Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Айгүл Әбдірахманова – Тайынша ауданының орталығында орналасқан, көпшілікке танымал “Шахирис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы.
Үлкен өндіріс орнында жұмысты ұйымдастыру – аса жауапты іс. Сондықтан ондай қызметке таңдалатын адамға да ерекше талап қойылады. Ең бастысы – оның өз ісіне сай білімінің болуы. Екіншіден – көпшілікпен жұмысты ұйымдастыра білуге қабілеттілігі, ал үшіншіден – әкімшілікпен де, еңбек ұжымымен де ортақ тіл табыса білуі ескеріледі. Табыс кілтін тапқан Айгүлдің бойынан бұл қасиеттерді анық байқауға болады. Осы мекемеге басшылық еткен жылдарда ол өзін білікті де білімді басшы ретінде таныта білді. Ұжымды басқару ісінде ол өзінің серіктестерімен, әріптестерімен үнемі ақылдасып, өз жүрегінің қалауымен де әрекеттер жасай беретінін байқадық. Оған дәлел – Шымкент, Сарыағаш, Түркістан қалаларынан да серіктестер тауып, шаруашылық өндіретін негізгі өнім – әртүрлі сұрыптағы ұнды саудаға шығарады. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мәскеуге де осы тайыншалық ұнның 100 тоннасы жөнелтілгенін Айгүл мақтанышпен жеткізді.
Серіктестік аудан көлеміндегі шаруа қожалықтарының өткізген бидайынан ұн өндіреді. Мұндағы диірменде тәулігіне 90 тоннаға дейін ұн өндіріліп, аудандағы наубайханаларға дайын шикізат ретінде жеткізіледі. 45 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын қызмет аясын кеңейте түсуде.
– Маған өз мамандығым ұнайды. Мүмкін анамның да зейнет жасына дейін еңбек еткен ұжымы болғандықтан ба, маған бұл ұжым өте ыстық көрінеді. Ұжым басқарғанда қарамағыңдағы еңбеккерлерден сапалы жұмысты талап етумен қатар, олардың ой-толғамдарымен де санаса білу керек деп ойлаймын. Өйткені, еңбек ұжымында түсіністік болмаса, ұжымда берекелі іс те болмайды. Кей кездері, тіпті, әріптестеріңнің жан дүниесіне үңіліп, олардың да жағдайларын тыңдауға тура келеді. Сонымен қатар қарамағыңдағы еңбеккерлердің құқығын қай кезде болсын қорғай білу керек. Сонда ғана адам тұлғасы бәрінен жоғары болып, еңбегің де алға басады деп ойлаймын, – дейді кәсіпкер Айгүл Әбдірахманова.
Біздің кездесу барысында байқағанымыз: кәсіпкердің өзінің басшылық қызметіндегі атқаратын міндеттері – цех ішіндегі жұмыстарды ұйымдастыру, оның атқарылу үдерісін қадағалау, өндіріс орнын шикізатпен қамтамасыз ету, жұмыстың сапалы орындалуына жауапты болу. Осы міндеттерді жүзеге асырудың басты шарты, әрине, басшының ұжымдағы беделі мен абыройына байланысты десек, адами факторды бірінші кезекке қойған Айгүлдің бойынан бұл қасиеттердің бәрін байқадық.
Тайынша қаласы.