нің жарғылық капиталы үлесі мен автокөліктерін сатып алуға жұмсалған.
Александр Кондратовтың айтуына қарағанда, ТҚК іске қосылған кезде 26 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінгі күні “Единство” базасында өндіріс орындарын қайта жаңғырту, Қазақстанда әзірше теңдесі жоқ шетелдік желілерді орнату мен іске қосу жұмыстары қызу жүргізілуде. Зауыттың алғашқы өнімдері биыл сәуір-мамыр айларында шығарыла бастамақ.
Кәсіпорын басшысының 3 жыл бойы кредиттің 5,5 пайыздық сыйақы ставкасын бюджеттен жәрдемқаржыландыру туралы өтінімі қанағаттандырылды. Ол 102 млн. теңгені құрайды. Кәсіпкер енді банкке 3 жыл бойы кредит үшін 7 пайыз сыйақы ғана төлейтін болады.
“Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС “Жаңа піскен ұн, нан-тоқаш және кондитер өнімдерін өндіруді жаңғырту” жобасын жүзеге асыруда. “Қазақстан Халық банкі” ЖШС-нен 14 пайыздық үстемеақымен алынған кредит құрал-жабдықтар алу, жылжымайтын нысандарды қайта құру мақсатына бағытталған. Жобаның жалпы құны – 93 млн. теңге.
Өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері 48 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің 3 жыл бойы банкке төлейтін 5,8 млн. теңге көлеміндегі пайыздық сыйақысын бюджеттен төлеу туралы өтініміне қолдау көрсетті.
Облыс орталығындағы “Нан-инвест кондитер” ЖШС 55 түрлі ұн және кондитер өнімдерін шығарумен айналысады. Бұл серіктестік те 48 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Аталмыш кәсіпорын да алдыңғы серіктестіктей “Жаңа піскен ұн, нан-тоқаш және кондитер өнімдерін өндіруді жаңғырту” жобасы бойынша жұмыс істеуде. “Қазақстан Халық банкі” ЖШС-нен 13,5 пайыздық үстемеақымен алынған кредитті құралжабдықтар алу, жылжымайтын нысандарды қайта құру мақсатына жұмсауда. Кәсіпкердің 3 жыл бойы банкке 5,76 млн. теңге көлемінде төлейтін 6,5 пайыз сыйақысын бюджет қайтаратын болады.
Жеке кәсіпкер Наталья Шестакова “TransForMan” ЖШС құрамында автокөлікпен жүк тасымалдаумен айналысады. “Автокөлікпен жүк тасымалдау саласында қызмет көрсету аясын кеңейту үшін жүк көлігін сатып алу” жобасын іске асырып жатқан Наталья Николаевна “Forte Bank” АҚ арқылы бөлінген кредитті негізгі қаражаттарды сатып алуға және айналма қаражаттарды толықтыруға жұмсаған.
Өңірлік үйлестіру кеңесі мүшелерінің шешімімен кәсіпкерге 3 жыл бойы 20,6 млн.теңге көлеміндегі банк сыйақысы бюджет арқылы қайтарылады.