«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ДЕҢГЕЙІ ауылдарда әлі де төмен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы егемен ел болғаннан бастап демократиялық бағытты таңдағаны бүкіл әлемге мәлім. Демократиялық қоғамның өмір сүруіне қажетті адам құқықтары, сөз бостандығы, әділ сот, жергілікті өзін-өзі басқару, демократиялық сайлау жүйесі сияқты биік ұғымдар Ата Заңымыз – Конституцияда белгіленген болатын. Мінсіз демократиялық қоғам құру үшін өткен 22 жыл аз болса да, алғашқы қадамдар нық болды. Осы орайда “СҚО Азаматтық альянсы қауымдастығы” ЗТБ-ның төрағасы Сергей Худяковпен кездестік.

– Сергей Герольдович, Тәуелсіздік жылдары елімізде азаматтық қоғамның қалай құрылғанын жақсы білесіз. Осы жайында айтып өтсеңіз?

– Тәуелсіздік жылдары азаматтық қоғам да мемлекетпен бірге қалыптасу жолын бастан өткерді. Осы жолдағы билік пен азаматтық қоғамның байланысы түсініспеушіліктен, тіпті, келіспеушіліктен басталды десек те болады. Мәселен, ол жылдары тұрғындардың тұрмыстық жағдайы төмен еді. Күнделікті тіршілікте кездескен қиындықтың салдарынан олар бірігіп, қоғамдық бірлестіктер құра бастады. Туындаған мәселелерін өздері шешуге тырысқан аталмыш қоғамдық бірлестіктер ұсыныстарымен, талаптарымен билікке үн қатты. Алғашқы уақытта билік азаматтық қоғам тарапынан айтылған ұсыныстарды, талаптарды енжар қабылдады. Бірақ жылдар өте бірлескен жұмыстың, өзара түсіністіктің арқасында билік тарапынан болған теріс көзқарас жойыла бастады. Азаматтық қоғамның өкілдеріне биліктің оң көзқарасының қалыптасуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылы еліміздегі беделді, тәжірибелі үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдерімен кездесуі зор септігін тигізді. Бұл кездесуде тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді шешуде билік пен азаматтық қоғамның күші мен мүмкіндігін біріктіру қажет деген шешім шығарылды. Сондай-ақ азаматтық форумдарды дәстүрлі түрде өткізіп тұру қажет екендігі, мемлекеттік органдар атқара алмайтын жұмыстарды мемлекеттік бюджет есебінен үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асыру үшін әлеуметтік тапсырыс жариялауды дамыту керек екендігі айтылды.

– Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың әлеуметтік тапсырыстарды жариялауы жолға қойылды ма?

– Бізде әлеуметтік тапсырыстар көлемі аз қаржыдан басталған еді. Тапсырыс тек Ішкі саясат басқармасы тарапынан болатын. Кейін түрлі мемлекеттік органдар өткізілген семинарлардың, кездесулердің арқасында кеңестер құрып, осының негізінде олар үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеудің маңыздылығын түсіне бастады. Себебі, үкіметтік емес ұйымдар қарапайым тұрғындардың ортасында көп жүретіндіктен, олардың мәселелеріне қанық. Тұрғындар мен биліктің арасындағы көпір қызметін атқарып жүрген ҮЕҰ-ның қажеттілігін түсіну мемлекеттік органдар тарапынан бірте-бірте дамыды. Жуырда біз VI Азаматтық форумға қатыстық. Сол форумда бүгінгі таңда әлеуметтік тапсырысты 8 министрлік жариялайтынын естідік. Олардың ішінде Экология министрлігі ең алғашқы болып ұзақмерзімдік, яғни 3 жылға созылатын әлеуметтік тапсырыс жариялады. Ұзақмерзімді әлеуметтік тапсырыс туындаған мәселені шешуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік мәселелерді 4-5 айдың ішінде шешу мүмкін емес. Ал мемлекеттік органдар тарапынан жарияланатын тапсырыстардың орындалу мерзімі жарты жыл болуы мүмкін. Осының кесірінен үкіметтік емес ұйымдар бұл мәселені шешуді қолға алғанымен, белгіленген уақыттың аяқталуына байланысты бастаған жұмыстарын аяқсыз қалдырады. Мұның кесірінен тұрғындардың көңілі қалады, туындаған мәселе толық шешілмейді.

Осы орайда облысымызда мемлекеттік органдар өз салалары бойынша кеңестер құрып, ұзақмерзімдік әлеуметтік тапсырыс жариялауға ден қояды деген үмітім бар. Себебі, мемлекеттік органдар өз салалары бойынша туындаған мәселелерді ҮЕҰ-лардың көмегімен уақытында және тиімді шешер еді.

– Ал саны көп үкіметтік емес ұйымдардың сапасы қандай?

– Бүгінде еліміз бойынша мынадай жағдай байқалып отыр: тәжірибелі, білікті ҮЕҰ-лар облыс орталықтарына шоғырланған. Ал тұрмыстық мәселелердің дені ауылды жерлерде емес пе? Алайда, ауылды жерлерде құрылған үкіметтік емес ұйымдар санаулы әрі олардың біліктілігі төмен. Бюджеттік қаржының есебінен жүргізілетін әлеуметтік тапсырыстарды орындау оңай шаруа емес. Міне, осы үкіметтік емес ұйымдардың деңгейін көтеру үшін ресурс орталықтарын құру қажет деп ойлаймын. Оларға жобалық ойлауды, заңнама негіздерін, бухгалтерлік есепті, ұйымды басқаруды, бюджеттік қаржыны қалай пайдаланып, кейін қолданыстағы заңнаманы бұзбай, дұрыс есеп беруді үйрету қажет. Өңірімізде бұл жағдай өте төмен. Біз облыс әкімінің орынбасары арқылы аудандық бөлімдерге әлеуметтік тапсырыс жариялауды міндеттемек болдық. Аудандық бөлімдер әлеуметтік тапсырысты жариялағанымен, жергілікті жерлерде оны жүзеге асыра алатын үкіметтік емес ұйымдар болмай шықты.

– Өңірімізде қанша үкіметтік емес ұйым бар?

– Бүгінгі таңда облысымыз бойынша 300-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелсе, оның 40-қа жуығы ғана белсенді жұмыс істейді. Ал бұл белсенді топтың 80 пайыздан астамы облыс орталығында орналасқан. Қазіргі маңызды мәселе – ауылдағы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту.

– Бұл бағытта жастардың әлеуеті қаншалықты пайдаланылуда?

– Ортамызда жастар аз. Жас буын үкіметтік емес ұйым құрып, тың идеяларымен, болашаққа құрған зор жоспарларымен келгенімен, бірден беттері қайтып, жарты жылдан кейін біздің саладан кетіп қалады. Жастарда жалынды жігер болғанымен, шыдам мен төзім жетіспей жатады. Үкіметтік емес ұйымды ашқанымен, оның жұмысын жандандыруға келгенде таулары шағылады. Ал жалпы елімізде азаматтық қоғам жақсы дамып келеді. Оның дамуына Елбасы зор көңіл бөліп, мемлекеттік органдардың тарапынан көзқарас түзелді. Өткен 22 жылдың ішінде Қазақстандағы азаматтық қоғам даму жолына түсті. Осы жолда бастан өткергеніміз аз болған жоқ. Бірақ болашақта азаматтық қоғамды дамудың биік белестері күтіп тұрғаны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp