«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЛКЕН ІСКЕ ҮН ҚОСУ – басты міндет және парыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сақып ҚҰСАЙЫНОВА,

Қызылжар ауданының

Құрметті азаматы.

Үлкен іске үн қосу әрбір азаматтың басты міндеті және парызы болып табылады. Сондықтан да жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жаңа бастамаларға өз бағыты бойынша әркім сүбелі үлес қосса, бірлігіміз бен тұтастығымыз одан әрі нығайып, биік белестерді бағындыра алатынымызға кәміл сенемін.  

Елбасының кезекті Жолдауына отбасы болып ден қойдық. Онда барлық сала толықтай қамтылған. Саламатты өмір салтын ұстану мен денсаулық сақтау саласын дамыту да қазақстандықтар үшін аса маңызды екені тілге тиек етілді. Ана тіліміздің мәртебесін өсіру жайында да кезекті Жолдауда айтылып өтті. Ел болашағы – жастар жағы елеусіз қалмады. 2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы артатын болды. Мұндай жағымды жаңалық жастарды білімге жетелеп, жас толқынға жаңа серпіліс береді деген сенімдеміз.

2014 жылы зейнетақымыз тоғыз пайызға жоғарылап, бір қуанып қалдық. Көп жылғы еңбегімізді елеп, қарт адамдарға жақсы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып отырған Елбасымыздың еңбегі ұшантеңіз. Ешкім де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың мөлшері де көтерілді.  

Ұрпақ сабақтастығын жалғастырып отырған аналар бала тәрбиесімен ғана шектелген емес. Олар қолдарынан келгенше еңбек етіп, қоғамға пайда әкелуде. Іс тігуді бір адамдай меңгеріп алғандықтан болар, маған: “Ине-жіптің қыр-сырын үйретіңізші”, – деп келетін адамдар саны күн санап артып келеді. Олардың арасында жас келіндер көптеп кездеседі. Қазақтың қолөнеріне ден қойып, биік белестерді бағындырып жүрген қыз-келіншектер қаншама?! Олардың бастамасына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да ауыз толтырып айтарлықтай. Осындай мүмкіндікті мүлт жібермей, өз ісін дөңгелетіп, қоғамға, отбасына пайда тигізіп, бала-шағасын асырап отырған нәзік жандарды көргенде бір марқайып қаласың. Еңбекке деген мұндай құлшыныс пен ұмтылысты “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыруға қосып отырған әркімнің өзіндік бір үлесі деп бағалауға болады.

Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған әрбір Жолдауында барлық саланы қамтитын бағыт-бағдармен қатар, ірі жобалар да ұсынады. Мұның барлығы – қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін жасалып отырған қадамдар. Ел болашағы үшін аянбай еңбек еткен Елбасының биылғы Жолдауы да әрбір азаматтың жүрегіне қуаныш сезімін ұялатты. Олай болса, кәріміз де, жасымыз да бір адамдай жұмылып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға атсалысуымыз керек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp