Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Департамент директоры Ольга Перепечина өткізген баспасөз мәслихаты өңірдің 2013 жылғы даму қорытындыларына арналды. Онда департамент басшысы атап өткендей, 2013 жылы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң ырғақты өсімі сақталды. Өнеркәсіп өндірісі – 5,1, ауыл шаруашылығы өнімдері – 13,1, құрылыс жұмыстары көлемі – 18,6, бөлшек сауда тауар айналымы – 26,1 және тұрғын үй құрылысы 14,3 пайызға өсті.
Облыста биылғы жылы 1 қаңтарда тіркелген 9367 кәсіпорын мен ұйым болды, олардың 61,3 пайызы жұмыс істейді. Соның ішінде өнеркәсіппен – 323, құрылыспен – 393, ауыл шаруашылығымен 694 кәсіпорын айналысады. Ал қызмет көрсету саласында бұрынғысынша сауданың үлесі басым: 1091 кәсіпорын, білім беруде 818 кәсіпорын жұмыс істейді.
Өткен жылы облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары және қосымша өндірістері қолданыстағы бағамен 152 миллиард теңгенің өнімін шығарды, бұл 2012 жылғыдан 105,1 пайызы көп. Ал республикалық өсім қарқыны одан төмен, 102,3 пайызды құрайды. Алайда, облыс республика өнеркәсібінің бұрынғысынша 0,8 пайыз ғана үлесін алады. Өндіріс көлемінің 75,6 пайызын алатын өңдеу өнеркәсібінде 114,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді, ондағы өсім – 8 пайыз. Облыста электрондық және оптикалық өнімдер (1,8 есе), металл өңдеу өнеркәсібі (1,5 есе), жеңіл өнеркәсіп (31,5 пайызға) өндірісі сияқты салалар жоғары қарқынмен дамуда. Сондай-ақ Индустрияландыру картасы жобасын жүзеге асыру есебінен өңделген сүт пен кілегей шығару (1,9 есе), рапс майын (1,6 есе), ет және тамақтық ішек-қарындар (14,7 пайызға) және сыртқа тебу сорғыларын шығару (43,7 пайызға) айтарлықтай өсті.
Ауыл шаруашылығының өңірлік жалпы өнім көлеміндегі үлесі өткен жылдың 9 айында 24,1 пайызды құрады. Өткен жылы егіс танаптары 3,2 пайызға азайтылып, 4,4 миллион гектарды құрады. Дәнді және бұршақтық дақылдар 3,6 миллион гектарға себілді. Есесіне техникалық дақылдар көлемі 14,1 пайызға, картоп 2,3 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 277,3 миллиард теңгені құрады, оның ішінде егіншіліктің үлесі 73,2 пайыз, қалған 26,8 пайызын мал шаруашылығы өндіреді.
Алайда, түліктердің барлық түрлерінің саны бойынша бұрнағы жылмен салыстырғанда кему бары байқалады. Айталық, 2014 жылдың 1 қаңтарында ірі қара – 271,1 мың (96,6%), қой – 283 мың (93,8%), жылқы – 89,4 мың (92,9%), шошқа 154,5 мың басты (72,6%) құрады. Тек 3,6 миллион басқа жеткен (106,1%) құста өсім бар. Осы малдың көпшілігі тұрғындардың жеке үй шаруашылықтарында. Ірі қараның 68,9 пайызын, шошқаның 69,5 пайызын, қойдың 92,7 пайызын және жылқының 82,2 пайызын жеке үй қожалықтары ұстайды.
Департамент басшысы 2013 жылы 34,6 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, бұрнағы жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға өсім бергенін айтты. Оның 96,2 пайыз негізгі үлесін жекеменшік кәсіпорындар атқарған. Сондай-ақ ол өңірдегі инвестициялық қызмет, сауда, көлік, байланыс жұмыстарына және баға мен тарифтер түзілімі жайына да тоқталып, олардың бәрінде бұрнағы жылмен салыстырғанда оң нәтижелерге қол жетіп отырғанын баяндады. Сол сияқты облыс экономикасының дамуындағы оң үрдістердің тұрғындардың тұрмыс деңгейіне және еңбек нарығы жағдайына айтарлықтай ықпалы барын сөз етті. Атап айтқанда, жұмыссыздық деңгейі бірінші тоқсандағы 5,3 пайыздан үшінші тоқсандағы 5 пайызға дейін кеміген. Жыл соңында жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған жұмыссыздар саны 1011 адамды құрады. Жыл ішінде өтініш бергендердің барлығы, яғни 11491 адам еңбекпен қамтылған.
Былтыр бір еңбеккердің номиналды орташа айлық еңбекақысы 7,9 пайызға өсті делінгенімен, небары 74 172 теңгені құрайтын ол республика бойынша ең соңғы орында қалып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы еңбеккерлерінің орташа айлық еңбекақысы өте төмен, өткен жылы 58 603 теңгені құрады. Өңірдегі ең жоғары еңбекақы қаржы және сақтандыру қызметкерлерінде (117 711 теңге), көлік және қоймалауда (106 744 теңге), ақпарат және байланыс қызметкерлерінде (110 402 теңге). Ал өнеркәсіптегілер – 75 914 теңге, құрылыста – 73 279 және саудада 59 390 теңге еңбекақы алады.
Әрине, осындай жағдайда тұрғындар кірісі де төмен болады. Өткен жылдың 11 айында тұрғындардың жан басына шаққандағы ақшалай кірісі орта есеппен 49 149 теңгені құрады. Салыстырмалы кезеңде 6,2 пайызға өскен ең төменгі күнкөріс көлемі 15 797 теңге, ал азық-түлік қоржынының құны 9 478 теңгеге бағаланды.
Демографиялық жағдай мүлде көңіл көншітерліктей емес, жыл ішінде облыстың тұрғындар саны 3,5 мың адамға қысқарған.