«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Галина САПКО: “КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫҢ БҮЛДІРШІНДЕРІ ҮШІН арнайы балабақша ашылса, игі болар еді”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда көпбалалы, асырауында мүгедек баласы бар аналарға, аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін бірқатар әлеуметтік көмек бар. Сондай-ақ қайырымдылық қорлары ашылып, жемісті жұмыс істеуде. Осындай игі бастаманың бірін қолға алып, Петропавл қаласының әлжуаз бөлігіне қолдан келгенше қамқорлық көрсетіп отырған “Қызылжар аналары” көпбалалы аналар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы, “Күміс алқа” иегері Галина Сапкомен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыстары жайында әңгіме өрбіттік. 

– Галина Сергеевна, жұмыстарыңыздың басталғанына қанша уақыт болды?  

– Облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиеваның ұйымдастыруымен 2011 жылдан бері жұмыс атқарып келеміз. Алға қойған мақсатымыз – көпбалалы аналарға шамамыз келгенше түрлі бағыт бойынша көмектесу. Сонымен қатар аз қамтылған отбасылар мен егде жастағы адамдарға да қамқорлық көрсетеміз.

– Қоғамдық бірлестіктегі аналардың саны нешеу?

– Сан жағына келер болсақ, бүгінгі таңда біздің бірлестікте отыз көпбалалы ана бар Ең жас анамыз – “Алтын алқа” иегері Надежда Хлопцева. Оның жасы отыз екіде, сегіз баласы бар. Наталья Велижанская деген жас келіншек бар. Ол – жеті баланың анасы. Мен өзім де “Күміс алқалы” анамын. Біздің аналардың әрқайсысының төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған жайы бар. Жалпы кәмелеттік жасқа толмағандар саны 120-ға жетіп жығылады. Өзіңіз ойлап қараңыз, отбасында сегіз-тоғыз бала болса, оларды өсіріп, жеткізу оңай шаруа емес қой. Бірде жетсе, бірде жетпей қалатын жағдай болып тұрады. Жалпы ананы ана жүрегі ғана жақсы түсінеді ғой, сондықтан да бір-бірімізге кішкене болса да қамқорлық көрсетіп, қолдау үшін бір шаңырақ астына жиналуды жөн санадық. Қазір біз “Аялы алақан” әлеуметтік дүкенінде кездесіп, жұмыстарымызды жоспарлап тұрамыз. Керек отбасыларға киім-кешек, жиһаздар да осы жерде бөлінеді. Бұл, әрине, барлығы аталмыш дүкенге қайырымды жандардың берген тегін дүниелері ғой. Оның да көпбалалы аналарға тигізіп тұрған септігі мол екенін де айта кету керек.

– Мәселелер де бар шығар?

– Онсыз болмайды ғой. Алдымен орынның тарлығын айтқым келеді. Бұл, бір жағынан, дүкен, екінші жағынан, біздің бірлестік мүшелерінің жиналып, күнделікті жұмыс жүргізетін орны. Алдағы уақытта қанатымызды кеңінен жайсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Баспана күйі де біздің аналарымыздың жанды жерінің бірі болып табылады. Олардың көбінде үй жоқ. Жалдамалы пәтерлерде тұрады. Шыны керек, сегіз-тоғыз балаң болса, пәтер жалдап тұрудың өзі оңай шаруа емес. Әрине, олар баспана алу тізімінде тұр, бірақ қашан алатындары белгісіз. Олардың көбінің балалары кішкентай, сондықтан аналары жұмысқа шыға алмайды. Алатын әлеуметтік жәрдемақы да жете бермейді. Сондықтан да осындай отбасыларға тым болмаса уақытша баспана берілсе жақсы болар еді.

– Балабақша жайында не айтасыз?

– Балаларымыз тиісті тізімде тұр ғой. Өкінішке қарай, олардың көбі өз кезегі келгенше мектеп жасына да жетіп қалады. Бұл да – шешімін таба алмай отырған проблемаларымыздың бірі. Шағын орталықтар бар, оларға барып жүретін балалар аз емес, әрине. Бірақ балабақшаның жайы бір бөлек қой. Осы ретте біздің қоғамдық бірлестіктегі аналардың атынан ұсыныс айтсам деймін атқамінер азаматтарымызға. Қазір облыс орталығында салынып жатқан балабақшалар саны көп. Солардың бірі арнайы көпбалалы отбасылардың бүлдіршіндері үшін жұмыс істесе, жақсы болар еді. Әйтпесе көбі өз кезегін күтіп, айлар емес, жылдар бойы жүріп қалады. Ал бала өспей ме, оған анасынан басқа тәжірибелі тәрбиешілердің де көмегі қажет. Бұрындары, тіпті, тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар да болатын. Себебі, түнгі ауысымда да жұмыс істейтін аналар бар ғой. Осы жағы да ойластырылса дейміз.

– Балалармен қандай жұмыс жүргізесіздер?

– Қолымыздан келгенше барлық баланы жинап, жақсы көңіл күй сыйлау үшін көптеген іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Балаларды қорғау күні, Жаңа жыл сияқты мерекелерде концерттік бағдарламалар, ойын түрлерін ұйымдастырамыз. Сыйлықтар сыйлаймыз. Сонымен қатар мектепке баратын кезде оқушыларды аяқкиіммен, оқу құралдарымен қамтамасыз етіп тұрамыз. Көмектесетін жақсы адамдар да аз емес. Мәселен, Мария Богданова, Надежда Пирожкова сияқты іскер әйелдер мерекелік кездесу өткізу кезінде жағдайымызды жасап тұрады. Аквапаркке балаларды тегін апарып тұрамыз. Жаз айында сауықтыру лагерьлеріне оқушыларды жіберіп аламыз. Осы ретте бізді тыңдап, түсініп, көмек көрсете білген азаматтарға алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да демеушілер табылып, жұмысымыз жалғаса берсе, әлі талай балаға қуаныш сыйлаймыз деп ойлаймыз.

– Алға қойған жоспарларыңыз қандай?

– Біз тек қана бала тәрбиесімен ғана шектеліп қалғымыз келмейді. Қолымыздан келгенше қоғамға пайда келтірсек деп ойлаймыз. Аналардың көбі – ине-жіпке икемді жандар. Тоқимыз да, тіге де білеміз. Осы жағынан алғанда бәріміз жиналып, үлкен тапсырыспен жұмыс істесек деген ойымыз бар. Ол жүзеге асса жақсы болар еді. Қазір заман талабына сай болу керек қой, осыған байланысты компьютерлік сауатымызды ашып, бір қадам болсын алға басу жағын да ойластырып отырмыз. Көпбалалы аналарға бұл да керек нәрсе деп ойлаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp