Аптаның алғашқы күніндегі табиғаттың тосын сыйы облыс тұрғындарын абдыратып тастады. Халық ол туралы 17 қаңтарда БАҚ арқылы ескертіліп, облыстың ұялы телефон операторлары 592 000 абонентке SMS хабарламалар таратқан болатын. Қалың жауған қар борандатып, солтүстікқазақстандықтарға табиғаттың бір мінезін көрсетсе, ал көліктер үшін жол қатынасы проблемаға айналды. СҚО ТЖ департаментімен келісілген “ҚазАвтоЖол” АҚ және облыстық Ішкі істер департаментінің бірлескен шешімі бойынша 2014 жылғы 20 қаңтардағы 14 сағат 20 минутта облыс аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың барлығы жабылды. Келесі күні боран басылысымен, жабулы жолдарды ашуға рұқсат берілді.
Алайда, өткен тәулікте облыс жолдарында келеңсіз оқиғалар тіркелді. Тимирязев, Уәлиханов және Ақжар аудандарының жергілікті маңызы бар жолдарында 56 жолаушысы бар (олардың 5-еуі – балалар) 18 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалды. Барлық оқиғалар бойынша аудандық шұғыл ден қою жасақтары тиісті шаралар қабылдап, автокөліктер жолаушыларымен бірге таяу елді мекендерге жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ.
Облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.