Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Солтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаты Самат Ескендіровтің Қызылжар өңірінің бірінші басшысы болып тағайындалғанына бір жыл болды. Кезінде Жамбыл, Қызылжар аудандарының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған Самат Сапарбекұлы жаңа қызметіне кіріскеннен бері өңірімізде ертеден қалыптасқан игі дәстүрлерді жалғастырып қана қоймай, көптеген жылдар бойы шешілмей, қордаланып қалған көкейкесті мәселелерді қолға алып, жаңа бастамалар көтеріп келеді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өңір басшысының қолға алған басты істерінің бірі – жол мәселесі. Оның өзіндік себептері де бар. Өйткені облысымыздың автомобиль жолдары желісі 8998 шақырымды құрайды, оның 1468 шақырымы – республикалық, 2427-сі – облыстық, 5103-і аудандық маңызы бар жолдар. Жолдардың ұзындығы жөнінен республикада Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейін үшінші орынды иеленеміз. Күзгі байқаудың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың 17 пайызы – техникалық жағынан жақсы, 34 пайызы – қанағаттанарлық, ал 49 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда деп бағаланды. Жергілікті маңыздағы жолдарда 36 көпір бар, оның 12-сі – апатты жағдайда, 1520 су өткізетін құбырдың 230-ы қауіпті ақаулы саналады.
“2011-2015 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының аумағын дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге бөлінген қаржы 5 млрд. 455 млн. теңгені құрады, оның жартысы – облыстық бюджеттікі. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы өңір басшысының тікелей бастамасымен облыс тарихында бірінші рет 2012 жылға қарағанда үш еседей өсті.
Бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы арқасында және жыл қорытындысы бойынша облыстық маңызы бар техникалық жағынан жақсы жолдар – 4 пайызға (97 шақырым), қанағаттанарлық жолдар 6 пайызға (148 шақырым) көбейіп, қанағаттанғысыз жолдар 10 пайызға азайды. Былайша айтқанда, 162 мың адам тұратын 235 елді мекеннің жол қатынасы жақсарды.
Бұдан басқа аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен және “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 1 млрд. 113 млн. теңге қарастырылған болатын, бұл қаржының бірінші траншы 13 ауданның жол желілеріне сәйкес бөлінді, екінші транш жеті ауданның 13 жобасын жүзеге асыруға жұмсалды.
Осы бағдарламаның арқасында 440 адам жұмысқа орналасты, 135 елді мекеннің кіреберіс жолдары жақсарды.
Жалпы алғанда, республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды жаңарту және жөндеу жұмыстары барысында 2013 жылы 12,4 млрд. теңге қаржы игерілді.
Биыл жергілікті маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге, жөндеуге және ұстауға қаржыландырудың барлық көздерінен 5,6 млрд. теңге қарастырылып отыр, оның 1,7 млрд. теңгесі – республикалық, 3,9 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен берілмек. Аталмыш қаржыға Лавровка-Келлеровка-Тайынша-Чкалово автожолының 6,6 шақырымы қалпына келтіріледі, 6 автожолдың 31 шақырымына, 2 апатты көпірге және Айыртау ауданындағы су өтетін құбырға күрделі жөндеу жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, 245 мың адам тұратын 256 елді мекеннің жол қатынасы жақсарады. Соның ішінде аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге және ұстауға 951 млн. теңге бөлінетін болды, оның 744 млн. теңгесі – “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша. Бұл ауқымды шара 366 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Сөйтіп, облыс аумағындағы қанағаттанғысыз жолдар биыл тағы да қысқара түсетін болады.
Өткен жылы қараша айында моноқалалар мен жергілікті маңызы бар жолдарды дамытуға байланысты өткен Үкімет отырысында Премьр-Министр Серік Ахметов Солтүстік Қазақстан облысының жолдарын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен мол қаржы бөлініп отырғандығын ерекше атап, облыстық әкімдіктің бұл тұрғыда атқарып жатқан жұмысына жоғары баға бергенін, басқа өңірлерге үлгі еткенін айта кеткен орынды.
Ауыл аумақтарының проблемаларына баса назар аудару бүгінгі күннің талабы болып табылады. “Ауылына қарап, азаматын танитынымыз да” сондықтан. Осы елді мекендерде жолмен қатар, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету басты проблемалардың бірі болып – тұр. Бүгінде облыста орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 85 пайызға жеткізілген. Атап айтқанда, өңірде тұрып жатқан халыққа шаққанда, қалалықтар сумен – 100 пайыз, ауылдық жерлер 73 пайыз қамтамасыз етілген. Осы өзекті мәселені шешу үшін облыста “Ақ бұлақ” бағдарламасы жүзеге асырылу үстінде. 2013 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 7,6 млрд. теңге көлеміндегі қаржы 4,2 мың халқы бар 6 ауылға су беруге, сондай-ақ 20 мың тұрғыны бар 7 ауылдың сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға және 130 шақырымнан астам топтық су тарту жүйесін қайта жаңартуға жұмсалды.
2014 жылы бұл жұмыс 37 мың адам тұратын 42 ауылда жалғасатын болады, деп мәлімдеді Самат Сапарбекұлы Астанада 6 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Өңір басшысы сол жолы облыстағы ең өзекті проблемалар жол мен су екендігін қадай айтты.
Өткен жылы облысымызда тұрғын үй құрылысы көлемі 2012 жылға қарағанда 48 пайызға артты. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы аясында 2013 жылы облыс бойынша барлығы 113 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 1252 пәтер берілді, оның ішінде облысымызда алғаш рет 75 жас отбасы қолжетімді баспанаға ие болды. Оларға жаңа пәтерлердің кілттерін облыс әкімі тапсырып, жастардың қуаныштарына ортақтасты. Қазір Петропавлдағы “Береке” шағынауданында 3 екіқабатты, 3 үшқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Онда биыл 126 жас отбасы қоныстой тойлайды.
Сонымен бірге облыста жұмыспен қамту проблемаларын шешу үшін 7 ауданда 82 пәтер болатын 60 үйдің құрылысы бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылды.
Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 60 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Осыған орай “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы солтүстікқазақстандықтарды жұмысқа тұрғызудың пәрменді тетігі болып отыр. Былтыр осы бағдарлама бойынша 3,8 мың адам қамтылып, оның 340-ы кәсіби оқуға жіберілді, 291 адам өз ісін ашуға немесе кеңейтуге шағын несиелер алды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 947 адам жұмысқа тұрғызылып, 1029-ы жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа жолданды.
Жұмыссыздық проблемасын шешу үшін 2013 жылы тағы бір қадам жасалды – қанатқақты режімде облысымыздың 7 ауданында 515 млн. теңге сомаға 82 пәтер болатын 60 үйдің құрылысы басталды, бұл жоба бойынша жұмыс беруші тарапынан 10 пайыз қоса қаржыландырылу тетігі қарастырылған.
Агроөнеркәсіп кешені облыс экономикасының ең маңызды саласы болып табылады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы көлемі 277,3 млрд. теңгені құрады, ол 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан айларымен салыстырғанда 13,1 пайызға көп. Былтырғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыс диқандары гектар берекелілігін 14,6 центнерден айналдырып, 5,2 млн. тонна астық жинады. Елбасы өткен жылғы сапары кезінде: “Сіздер – әлемдегі ең үздік диқансыздар!” деп мақтаған қызылжарлық егіншілер сенім мен серт үдесінен көрінді.
Азық-түлік өнімі өндірісінің ақшаға шаққандағы көлемі 67,6 млрд. теңгені құрады, бұл 2012 жылғыға қарағанда 8,4 пайызға көп.
Облыс өз халқын сиыр етімен (1,5 есе – 146%), шошқа етімен (4 есе), сүтпен (3,7 есе), жұмыртқамен (2 есе), ұнмен (6 есе), картоппен (4 есе), көкөніспен (2 есе), макарон өнімдерімен (5 есе) толығымен қамтамасыз етіп отыр.
Облыстағы шағын және орта бизнес субъектілері өткен жылы 294,7 млрд. теңгенің өнімін өндірді.
Бизнес-қауымдастықтың өңірдегі билік органдарымен диалогын қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлердің 30-дан астам қоғамдық бірлестіктері жұмыс істейді, әрі олар әр ауданда бар. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен Петропавл қаласында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды.
Өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудың басты ұйытқысы, сөз жоқ, “Бизнестің Жол картасы – 2020” болып табылады, оның аясында 2013 жылы 1 млрд. теңгеден астам сома бөлінген. Бұдан басқа, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының екінші бағыты аясында өткен жылы жалпы сомасы 600 млн. теңге болатын 291 шағын несие беріліп, 126 адам жұмысқа орналастырылды. Облысымызда жұмыспен қамтылғандардың әрбір үшіншісі шағын және орта бизнеспен айналысады. Салықтың 60 пайызы бюджетке кәсіпкерлерден түседі.
Облыс орталығындағы өзекті мәселе – балаларды мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету. Бүгінгі күні Петропавлда 29 балабақша (оның 5-еуі жекеменшік), мектеп жанында 23 шағын орталық (оның 5-уі жекеменшік), 1 мектеп-балабақша жұмыс істейді. Оларда 7208 бала тәрбиеленіп жатыр, Алайда қала бойынша 9 мыңнан аса жеткіншек балабақша кезегінде тұр. Бұл проблема да облыс әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Өткен жылы кезінде балабақша болып, дағдарыс жылдары жекелеген мекемелердің кеңселеріне айналған 10 ғимаратты мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі орналасқан ғимарат 64 орындық “Балауса”, “Сана” колледжі орналасқан ғимарат 80 орындық “Алпамыс” балабақшасына айналды. Жаңа жыл қарсаңында “Балдырған” балабақшасы филиалында 75 орындық мектепке дейінгі мекеме іске қосылды. Облыс әкімінің қолдауымен жеке кәсіпкер Балдырған Ілиясов 73 орындық жекеменшік балабақша ашып, кезектегі бүлдіршіндер санын қысқартуға өзіндік үлесін қосты.
Облыста Тайынша қаласындағы және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығындағы қазақ мектептері оқушыларын бірнеше жылдан бері үш ауысымда оқытып келеді. Осы мәселені өңір басшысы алғаш рет Үкімет деңгейінде көтеріп, аталмыш елді мекендерде салынатын жаңа мектептердің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қол жеткізді. Бұл мәселе таяу жылдары түбегейлі шешімін таппақ.
Өңіріміздің мәдениет саласында да облыс тарихында ерекше орын алатын шаралар жүзеге асты. Былтыр өңір басшысының қолдауымен Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” өзінің жаңа туындысы – “Мағжан” деректі фильмін жұрт назарына ұсынды, ал С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Дулат Исабековтің “Өйтпесе, Мағжан бола ма?!” пьесасы бойынша спектакль қойып, ақиық ақынның 120 жылдығына лайықты тарту жасады. Сонымен бірге дәстүрлі “Мағжан” республикалық өнер фестивалі де жоғары деңгейде өткізілді.
Қожаберген жырау бабамыздың Астанада және туған жері – Қызылжар өңірінде өткен мерейтойы жайында да осыны айтуға болады. Міне, осындай тойлар бұрынғыдай ауылдарда ондаған-жүздеген киіз үй тіккізіп, ел ырысын ысырапшылдықпен төгіп-шашпай, рухани тұрғыдан сәнді де мәнді етіп өткізілуі көпшілік көңілінен шықты десек, қателеспейміз.
Өткен жылы Петропавлда Сидней және Лондон Олимпиадаларының алтын және күміс жүлдегері, жерлесіміз Александр Винокуров атындағы велоспорт мектебінің ашылуын, жаңа Спорт сарайы құрылысының жұртшылыққа қолайлы жерде қазығы қағылуын, облыс намысын республикалық, әлемдік деңгейде қорғап жүрген спортшыларымызға көрсетілген құрметті, Бүкілдүниежүзілік студенттер спартакиадасының жеңімпазы, желаяқ Маргарита Мұқашеваның “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталуын да өңір басшысының спорт саласына жасап отырған қамқорлығымен байланыстыруға болады. Ал биік өнер жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, талай бұлақтың көзін ашып, сан саңлақты үлкен сахнаға шығарған ұлағатты ұстаз Тойкен Күдерованың да “Ерен еңбегі үшін” медаліне ие болуын да әділдіктің салтанат құруы деп бағаладық.
Иә, бір жыл көп уақыт емес. Алда алар асулар әлі де көп. Болашақта атқарылар шараларды ел Президентінің 17 қаңтардағы “Қазақстан жолы – 2050”: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауын талқылауға арналған облыс активі жиналысында өңір басшысы Самат Ескендіров 7 басым бағыт бойынша атап көрсетті. Олар – бүкіл солтүстікқазақстандықтардың “бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара” атқаратын жұмысы, дамыған 30 елдің қатарына қосылуға қосар қомақты үлесі болмақ.