Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры облыстық
филиалының менеджері.
“Даму” қорының жанында жұмыс істейтін кәсіпкерлікті қолдаудың оңтайлы орталығы (бұдан әрі – КҚОО) 2013 жылы облыс аудандарында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының және мемлекеттік қолдаудың басқа да тетіктерінің шарттары бойынша ақпараттандыру жөніндегі жұмыстардың қорытындысын шығаруда. Аталмыш орталықтың облыс, аудан орталықтары мен ауылдық округтеріне ай сайынғы сапарлары 15 мамырдан 18 қазанға дейін жалғасты. Осы мақсатты сапарларға КҚОО құрамында “Даму” қорының кеңесшілерінен басқа, сол сияқты ауылдағы бизнесті дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып жатқан басқа ұйымдар мен банктердің өкілдері де қатысты.
Өткен кезеңде КҚОО кеңесшілері ауыл тұрғындарына “Даму” қоры және “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламалары бойынша мемлекеттік қолдау алудың шарттарын түсіндірді. Оған қосымша “ҚазАгроФинанс” АҚ, “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ және “Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры” АҚ арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шарттары таныстырылды, сонымен бірге бизнесті ұйымдастыру мен жүргізудің жалпы мәселелері бойынша түсінік беру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы жыл ішінде 515 шағын және орта бизнес өкілі мен жеке тұлғаларға кеңес берілді. Оңтайлы орталық қызметкерлері өткен жылы барлығы 77 рет аудан орталықтарында және 24 рет ауылдық елді мекендерде түсінік беру кездесулерін өткізді.
“Өз ісін жаңа бастаған кәсіпкер қалай кредит алуына болады? Мемлекеттік грант алу үшін қандай талап қойылады? Ауыл шаруашылығы техникалары лизингінің қандай шарттары бар? Қор кепілдігін қалай алуға болады? “Бизнестің жол картасы – 2020” бойынша шетелдік тәжірибеден өтуге қалай баруға немесе шетелдік сарапшыны қалай шақыруға болады?”. Ауылдықтар орталықтың кеңесшілеріне көбінесе осындай сұрақтар қояды. Енді КҚОО-ның арқасында бизнесті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша сұрақтарға жауап алу үшін қалаға барып, уақыт кетірудің қажеті жоқ.