Василий Карпук қалалық Мәдениет үйінің ардагерлер хорында 20 жылдан астам уақыт бойы өнер көрсетіп келеді. Ол – өнер десе, ішкен асын жерге қоятын талғампаз әнші.
Анна КУЧЕРЕНКО,
еңбек ардагері.
Василий Евсеевич көркемдік жетекшісі – Иван Мищенко, ал концертмейстері – Александр Капустин болып табылатын аталмыш хордың белсенді мүшесі. Ол Украин елінің Гаруша селосында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбие алған. Бала кезінен еңбекке жақын болды. Сондықтан да мамандықты таңдағанда ойланбастан ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Оқуды тамамдап, машинист-тракторшы болып шыққан Василий Карпук Қазақстанға тың игеруге келеді. Ынталы жас жігіт жұмысқа бар күшін салады. Бұрынғы Көкшетау облысының “Толбухин” кеңшарында тракторда және комбайнда еңбек етеді.
Біраз жылдан кейін Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныс аударады. Чистов кәсіптік-техникалық училищесінде өндірістік оқытудың шебері, кейіннен аға шебер атанып, өндіріс бойынша директордың орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Қарақоғадағы кәсіптік-техникалық училищеде 5 жылдай басшылық етті. Көптеген жылдар бойы кәсіптік-техникалық білім басқармасы бастығының орынбасары болып та қызмет етті.
Зейнетке шықса да, қоғамдық істерге белсене атсалысады. Александр Платко жетекшілік ететін украин мәдени орталығының жұмысына қатысып келеді.
Ал хорда ол қазақ, орыс, украин әндерін нақышына келтіріп орындайды.