Өткен жұма-сенбі күндері Тұздыкөлдің арнайы учаскесінде әуесқой көлік жүргізушілер арасында авторалли-спринт бойынша “Самұрық – 2014” атты ҚР кубогының 1-ші кезеңі өтті. Қазақстанның Автокөлік спорты федерациясының ұйытқы болуымен өткізілген сайысқа Астана, Алматы, Қарағанды және Петропавл қалаларынан жалпы саны 40-қа жуық кәсіби және әуесқой экипаж, 6 құрама команда қатысты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жарыстың алғашқы күні экипаждар 60 шақырымдық жарыс жолымен танысып, шеберліктерін тағы бір мәрте пысықтаса, сайыстың екінші күні жеңімпаз атану үшін бақ пен бап таластырды.
Қаламызда осымен екінші рет өткізіліп отырған сайысқа көлік жүргізуде өз істерінің шебері атанған 37 спортшы бақ сынады. Олардың ішіндегі әуесқой көлік жүргізушілердің 7-еуі – жерлестеріміз. Атап айтқанда, “Түгел қозғалтқыш” кезеңінде – Иван Пономарев пен Федор Зинин (“ВАЗ-21083”), Александр Кучковский мен Ерлан Абдуғалиев (“Subaru Impreza”), “Алдыңғы қозғалтқыш” кезеңінде – Сергей Толстобров пен Павел Райко (“Mazda 323”), Владимир Хижняк пен Виктор Семакин (“Honda Concerto”), Алексей Ерохин мен Всеволод Кондратенко (“Toyota Marino”), Никита Жуков мен Татьяна Ручкина (“Honda Prelude”), “Артқы қозғалтқыш” кезеңінде Константин Шуклин мен Максим Хлыстун (“Опель Омега”) өңір намысын қорғады.
Екі күнге созылған автораллидің қорытындысына келсек, жарыста жүлделі үш орынды астаналықтар еншіледі. “Motul” құрамасы 218 ұпаймен жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді. Ал 203 және 177 ұпай жинаған “Majestic SRC” мен “TRI MIRA Racing team” екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. “Motul Motors” атпен сайықа түскен петропавлдық құрама команда 99 ұпаймен 5-ші орынға жайғасты.
Тартысты додада жеңіске жеткендер Теміртау қаласында өтетін республикалық ашық кубокта бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.