Өңірімізде облыстық филармонияның жанынан құрылған үш бірдей үлкен оркестр бар. Солардың бірі – эстрада және джаз музыкасы оркестрі. Геннадий Брюханов жетекшілік ететін бұл өнер ұжымы көп жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді.
Оркестрдің дирижёрі Геннадий Брюханов – Петропавл қаласындағы өнер колледжінің үрлемелі және соқпалы аспаптар бөлімінің байырғы меңгерушісі. Оны болашақ музыканттарды даярлайтын өнер ордасында жолықтырдық.
– Геннадий Васильевич, алдымен өзіңіз жайында қысқаша айтып өтсеңіз?
– Мен Челябі қаласында дүниеге келдім. Жұмыссыздық кездері ата-анам бұрынғы Целиноград, қазіргі Астана қаласына көшіп келеді. Содан бері Қазақстанда тұрамын. Бала кезімде өзге балалар сияқты асыр салып ойнауды жақсы көрдім. Бірақ бала болсам да, музыканы ұнататынмын. Отбасымда музыкамен кәсіби түрде ешкім айналыспады. Күнде кешкісін көршіміз жұмыстан келген соң баянда түрлі әсем әуендерді ойнайтын. Мен сол кісіні тыңдауға баратынмын. Сол көршім сияқты баянда ойнай алсам ғой деп армандайтынмын. Көршіміз менің музыкаға деген ынтамды байқаған болу керек, ата-анама мені музыкалық мектепке беруге кеңес береді. Музыкалық мектепте алдымен баян сыныбында оқыдым. Бала кездегі арманым орындалып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына үрлемелі аспаптар мамандығына оқуға түстім. Кларнет аспабын меңгеріп шықтым. 4-курста оқып жүргенімде Алматыдағы мемлекеттік цирктің оркестріне жұмыс істеуге шақырды. Ол кезде қазіргідей емес. Цирк әртістері өнерлерін оркестрдің сүйемелдеуімен көрсететін. Ол оркестр көбінесе джаз жанрындағы музыканы ойнайтын. Біз оны қысқартып, өз арамызда бигбэнд деп атайтын едік. Себебі, джаз музыкасын ойнайтын оркестрлерді шетел тілінде қысқартып осылай дейтін.
– Джаз жанрына әуестігіңіз сол кезде пайда болғаны ғой?
– Иә. Джаз содан бергі менің өмірімнің ажырамас бір бөлігіне айналды. Жоғары оқу орнын тамамдаған соң жолдама бойынша Целиноград қаласына келдім. Онда джаз оркестрін құрып, біраз жыл өнер көрсеттік. Содан соң Петропавл қаласына көшіп келіп, өнер колледжіне қызметке тұрдым. Колледжде кларнет аспабы бойынша ұстаздық етіп жүрмін. Үрлемелі және соқпалы аспаптар бөлімінің ұстаздары отыра қалсақ, музыка жайында әңгіме-дүкен құрып, өңірімізде джаз оркестрін құрсақ деген ортақ арманымыз болатын. 90-шы жылдардың соңында бұл арманды іске асыруға бел будық. Оркестр ресми түрде 2000 жылы құрылды. Бірақ оркестрді құру дайындығы одан бұрын басталған болатын. Себебі, оркестр құрыла салысымен біз алғашқы концертімізді берген болатынбыз. Джаз жанры АҚШ -та пайда болғаны белгілі. Елімізде бұл жанрда өнер көрсетіп жүрген көптеген өнер ұжымдары бар. Облысымызда бұл жанрда өнер көрсететін біздің ұжым ғана. Үстіміздегі жылы оркестрдің құрылғанына 14 жыл толады. Құрамында 17 музыкант және әншіміз бар.
– Жалпы джаз жанры елімізде қалай дамып келеді? Сіздердің өнер ұжымыңыздай оркестрлер өзге өңірлерде бар ма?
– Джаз – еуропалық және африкалық мәдениеттің қосындысынан туған музыка өнерінің бір түрі. Оның тарихы Африка құрлығынан қазіргі АҚШ-қа әкелінген құлдардың заманынан бастау алады. Еркіндікті аңсаған құлдар ұлттық әндері арқылы еліне деген сағынышын жеткізген. Көптеген ұлттар мен ұлыстардың түрлі мәдениетінен пайда болған бұл музыкалық өнерде ырғаққа басымдық беріледі. Джаз жанры бізге Ресейдің музыканттары арқылы жетті. Қазіргі таңда джаз елімізде қарқынды дамып келеді деп айтуға толық негіз бар. Себебі, елімізде музыканың осы түрінде өнер көрсететін көптеген өнер ұжымдары бар. Алысқа бармай-ақ өңірімізге көршілес жатқан облыстардың өзінде джаз оркестрлері құрылған. Және олар жемісті еңбек етіп келеді. Қостанайлық және көкшетаулық әріптестерімізбен жиі хабарласып тұрамыз. Гастрольдық сапарларға да шығамыз. 2009 жылы Ақтөбе қаласында өткен халықаралық джаз фестивалінде 3-орын алдық. Бұл алғашқы жеңісіміз емес. Осыдан 6 жыл бұрын өңірімізде джаз фестивалі жыл сайын өткізіліп тұрды. Бастапқыда бұл фестивальды демеушілердің көмегімен ұйымдастырсақ, кейіннен облыстық әкімдіктің қолдауымен өткізілді. Фестивальға көршілес өңірлер мен Ресейдің бірқатар қалаларынан джаз оркестрлері келіп, солтүстікқазақстандықтарға өз өнерлерін көрсетіп келді. 8 мәрте өткізілген бұл фестивальға Қорған, Ишим, Свердловск, Челябі және тағы басқа қалалардан музыканттар арнайы келген болатын.
– Репертуарларыңызда қандай туындылар бар?
– Эстрада және джаз музыкасы оркестрі болғандықтан, репертуарымыз жан-жақты. Өңірімізде өткізілетін іс-шараларға байланысты әуендер өзгеріп тұрады. Негізінен петропавлдық тұрғындар эстрадалық әндерге жақын. Сондықтан да тек джаз музыкасын ойнап қоймай, көңілге қонымды, жүрек қылын шертетін әндерді де орындаймыз. Ол үшін оркестрдің құрамына Елена Губинова есімді әншіні алдық. Қазіргі таңда репертуарымызда 50-ден астам ән мен сазгерлердің әуендері бар.
– Ал отандық сазгерлердің қандай туындыларын орындайсыздар?
– Көбінесе Төлеген Мұхамеджанов пен Тілес Қажғалиевтың шығармаларын орындаймыз. Және өңірлік сазгерлердің де шығарған әндерін де айтып келеміз.
– Оркестріңізде музыканттар жеткілікті ме? Әлде Сіздерде де кадр тапшылығы бар ма?
– Құдайға шүкір, біздің өңірде оркестр музыканттарына тапшылық жоқ. Себебі, оркестрде бар аспаптарда ойнау біздің өнер колледжінде оқытылып келеді. Тіпті, сирек кездесетін габой, фагот, труба, волторна, туба сынды аспаптар бойынша оқытып жүрміз. Бұл аспаптарды меңгеремін деген жасөспіріміздеріміз де баршылық. Бөлімде 40-қа жуық жасөспірім оқиды. Колледждің 4-курс студенттері оркестрімізде ойнай бастайды. Сол арқылы тәжірибе жинақтайды. Колледжді бітірген студенттеріміздің барлығы жоғары оқу орындарына түседі. Өткен жылғы түлектеріміздің бірі – Дулат Бекенов 1-курста оқып жүріп, Ұлттық симфониялық оркестрге жұмысқа қабылданды. Және ол қарапайым оркестрдің мүшесі емес, бірінші трубада ойнайтын негізгі әртіс ретінде қабылданған. Бір студентіміз Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүріп, “Астана – Операның” оркестрінде бірінші трубада ойнайды. Кейбір түлектеріміз қазіргі таңда Мәскеудің, Новосібірдің, Қазан және Челябі қалаларының жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіріп жүр.
– Ал оркестрде аспаптар жеткілікті ме? Сахналық костюм мәселесі ше?
– Облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетованың арқасында біздің оркестрде аспап және сахналық костюм тарапынан мәселе туындаған емес. Осыдан 3 жыл бұрын Еуропадан симфониялық оркестрге арналған аспаптар сатып алынды. Біз оркестр болғандықтан, сахналық костюмнің ерекше болуының қажеті жоқ. Негізгі костюміміз қара смокинг пен ақ көйлектен тұрады. Сахналық костюмдерімізді Түркиядан арнайы тапсырыспен алдыртты.
– Солтүстікқазақстандық көрерменді қандай әуендеріңізбен қуантпақсыздар?
– 2010 жылы мерейтойлық концерт берген болатынбыз. Онда ойнаған әндерді көрермендер жылы қабылдады. Оркестр құрылған кезде 50-60-жылдардағы дәстүрлі джаз музыкасын орындасақ, қазіргі таңда жаңа заманға лайықталған, түрленген джазрок, фанк сияқты музыканың түрлерін орындап келеміз. Облыс көрермендері музыканы сүйіп тыңдайды деп сеніммен айта аламын. Сондықтан көрермендерімізді барынша көңілге жағымды әндермен қуантатынымыз анық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.