Экстремизммен күрес жөніндегі бөлім қызметкерлері бір тәулік ішінде темір жол вокзалына бомба қойылды деп полицияға екі мәрте жалған хабар берген 38 жастағы ер адамды тұтқындады.
Өткен сенбі күні түнгі сағат бір жарым шамасында белгісіз біреу “102” нөміріне қоңырау шалып, вокзалға бомба қойылғанын хабарлаған. Оқиға орнына жедел әрекет ету қызметінің мамандары келіп, арнайы шаралар кешенін жүргізді. Темір жол вокзалы ғимаратынан 58 адам, соның ішінде 30-ы – жолаушы, қалғаны вокзал жұмысшылары мен күзетшілер сыртқа шығарылды. Алайда, арнайы бөлімшенің мамандары мен қызметтік иттер жарылғыш затты тапқан жоқ. Түнгі сағат 3 ке таман іздестіру жұмысы тоқтатылды. Бірақ телефон шалған ер адам таңертең сағат тоғыз кезінде полицияға қайта хабарласып: “Бес миллион теңге ақша бермесеңдер, вокзалды жарып жіберемін”, деп бүлік салған. Күш құрылымдарының арнайы бөлім мамандары оқиға орнына қайта жиналып, ғимаратты тінтуге кіріскен.
“Қалжыңқой” телефон шалушы мұндай әрекетінің соңы ауыр жазаға әкеліп соқтыратыны жайында ойланбаған сыңайлы. Әрі қоңырау шалған адамның қай жерден, қандай аппараттан хабарласқанын тез арада анықтау қиын емес, арнайы қызметтер хабарласушының орнын анықтау үшін барлық техникалық мүмкіндіктерге ие. Былтыр полицияға 8 адам бомба туралы жалған ақпарат берген болатын. Олардың барлығы дереу анықталып, тиісті жазасын тартты. Үш “қалжыңқой” психоневрологиялық диспансерге емделуге жіберілсе, екеуі темір тордың ар жағына тоғытылды. Екі жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмауына байланысты жазадан босатылды. Алайда, олардың ата-аналары ірі көлемде айыппұл төлеп, балаларының іс-әрекеттеріне бас-көз болатынына уәде берді.
Осы жолғы оқиғада бірнеше рет істі болған Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол ішімдікке сылқия тойып, телефон шалыпты. Вокзалда жүк тасушы болып істеген азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның енді қайтадан бас бостандығынан айрылатын түрі бар. Қылмысы дәлелденсе, алты жылға жаза тартпақ.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.