Юрий ШОЛЬ,
Есіл ауданындағы “Прометей-Агро” ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.
– Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға баса назар аударып келеді. Биыл да жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек, деп атап айтты. Бүгінгі күні агроқұрылымдарды кәсіби мамандармен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Елбасы Жолдауында оған да жете көңіл бөлінген.
Мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында техникамызды 100 пайыз жаңарттық, жеңілдетілген бағамен жыл сайын жанармай, тыңайтқыш алып келеміз. Мал шаруашылығы да қолдаудан кенде емес. Соның арқасында шаруашылығымыз 10 жылдан бері орта есеппен әр гектардан 18 центнерден өнім алуға қол жеткізді. Бес жылдан бері майлы дақылдар егумен айналысамыз. Серіктестіктегі шағын наубайханамыз жылына 100 тонна нан өндіреді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 85 мың теңгені құрады. Олар жыл қорытындысы бойынша 13-ші жалақы алады. Заградовка ауылындағы әлеуметтік нысандарға серіктестік тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. Мектеп оқушыларына хоккей кортын салып, спорт киімімен қамтамасыз еттік, орта мектепті күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалық-сметалық құжат жасаттық. Мәслихат депутаты ретінде осындай қолдауды алдағы уақытта да жалғастыратын боламын.
Татьяна МУРЗАКОВА, Ш.Шақшақбаев атындағы тірек-қимыл қозғалысы зақымданған балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры.
– Елбасы биылғы Жолдауында: “Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс”, – деп атап айтты. Бұл тұрғыда өңірімізде жасалып жатқан шаралар аз емес. Оған 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мектеп-интернатымызды мысалға келтіруге болады. Аталмыш мекемеде облыс әкімінің қолдау көрсетуімен барлық жағдай жасалған. Бүгінгі күні оқу орнында мүмкіндігі шектеулі 48 бала білім-тәрбие алып жатыр. Бізден білім алып шыққан 13 бала соңғы жылдары еңбекке орналасты. Олар үшін облыс орталығында кедергісіз орта құру жұмысы жүргізілуде.
Ермек ӘБДІРИМОВ,
облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері.
– Жолдауда саламатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырады делінген. Оның 20 пайыздайы денсаулық сақтау қызметкерлеріне байланысты. Дер кезінде медициналық тексерістен өтіп тұру да өз нәтижесін береді. Ол үшін денсаулық сақтау мекемелерінде барлық жағдай жасалған. Өңірлерде Кардиологиялық орталықтар жұмыс істейді. Емдеу мекемелерінің базасы нығаюда. Алдағы уақытта облысымызда 4 емхананың құрылысы аяқталмақ. 2015 жылғы 1 шілдеден бастап денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысы 28 пайызға артпақ, әлеуметтік пакеттері қайта қарастырылмақ. Мемлекеттің осындай қолдауының арқасында жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуді жақсарта түсетін боламыз.
Нелли КУКУШКИНА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.
– Президентіміз шағын және орта бизнесті дамытуға үнемі көңіл бөліп келеді. Биылғы Жолдауда да ол басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылған. Кәсіпкерлікті белсенді ете түсу үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек те аз емес. Оны біздің өңірден де байқауға болады. Бүгінгі күні облысымызда кәсіпкерлер палатасы жұмыс істейді, сараптама кеңестері құрылды, ол аудан оралықтарында да жүзеге асырылмақ.
Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіреміз десек, бәсекелестікке төтеп бере алатындай болуымыз керек. Заман талабы – осы.
Қайрат КӨШЕКОВ,
М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің профессоры,
техника ғылымының докторы.
– Қазіргі уақытта университетімізде құрылған ғылыми-техникалық парк аясында 15 жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілу үстінде. Оны Білім және ғылым министрлігі қаржыландырады. Өткен жылы қаржыландыру көлемі 124 миллион теңгені құрады.
Бүгінгі күні университетте инновациялық астық сақтау қоймасын жасауға арналған ғылыми жұмыс жүргізілуде. Оның тәжірибелі үлгісін іске қосу биылға жоспарланған. Инновациялық компьютерлік аспаптарды және сигналдар мен мәліметтерді зияткерлік өңдеу технологиясы жүйесін құруға арналған ғылыми зерттеу де – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Бұл – университетімізде жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстарымыздың бір парасы ғана. Жолдауда көрсетілген қолдаудың арқасында ғылыми зерттеулеріміздің тиімділігі артатындығына сеніміміз мол.
Еркін БАЗАРХАНОВ,
Тимирязев ауданының әкімі.
– Мемлекеттік институтты жетілдіруге байланысты былтырдан бастап жергілікті әкімдерді сайлау енгізілді. Оларға қойылатын талаптар күшейтілді. Бүгінгі күні ауданымыздың 24 елді мекенінде жергілікті әкімдердің есебі өтуде, ақпан айында 16 округте аудан әкімінің есебі тыңдалады. Осындай жиындарда көтерілген мәселелерді шешу – біздің міндетіміз.
Гүлмира КӘРІМОВА,
Петропавл қалалық Білім бөлімінің басшысы.
– Болашаққа деген біздің жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашу үшін жаңа мүмкіндіктердің құрылуымен байланысты. Мұның негізі – дамыған ғылым. Болашақта шұғыл және мультимедиалық, нано және ғарыш технологияларын, робот техникасын дамыту, болашақ қуатын іздестіріп ашу, дер кезіндегі талап деп білеміз. Мәселен, қалалық классикалық гимназияда, қазақ мектеп гимназиясында, №6 орта мектепте робот техникасы үйірмесі екінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді., “ЭКСПО – 2017” балалар көзімен”, “Ғылымға – мектеп табалдырығынан”, “Леro- edication-инстаграмм” халықаралық сайыстарында оқушылар бірінші орын иеленіп, грант жеңіп алды.
“Біз әлемді ашамыз” атты халықаралық ғылыми жобалар сайысында астрономия, физика бағыттарында қаламыздың төрт оқушысы жүлделі орындарға қол жеткізді. Дәл осындай жетістіктер мектеп түлектерінің Назарбаев Университетіне, қазақстандық және шетелдік беделді жоғары оқу орындарына ойдағыдай түсуіне және оны абыройлы аяқтап шығуына мүмкіндік береді.
Чингиз КУРБАНОВ,
әзірбайжан мәдени орталығы төрағасының орынбасары.
– Өңірімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыс тұрады. Олардың тең дәрежеде өмір сүруіне ешқандай кедергі жоқ. Оны ұлттық жаңғыру мектебінде оқып жүрген оқушыларымыздың республикалық сайыста екінші, облыстық олимпиадада бірінші орын алғанынан да байқауға болады.
Екатерина ЖУКОВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің 2-курс студенті.
– Бүгінгі күні елімізде 3 тілді сүйетін ұрпақ өсіп келеді. Олардың жан-жақты дамуы үшін қажетті жағдай жасалуда. 2016 жылы 1 қаңтардан бастап шәкіртақыны 25 пайызға өсіру жөніндегі Президент тапсырмасы – бізге көрсетіліп отырған зор қамқорлық. Сонымен бірге “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыруда жастарға зор сенім артылып отыр. “Дипломмен – ауылға!”, “Жасыл ел” бағдарламалары – жастардың жұмысқа орналасуы үшін жасалып отырған жағдай.