Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауын жастар жағы да ден қоя тыңдады. Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін құжат әрбір қазақстандық үшін ерекше мәнді, ерекше құнды болып есептеледі. Себебі, Жолдауда “Қазақстан – 2050” Стратегиясын мүлтіксіз орындаудың айқын бағыты мен межелі міндеттері көрсетілген.
Әсем ҚАБДІЛМӘЖИТОВА,
СҚМУ-дің студенті.
Жолдауда барлық сала толығымен қамтылған. Әсіресе, денсаулық, ауыл шаруашылығы салалары баса айтылған. Шағын бизнестің дамуына тоқталып өткен Елбасымыз келешекте бұл бағыттағы сала ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс деп атап айтты. Сонымен қатар Жолдауда білім саласына да баса назар аударылды. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өсіріледі деген оңтайлы жаңалық біз сияқты жастар мен студенттерді бір серпілтіп тастағандай болды. Әрдайым жастардың жағдайын ойлап отыратын Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты біздің кемел келешекке деген сенімімізді шыңдай түседі. Заман талабына сай білім алу үшін мемлекет тарапынан осындай жақсы жағдай жасалып, мүмкіндіктер беріліп тұрғанда оқу оқып, абыроймен еңбек ете білу керек. Бұл да біздің Мәңгілік Ел құруды ұлттық идеямыз етіп ұсынған Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға қосқан үлесіміз болады деп ойлаймын.