«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ҚҰЖАТЫ облыс активінің жиналысында талқыланып, міндеттер сараланды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауын жүзеге асыруға арналған облыс активінің жиналысы болып өтті.

Облыс әкімі С.С. Ескендіровтің облыс жұртшылығы
активінің ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын
талқылауға арналған жиналысында сөйлеген сөзі

Құрметті солтүстікқазақстандықтар!

Құрметті жиынға қатысушылар!

2014 жылдың 17 қаңтарында елімізде барлық қазақстандықтар маңызды қоғамдық-саяси оқиғаның куәгерлері болды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” жыл сайынғы Жолдауын жариялады.

Биылғы Жолдау негізінен “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру бағыттарына арналды.

Мемлекет басшысы: “Қазақстан – 2050” Стратегиясының ең басты мақсаты – елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Ол – “Мәңгілік Қазақстан” жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті”, – деді.  

Сондай-ақ Қазақстан Президенті еліміз 22 жылдың ішінде қыруар іс тындырғанын баса айтты. Елімізде үлгілі дамудың өзіндік моделі қалыптасты.

Елбасы әрбір отандасымыздың жүрегінде еліне деген шексіз мақтаныш сезімі оянып, қазақстандықтар ертеңіне, елдің болашағына сеніммен қарайтынын мақтанышпен жеткізді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2030” Стратегиясының мерзімінен бұрын орындалғанын айта келіп, маңызды құжатта 2050 жылға дейін қалған жылдарды жеті бесжылдыққа бөлді.

Жеті басымдықта дамыған 30 елдің қатарына кіру бағыттарын айқындап, алдымызға нақты міндеттер қойды.

Олар: инновациялық-индустрияландыру трендін түзету және күшейте түсу; Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру; Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру; инфрақұрылымдық үштағанның – агломерация, көлік, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету; шағын және орта бизнесті дамыту; қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасау; мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру.

Жеті басымдықтағы айқын мақсаттар мен межелі міндеттер кемел келешекке бастау болып, жасампаздыққа жетелейді.

Қымбатты солтүстікқазақстандықтар!

Құрметті жиналысқа қатысушылар!

Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” кезекті Жолдауы еліміздің әрбір азаматы үшін жаңа бағдарға айналды.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында республика халқына Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуының егжей-тегжейлі және кеңейтілген жоспарын ұсынды.

Алдағы 15-17 жыл Қазақстанның кең ауқымды алға басуы үшін “мүмкіндіктер көзі” болмақ.

Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттарына көшеді. Оған 34 ел мүше және алтауы оған кіруді тосуда.

Барлық қатысушы елдер терең жаңғырту жолынан өтті, инвестицияның, ғылыми әзірлемелердің, еңбек өнімділігінің, бизнес дамуының, тұрғындар өмірі стандарттарының жоғары көрсеткіштеріне ие.

Республика Президенті ЭЫДҰ-ның бірқатар қағидаттары мен стандарттарын Қазақстанға енгізу туралы тапсырма берді. Бұл жыл сайын ІЖӨ-нің 4 пайыздан өсуіне, инвестиция көлемін қазіргі 18-ден 30 пайызға дейін көбейтуге, еңбек өнімділігін 5 есе ұлғайтуға, жан басына шаққанда ІЖӨ көлемі көрсеткішін 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін өсіруге мүмкіндік береді.

Президент тапсырмасы бойынша жасалған, үстіміздегі жылы қабылдануы тиіс Тұжырымдамада әр бесжылдыққа еліміздің дамуының өзекті параметрлері көрсетілген алдағы жұмыстардың ұзақмерзімді басымдықтары айқындалған. Оларды жүзеге асыру үшін бірқатар маңызды міндеттерді шешу қажет.

Бірінші. Еліміздің экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі инновациялық индустрияландыру трендін түзету және күшейту болып табылады.

Сондықтан, әсіресе, өз мүмкіндіктеріміз бен артықшылықтарымызды нақты бағалау және қолда бар ресурстарды шашыратпай, ең басым бағыттарға шоғырландыру ерекше маңызды болмақ.

Индустрияландырудың бірінші бесжылдығында біздің облыста өңір экономикасы үшін маңызды бірқатар жобалар жүзеге асырылды: жүк вагондарын өндіру жолға қойылды, республикамыздың мұнай-газ және темір жол кешендерінің мұқтажы үшін өнімдер шығару жөніндегі біздің машина жасау кәсіпорындарының өндірісі жаңғыртылды.

Индустрияландыру картасы шеңберінде біздің облыста жалпы сомасы 41,5 миллиард теңге 30 жоба жүзеге асырылуда. Бұл осы нысандарда 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Бүгіндері сомасы 26 миллиард теңгеге жуық 26 жоба іске қосылды, жаңадан 800-ден астам жұмыс орны ашылды. Барлық нысандар тұрақты жұмыс істеп тұр.

Осы жұмысымыздың нәтижесінде 2013 жылы облыс экономикасына 100 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылды. Соңғы үш жыл бойы жекеменшік инвестиция көлемінің өсіп келе жатқанын атап айту керек.

Біз экономиканың барлық секторына инвесторлар тарту үшін жүйелі түрде жағдайды жақсартудамыз. Ол үшін біз Инвесторларға қызмет көрсету орталығын, сондай-ақ Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын “бір терезе” қағидаты бойынша аштық.

Президент алға қойған міндеттердің бірі – Қазақстанды геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығару. Бұл салада бізде жақсы резервтер бар.

Бүгіндері біз пайдалы қазбалардың үлкен қорына иеміз, ол республика балансындағы қалайының 65 пайызы, цирконийдің 37 пайызы және уранның 19 пайызы.

Қазір Ақжар, Уәлиханов, Тайынша, Есіл аудандарында бірқатар кен өндіру және өңдеу компаниялары іске кірісіп, табысты жұмыс істеуде.

Тұтастай алғанда бұл салада бүгіндері 49 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, олардан 2013 жылы облыс бюджетіне салық төлемі ретінде 250 миллион теңгеге жуық қаржы түсті.

Бүгіндері қалайы, мыс-алтын және басқа да металдардың кен орындарын іздестіру мен қорларын анықтау жөнінде жұмыс жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз жандандыруымыз керек. Алдағы уақытта оның қорлары расталған соң біз инвесторлар іздестірумен айналысамыз.

Облысымызда индустрияны дамыту үшін арнайы Индустриялық-инновациялық даму басқармасын аштық. Сондықтан осы басқармадан және аудан әкімдерінен нақты ұсыныстар күтемін.

Бұрыннан қалыптасқан бағыттар – көлік және мұнай-газ қондырғыларын өндіру бойынша өзіміздің машина жасау кешенін қарқынды дамытуға күш салуымыз қажет. Біздің экономиканың құрылымын есепке ала отырып, кен және ауыл шаруашылығы қондырғылары өндірістерінің мүмкіндігін қарастыру керек.

Бұл жұмыстарды біз одан әрі жалғастырамыз. Индустриялық-инновациялық даму басқармасына өңірдегі индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығына дайындалуға белсене кірісуді тапсырамын.

Екінші. Агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа көшіруді қамтамасыз етудің қажеттігі туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы біздің өңір үшін айрықша маңызды.

Солтүстік Қазақстан облысы Елбасының тірегі ретінде алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудың көшбасшысы және жарқын өнегесі болуға тиіс.

Бұл үшін солтүстікқазақстандық аграршылар ең қолайлы жағдайға ие. Бүгінгі таңда бұл міндетті орындауға географиялық жағдайы мен құнарлы жері ғана емес, сонымен бірге елеулі мемлекеттік қолдау жәрдемдеседі.

2013 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы түсімі табиғи көлем индексі 113 пайыз болған жағдайда 277 миллиард теңгені құрады. Жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі 869,2 мың теңге немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,3 пайыз болды.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына сомасы 44,7 миллиард теңге немесе 109,5 пайыз инвестиция салынды. Алдағы жылдары осы серпінді сақтау – біздің міндетіміз.

Жәрдемқаржыландыру түріндегі мемлекеттік қолдау жыл сайын ұлғайтылуда. Егер 2013 жылы ол 9,3 миллиард теңге болса, өткен жылы 14,9 миллиард теңге бөлінді, мұның өзі 5,6 миллиард теңгеге артық.

Мұның бәрі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жақсы дайындама болып табылады.

Бүгінгі таңда облыста өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, оны бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған дақылдар өсіруге қайта бағдарлау жөнінде нысаналы жұмыс басталды.

Президент өзінің Жолдауында азық-түлікке деген айрықша сұраныс жыл өткен сайын өсе түседі, деп айрықша атап көрсетті.

Бұл ретте мынаған назар аударылып отыр: ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, еңбек өнімділігін ұдайы арттыратындар, таңдаулы әлемдік стандарттар негізінде еңбек ететіндер жермен жұмыс істеулері керек.

Қазіргі уақыт талабы – агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық шешімдер, керісінше жағдай еңбек өнімділігін, ауыл шаруашылығы өнімдерінің рентабельділігі мен сапасын арттыруға көбіне-көп кедергі жасайтын болады.

Облысымыздың агроқұрылымдары өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығында заманауи технологияларды ұдайы енгізуде, олар мыналар: Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” КС-і, Тайынша ауданындағы “Тайынша-Астық” ЖШС-і мен “Астық Стем” ЖШС-і, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Тұқым” ЖШС-і және “Ақселеу” ЖШС-і, Есіл ауданындағы “Прометей-Агро” ЖШС-і және “Агрохимснаб” ЖШС-і, Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” КС, Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС-і, тағы басқалары.

Мемлекет басшысы фермерлікті дамытуға айрықша назар аударады. Оның ішінде ауылдарда өзінің бизнесін жүзеге асыруға ниет білдірген кәсіпкерлердің жолында кесе-көлденең тұратын әкімшілік кедергілерді жою міндетін қойды.

Бұл міндетті шешу үшін Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес фермерлердің ұзақмерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын болуына қол жеткізу керек. Бұл ретте белгілі бір тәжірибеміз бар, оны дамыту қажет.

“Қазақстан ет, сүт және егіншіліктің өзге де өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуы тиіс”, деп атап көрсеткен Мемлекет басшысының тапсырмасының біздің облысымыздың дамуына тікелей қатысы бар.

Бұл міндетті жүзеге асыруда Солтүстік Қазақстан облысы да қомақты үлес қосуы қажет.

2013 жылы біздің аграршыларымыз тірілей салмақпен 97 мың тоннадан астам ет, 458,5 мың тонна сүт және 487,2 миллион дана жұмыртқа өндірді, мұның өзі 2012 жылғы деңгейдегіден 2-ден 13 пайызға дейін артық. Сөйтіп, 2013 жылдың өзінде ғана біз ет өндіруді – 15 пайызға, құс етін – 33 пайызға, өңделген сүтті 92 пайызға арттыруға қол жеткіздік.

“Жасыл” экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдама агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі түбегейлі құжаттардың бірі болып табылады. Міне, осыған сәйкес 2030 жылға қарай егіс танаптарының 15 пайызы су үнемдейтін технологияларға көшіріледі.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге сәйкес Ауыл шаруашылығы басқармасына өңірдің агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуды жоспарлауды барынша мін-мүлтіксіз үйлестіруді тапсырамын.

“Агробизнес – 2020” бағдарламасы шеңберінде мал шаруашылығын одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру керек. Өсімдік шаруашылығында басымдықты ауыл шаруашылық дақылдарын ұлғайта және машина-трактор паркін жаңарта отырып, егіс танаптарын әртараптандыруды жалғастырған жөн. Ұқсату саласында экспортқа бағдарланған, бәсекеге қабілетті өнім өндіру көлемін ұлғайту үшін кәсіпорындарды жаңғыртуды қамтамасыз ету қажет.

Үшінші. Мемлекет басшысы екі негізгі аспектіге – ғылым мен экономикаға баса көңіл бөліп отыр. Алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру қажеттігіне байланысты ғылыми қамтымды экономика құру жөніндегі міндет осыдан туындайды.

“Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру барысында туындаған ауқым мен міндеттердің өсуі ғылыми қамтымды экономиканы реформалауға қозғау салып отыр.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы осызаманғы және бәсекеге қабілетті экономиканың “Зияткерлік меншікті қорғау”, “Зерттеулер мен инновацияларды қолдау”, сондай-ақ “Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру” сияқты базалық негіздеріне баса назар аударды.

Жолдауда шетелдік инвестицияларды тарту көлемін ұлғайту жағдайында мүмкін болатын жаңа технологиялар мен білім трансфертіне ерекше назар аударылды.

Ол үшін Индустриялық-инновациялық даму басқармасы шетел инвестициясын тарту бойынша жұмысты күшейтуі қажет. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш төмен қалпында қалып отыр – қаржыландырудың жалпы көлемінің 0,1 %-ын ғана құрайды.

Төртінші. Мемлекет басшысы өз Жолдауында “инфрақұрылымдық үштағанның – агломерацияның, көліктің, энергетиканың” қарқынды дамуын ерекше басымдық ретінде бөліп қарастырды.

Біздің өңірімізде көлік инфрақұрылымын дамыту ерекше маңызды орынға ие. Аса ірі халықаралық автомобиль және темір жол тораптарының тоғысқан жерінде орналасып, Ресей Федерациясының бірден үш өңірімен шектесетін бұл сала біз үшін экономикалық өсімнің нақты көзіне айналған.

Осыған байланысты логистикалық қызметтер секторын дамыту, сонымен қатар Кеден одағы мүмкіндіктерін одан да кеңінен пайдалану бірінші кезекке шығарылады.

Энергетика саласына оның дәстүрлі түрлерін, ең алдымен, тұрмыста да, өндірісте де жаңа технологиялар негізінде электр қуатын үнемдеу есебінен дамыту тапсырылды. Онда энергияның жаңартылған баламалы көзін пайдалануға баса мән беріліп отыр.

Біздің өңірімізде Новоникольское ауылындағы “Зенченко және К” КС-де біраздан бері қолданылып келе жатқан жел энергиясын өндіретін қондырғылар осыған мысал болады. Олар шаруашылықтың қажеттіліктерін өтеуге және артылған қуат көзін басқа мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік береді.

Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларына біздің кәсіпкерлердің осындай өндірістерді ашу, энергияның баламалы түрлерін енгізу мәселесін әзірлеуді тапсырамын. Оларға барынша жәрдемдесу қажет.

Бесінші. Мемлекет басшысы бұрынғысынша шағын және орта бизнеске баса назар аударып отыр. Бұл саланы дамыту үшін ел Президенті алдымызға нақты міндеттер қойды. Олар:

– кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою;

– шағын бизнесті мамандандыруды келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасымен дамыту жөнінде шаралар қолдану;

– жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде шағын және орта бизнесті дамыту.

Біздің өңірде бүгінде кәсіпкерлік саласына тегеурінді мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Өңірімізде бұл саланы дамытудың ең басты қозғаушы күші “Бизнестің Жол картасы – 2020” болып табылатынына күмән жоқ.

Бүгінгі таңда облыста 25 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар, оларда 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл сан жыл өткен сайын үздіксіз өсу үстінде.

Өңірімізде рұқсат шараларын түгендеу және оңтайландыру жөнінде елеулі жұмыс жүргізілуде. Лицензияның 5 түрі және 104 рұқсат құжаты электрондық нұсқаға көшірілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, биылғы жылдың өзінде 30-дан астам рұқсаттаманы оңтайландыру жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда республикадағы сияқты, өңірлік деңгейде шығарылатын, бизнесті жүргізуге қатысты кез келген нормативтік-құқықтық актілер кәсіпкерліктің қоғамдық бірлестіктері арқылы бизнеспен келісіледі.

Одан басқа, кәсіпкерлікті қолдау аясында өткен жылы Петропавл қаласында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Ол бизнесмендерге “Бір терезе” режимінде бизнес жүргізудің түрлі мәселелері бойынша қызмет түрлерін кеңінен алуларына мүмкіндік береді.

Жалпы біздің өңірде бизнесті дамыту бағытында көп жұмыс тындырылуда, алайда әлі де зор әлеуетіміз бар. Ел Президенті аталған саланы дамытуда ауқымды міндеттер қойып отыр.

Осыған байланысты Кәсіпкерлік және туризм басқармасына Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалымен бірлесіп, әкімшілік кедергілерді азайту бағытындағы жұмысты жалғастыруды, даму институттарымен және қаржы ұйымдарымен бірлесе, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бағдарламаларына, соның ішінде ауылдарға тарту жұмысын жандандыруды тапсырамын.

Алтыншы. Елбасы Қазақстанның XXI ғасырдағы даму көкжиегін бірінші кезекте адами өлшеммен, қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктерді жасаумен байланыстырады. XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді, денсаулығы мықты азаматтар.

Білім саласының алдына оның барлық буындарының сапасын арттыру, әрбір деңгейде білім берумен толық қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойылды. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда.

Назарбаев Зияткерлік мектептері қазіргі заманғы орта білім беруді дамыту деңгейін көтеріп, тың серпін бермек. Оқыту барысында бірінші кезекте оқушылардың сыни ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруге, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білулеріне мән берілмек. Облыс орталығында 2014 жылы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін ашу жоспарланып отыр.

Білім басқармасына облыста олардың тәжірибесін тарату, Кембридж бағдарламасы бойынша дайындық курсынан өткен мұғалімдер қауымын қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес таяудағы 3 жыл ішінде оқу орындарының жетіспеушілігін жойып, елдегі барлық мектептерді екі ауысыммен оқытуға көшіру керек. Облыста бұл тапсырманы таяудағы 2-3 жыл ішінде орындаудың барлық алғышарттары бар.

Техникалық және кәсіби білім берудің сапасы шынайы өндіріспен және технологиялық инновациялармен тығыз байланысымен айқындалатын болады. Өңірде дуальдік білім беруді енгізу бойынша басталған жұмысты жалғастырып, дайындықтың дуальді жүйесі бойынша мамандықтардың санын екі есе кеңейту қажет.

Елбасының тапсырмасы бойынша үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдау шаралары аясында 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап шәкіртақы мөлшерін 25 пайызға өсіру қамтамасыз етілетін болады.

Облыстық Білім басқармасына Жолдаудағы тапсырмаларға сәйкес барлық саланың алдағы жұмыс жоспарына түзету енгізуді тапсырамын.

Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Күн тәртібінде міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мәселесі тұр. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкерлердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты.

Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасы мәдениет саласында негізгі даму векторы болмақ. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерін дамытуға бағытталған шаралар белгіленетін болады.

Елбасы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін қайта қарастыру жайында тапсырма берді.

2015 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеудің жаңа моделі денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысын – 28 пайызға, білім беру қызметкерлерінікін – 29 пайызға, әлеуметтік қорғауда 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Жолдауда мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға елеулі көңіл бөлініп отыр. Президенттің айтуынша, олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрмыстық қызмет, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Жыл сайын біздің облысымызда 200-ден аса кәсіпорын мен ұйым 500-ден аса адамды өнімді еңбекпен айналысуға тартады. Бизнестің осындай адамдарды жұмысқа орналастыру ауқымын кеңейтіп, белсенділігін ынталандыру қажет.

Ондай адамдарды белсенді өмірге тартқанда олар жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге өздерін қоғамның толыққанды мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінеді.

2015 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемі 25 пайызға арттырылады.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы осы мәселені ұйымдармен және кәсіпорындарымен пысықтап, тиісті ұсыныстар беруі қажет.

Жетінші. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде мемлекеттік институттар жұмысының сапасы аса маңызды негіз болып табылады. Бұл орайда Мемлекет басшысы адал бәсекелестіктің, әділеттіліктің, заңның үстемдігі мен жоғары құқықтық мәдениеттің қажеттігін атап көрсетті.

Сондай-ақ мемлекет өмірінің барынша маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу мемлекеттік институттардың, саяси партиялардың, басқа да қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, алуан әлеуметтік топтардың және тұрғындардың бірлескен күш-жігерінің негізінде де мүмкін болады.

Сондықтан Жолдауда “Мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған құралдары керектігі жөнінде” айтылды.

Жыл сайын өңірімізде үкіметтік емес ұйымдардың санының артуы байқалып отырғандықтан, бұл біз үшін аса маңызды. Мысалы, егер 2011 жылы 250 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, 2012 жылы бұл сан – 280-ді, 2013 жылы 290-ды құрады.

Мемлекет басшысы азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне, сот жүйесінің ашықтығына айрықша көңіл бөлуде. Мемлекет басшысы “Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс”, деп атап айтты. Өйткені, қоғамымыз сот билігі қызметінің толыққанды, шынайы және бұрмалаусыз жариялылығына мүдделі.

Осы мақсатта облыстың сот органдарының қызметінің ашықтық және мөлдірлік деңгейін көтеру керек, соның ішінде тұрғындардың соттардың қызметі туралы барынша кеңінен ақпарат алуы арқылы көтеру қажет.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия да жалғастырылуға және күшейтілуге тиісті басым міндеттер қатарында ұсынылып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы аталған мемлекеттік стратегияны іске асыру әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрақтылықты нығайтуға, жекелеген азаматтардың да, сонымен бірге, тұтастай қоғамның да құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қылмыстық көріністерден қорғау деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, ел Президентінің пайымдауынша, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуды екі кезеңде өткізу керек.

2030 жылға дейінгі аралықты қамтитын бірінші кезеңде ХХІ ғасырдағы мүмкіндіктерге орай жаңғыру серпілісі жасалады.

Екінші кезеңде еліміздің ғылыми қамтымды қағидаттарға негізделген орнықты дамуын қамтамасыз ету қажеттілігіне баса назар аударылады.

Құрметті солтүстікқазақстандықтар!

Қымбатты жерлестер!

Біздің жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы “Мәңгілік Ел” Қазақстанның алға қарышты және сенімді қадам басуын қамтамасыз еткен, ұлттық және діни белгісіне қарамастан, барша қазақстандықтарды жаңа гүлденген мемлекет құруда біріктірген басты құндылықтарымыздан көрініс тауып, негізделді.

Бұған ел Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бағытын бүкілхалықтық қолдаудың арқасында қол жетті.

Халықтың бұлжымас құндылықтары – тәуелсіздік, ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім – міне, біз осыларды келешек ұрпақтардың игілігі үшін сақтап, ұлғайтуға тиіспіз.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында алдымызға жүктеп отырған міндеттер мен бағдарлардың дұрыстығына ешқандай күмән жоқ.

Атқарушы биліктің қызметінің барлық жүйесі және мемлекеттік органдардың құрылымы “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыруға бағытталуға тиіс.

Сондықтан әрбір әкім, әрбір кәсіпорын басшысы осы жұмысқа басшылық жасауы, ең алдымен өздері түсіндіруі және осынау маңызды іске баршаны тартуға тиіс.

Жолдаудың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру бойынша нақты шаралар әрбір солтүстікқазақстандыққа жеткізілуге тиіс.

Мен біз осы міндетті сөзсіз орындайтынымызға сенімдімін.

Құрметті жерлестер!

Осы Жолдауда Елбасы Қазақ елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел екендігін баса айтты.

Елбасының еліміздегі жүргізіп отырған жүйелі саясатының арқасында біз армандарды ақиқатқа айналдырып, Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық.

Тәуелсіз Қазақстанның халқын біріктіретін ұлттық құндылықтардың бірі – мемлекеттік тіл.

Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауда да мемлекеттік тілдің Қазақстан тәуелсіздігіндегі маңыздылығын ерекше атап көрсетті. “Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн”, – деп мәлімдеді.

Мемлекеттік тіл – Қазақстандағы келісім мен татулықтың, бірлік пен тұрақтылықтың алтын арқауы болып қала бермек.

“Қазақстан – 2050” Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғырту жолы.

Ендеше Президенттің биылғы Жолдауындағы жаңа бастамаларды іске асыру жолында баршамыз күш-жігерімізді аямай, қолымыздан келгенше еңбек ету – азаматтық парызымыз.

Әрқайсысымыз Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін өз міндеттерімізді абыроймен атқарып, маңызды іске бір адамдай атсалысуымыз қажет.

Назарларыңызға рахмет! 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp