«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІНІҢ МӘНІ мен МАҢЫЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қасымхан ИСАЕВ,

“Қызылжар” орталық

мешітінің наиб имамы.

Араб тілінен аударғанда “дүниеге келген күн” деген мағына беретін Мәуліт – Алла тағаланың ең сүйікті пендесі, Адам атадан басталған пайғамбарларымыздың соңғысы – хазіреті Мұхаммедтің дүниеге келген күнінің атауы.

Жалпы Мәуліт мерекесін атап өту алғаш рет 909 жылы Мысырда басталған. Ал ол 1207 жылдан бастап ресми түрде атап өтіліп, бұл мереке XVІ-XVІІ ғасырларда Осман империясының ресми мейрамы болып бекітілген. Мәуліт мерекесі біздің елімізде де біраз ғасырдан бері атап өтіліп келе жатыр.

Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) – күллі жаратылыс пен бүкіл адамзаттың ең асылы, ең қайырлысы, ең ардақтысы. Ол Хақ тағаланың барша ғаламға жіберген рахымы мен мейірімі. Алла тағала Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы күллі адамзатқа қараңғылықтан жарыққа шығатын жолды нұсқады. Адасушыларды тура жолға салып, иман нәрімен сусындатты. Пенделерін ізгілікке бөлеп, мына жалғанның алдамшы екенін ұқтырып, ақиретке деген сенімін күшейтті. Құран Кәрім арқылы ақиқат жеткізіп, күпір мен иманның аражігін ажыратып берді. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) бүкіл адамзат, ізгі жандар ғасырлар бойы зарыға күткенді.

Пайғамбарымыздың көркем мінезі, өнегелі өмір жолы – баршамызға да үлгі. Ал оны (с.ғ.с.) жақсы көру өмірін жете танудан, Құран аяттарын терең зерделеуден, Жаратушымыздың әмірін қалтқысыз орындауға деген ынта-құлшыныстан туады. Соңғы елшіні жақсы көру ойсанаға ізгілік құйып, бойда құрметті қалыптастырады. Өзінің мұсылман үмбеті екенін, ал пайғамбардың үмбетке жолбасшы екенін ұққан адам өз жүріс-тұрысын соларға қарап түзей бастайды. Адамзатқа ұстаздық ету үшін жіберілген жанның ізінен ергендер түбі Хақ тағаланың разылығына кенеледі. Осы себепті әр жылы рабиүл-аууәл айында әз Пайғамбарымыздың Мәулiтiн мерекелеп, Алла тағала өзiнiң сүйiктi пайғамбары Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметi етiп жаратқанына жамағат болып шүкiрлер мен салауаттар айтып, осы айды мереке ететін ғұрпымыз бар.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Алланың соңғы әрі ең абзал пайғамбары екені шындық. Оның (с.ғ.с.) мінезі туралы мынадай хадис жеткен. Имам Мүслiм (р.а.) риуаят еткен хадисте: “Айша анамыздан Сағад ибн Һишам (р.а.):

– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әдеп-ақлағы, мінез-құлқы туралы айтыңызшы? – деп сұрады. Айша анамыз (р.а.) Оған:

– Сен Құран оқымайсың ба? – дедi.

– Әрине, оқимын, – дейді әлгі сахаба.

Сонда Айша анамыз:

– Олай болса, Расулуллаһтың әдеп-ақлағы, мінез-құлқы Құран едi”, – деп жауап берді” делінген.

Жалпы, әдеп-ақылақ, мінез-құлыққа Ислам үлкен тақырыптар арнаған. Қасиетті Құранның негізгі мақсаттарының бірі – адамды әдеп-ақлаққа, көркем мінезділікке тәрбиелеу. Қасиетті Құранда дәріптелген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойынан табылған ізгі қасиеттер адам бойына өз-өзінен қона қоймайды. Керісінше, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері, сүннеттері, сипаттары, ахлақтары Расулаллаһқа (с.ғ.с.) қатысты әрбір мағлұматтарды және қасиетті Құранды көңіл қоя оқып түсінумен, ізденумен, үйренумен, әрекет етумен адам бойына қалыптасады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы оқымаса, Алла елшісінен қалай өнеге алады? Шариғатты қалайша үйренбек? Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сүйіспеншілігі қалай оянбақ? Ал мұның бәрін мұсылмандар білуі тиіс. Алла тағала қасиетті Құранда пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үлгі алуға, ол кісіге бойсынуға әмір еткен.

“Расында, сендер үшiн, Алладан да, ақирет күнiнен де үмiт еткендер және Алланы көп еске алатын кiсiлер үшiн, Алланың елшiсi (Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарда) көркем өнегелер (үлгілі қасиеттер) бар” делінген “Ахзаб” сүресi 21-аят.

Хадис шарифте: “Сiздердiң ешқайсыларыңыз менi өз балаларынан, ата-анасынан және барлық адамдардан артық көрмейiнше, иман келтiре алмайсыздар (имандарың кәміл болмайды)” деген. Сондықтан өзін мұсылманмын деп санаған әрбір еркек пен әйелге, жас пен кәріге бірдей пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірбаянын, мінез-құлқын дұрыс білуі уәжіп. Бұл өз-өзінен бола бермейді. Керісінше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттері, сипаттары, ахлақтары ол кісіге қатысты әрбір мағлұматтарды ерекше көңіл қойып оқумен, ізденумен іске асады. Қазақ тілінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны керемет бейнелеген кітаптар аз емес. Солардан “Ибн Хишам”, “Адамзаттың асыл тәжі”, “Мұхаммед пайғамбар” деген кітаптарды оқу қажет.

Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) үлгі тұтуда сахабалар өзінен кейінгі мұсылмандардың баршасына үлгі болды. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінің әр сәтін, әрбір әрекеті мен шешімін жақсы білген, көзімен көрген. Әуелі Мәуліт жырларын жаттаған топтар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні қарсаңында жамағат білсін деген оймен Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір тарихынан хабар беретін салауаттар айтылсын деген ұсыныс болды. Кейінгілер сахабалардан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы сұрап біліп отырған. Одан кейінгілер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы кітаптардан оқып, үйренген. Содан үкім шығарып өмір сүрген. Оқыған, білген нәрсесін басқаларға айтып, дағуат жасаған.

Табаға табиғиндер заманының соңына келгенде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сипаттары, өмірі және тегі сол сияқты мәліметтерге толған “Сияр ан набия” атты кітаптар өмірге келген. Пайғамбарымыздың (сира) ол кітаптарда тегі, туылуы, балалық шағы, ер жетуі, үйленуі, пайғамбар болуы, дене пішімі, мінез-құлқы, сол сияқты істеген істері, барлығы толық тәртіппен жазылып, ондағы әрбір мәліметті кітап жазған адам қайдан алғанын, кімнен естігенін, оған кім куә болғанын зерттеп, мұқият жауапкершілікпен қағазға түсірген. Сол заманда жазылған кітаптар бүгінге дейін жетті. Мұсылмандар сахабалардан кейінгі дәуірлерде қасиетті Құранның мағынасымен бірге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын да оқып үйренді. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғұмырынан хабардар болған адам Құран Кәрім мен хадис-шәріптерді дұрыс амалға асыра біледі. Сөйтіп өткеннен өнеге, өрнек алады. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзіне үлгі етіп өмір сүреді. Осыдан бұрынғылардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббаттары ерекше болған. Сүннеттерін қалдырмай оқыған. Бірақ, заман өткен сайын дәуір жаңаланып, мұсылмандар көбейді. Арабтардан басқа түрлі дін мен пәлсападағы халықтар да Ислам дінін қабылдады. Сонымен қатар адамның өмірі қиындай бастады. Бала-шаға бағу үшін, тіршілік қамы үшін, жақсылап өмір сүру үшін еңбек ету еселей артты. Том-том кітаптарды отырып оқу, ондағы мәліметтерді үйреніп, өз бойына сіңіріп алу әрбір кісіге нәсіп болмай қалды. Осыдан бірте-бірте мұсылмандар жамағаты қарапайым халық ішінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын, мінез-құлқын оқып, үйренуден шеттеп қалды. Адамдар бара-бара өз пайғамбарлары туралы мәліметтерден қашықтай бастады. Әрине, бұл өкінішті жағдай көп ғұламаларды, басшыларды ойға қалдырды. Кейбіреулер оған шара іздеді. Сол ғасырларда Иракта әмірлік еткен Тарғұлбек атты әмірдің бұйрығы бойынша өз заманының көрнекті ғұламаларының басшысы Әбу Шуама бір ұсыныспен шықты. Ол ұсыныстың мақсаты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тегі мен өмірбаянын халыққа таныстыру үшін оңтайлы жолды ойлап табу болатын. Ол – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы жазылған тарихи кітаптар негізінде өлең мен жазу еді. Сондай қысқа да нұсқа көркем мағыналы өлеңдерді Мәуліт айында барынша насихаттау қажет болды. Содан ұсыныс қабылданып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғұмырына арналған дастандар көптеп жазылды. Бұл өлең шумақтарын халықтың жатқа оқуы жақсы үрдіске айналды. Сол өлеңдердің атын халық “Мәуліт” деп атап кетті. Көбіне біз “мәуліт” дегеннен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін түсінеміз. Бірақ негізінде, бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі туралы айтылатын өлеңге қойылған ат. Өлеңдетіп айту адамдарға, әсіресе, арабтарға өз әсерін тигізетін ұтымды әдіс болды. Осылайша мәуліт атты өлеңдерді адамдарға оқып бергенде, олар аз уақыт ішінде Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығы туралы түсініктері кеңіп, тереңдей бастады. Әрі мәуліт өлеңдерін жаттап алу оңайға түсті (www.kerekinfo.kz, Б.Бейсенбаев).

Сондықтан да әр жылы айтізбесінің рабиғ әл-аууәл айында әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiн мерекелеп, Алла тағала бізді өзiнiң сүйiктi пайғамбары хазірет Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметi етiп жаратқанына шүкір айтып, сүйiктi хабибiне жамағат болып, салауаттар айтуымыз аса құптарлық. Қазiргi таңда бұл мейрам көптеген мұсылман елдерiнде аталып өтiледi. Мысалы, Египет, Түркия, Пәкістан, Үндістан және көптеген араб елдерінде ғылыми жиындар өткізіледі.

Мәулiттiң атап өтілуіне кезінде ислам ғұламалары жоғары баға берген. Имам Науауи: “Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнiне сәйкес келетiн осы күндерде iстелетiн садақалар, амру-маъруф және адамдардың бойынан көрiнетiн көркем мiнездiлiк пен қуанышты iстер – осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы”, – деген. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтудың сауабы мол. Мәуліт жиынында салауат айтылғаны өте жақсы. Мәулітті салауат мағынасында түсіну де орынды. Мәуліт жиындарының арқасында ел пайғамбарымызды жақынырақ тани түсіп, сүйіспеншілдіктері арта берсе, нұр үстіне нұр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp