2013 жыл солтүстікқазақстандық паралимпиадашылар үшін ерекше жыл ретінде есте қалды. Жыл барысында жерлес спортшылар халықаралық аренада айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Осы орайда Голландияда өткен мүгедектердің Бүкілдүниежүзілік ойындарында жеңіске жеткен жерлесіміз Владимир Эрманның алтын медалінің өзі бір төбе. Сондай-ақ 2013 жылдың басты жаңалығы – облыс әкімі Самат Ескендіровтің қолдауымен Петропавл қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубы өз жұмысын бастады. Клуб алдағы уақытта көптеген паралимпиадалық спортшыларға бастамашыл баспалдақтай болмақ деп сенемін.
Вячеслав ЛАТЫШЕВ,
мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған
“Үміт” спорт клубының директоры.
Аталмыш клубтың аймағымыздың спорттық өмірінде алар орнын бағалау мүмкін емес. Себебі, спорттың бұл саласын дамытуды тек қана балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне ғана жүктеу қиынның қиыны. Мүгедектер спортына адамдар әр жаста келеді. Сондай-ақ бұл мәселені жоғары шеберлік мектептеріне жүктеу мүмкін емес. Оған себеп – мүгедектердің барлығында республикалық және халықаралық сайыстарда жинаған тәжірибесі мен спорттық атақтары жоқ. Осы орайда мүгедектермен жұмыс істей білетін өз ісінің нағыз мамандарын табу да оңай шаруа емес. Мүгедек спортшылар қоғамның ерекше тобы болғандықтан, олармен жұмыс істеу де ерекше жауапкершілікті талап етеді.
Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық жастағы тобы үшін “Үміт” спорт клубының ашылуымен мүгедектер спортының көптеген мәселелері шешілді. Клубтың тағы бір ерекшелігі – спортшылардың жасына, шеберлік деңгейіне шектеу қойылмаған. Сондықтан біз үшін клубқа келіп жүрген жандардың спорт арқылы өздерінің ағзасының шексіз мүмкіндігі мен әлемді танып, жаңа адамдармен танысып, өз күштеріне сенгендері аса маңызды. Біздің басты мақсатымыз – тәрбиеленушілерімізге өмірдің мәнін спорттан, ал әлемді пәтер бөлмесінен емес, қоршаған ортадан, қоғамнан табуға болатындығын дәлелдеу.
Біз клубқа келгендердің барлығы халықаралық дәрежедегі спорт шебері немесе паралимпиадалық ойындардың жеңімпазы атанып, әр деңгейлі сайыстарда алтын медаль жеңе алмайтындығын түсінеміз. Бүгінде қатарымызда үміт артатын кәсіби спортшылар бар. Олар жаттығу залында тер төгіп, жүйелі түрде жаттығып, бәсекелі сайыстарда өңір намысын қорғауда. Ал келушілердің басым бөлігі тек өздері үшін, яғни денсаулықтарын қалпына келтіру мақсатында келіп жаттығатындар. Клуб тірек-қозғалыс аппараты, көру және есту органдары зақымданған мүгедектермен жұмыс жүргізеді. Мұндағы әртүрлі секцияларда мүгедектер шағын футбол, футбол, жағажай футболы, пауэрлифтинг, спорттық қоларбамен жарыс, шаңғы жарысы, жеңіл атлетика, дартс және жүзу бойынша жаттығады. Клуб солтүстікқазақстандықтар арасында беделге ие. Бір атап өтерлігі, егер мамыр айында отыздан астам адам клубқа жүйелі түрде келіп жаттықса, бүгінде жүйелі түрде жаттығатындар саны жүзден асты. Барлық келушілерге кіру тегін. Ең бастысы – клубтың ашылуының арқасында мүгедек спортшылардың жоғары спорттық нәтижелерге ие болуына мүмкіндік туды.
“Қарасай” стадионының базасында орналасқан “Үміт” клубының есігі келем деушілерге әр уақытта ашық. Әсіресе, клубтың материалдық-техникалық базасы жақсарып келе жатқандығы қуантады. Спорт күні мерекесіне орай өткен салтанатты жиында облыс әкімі Самат Ескендіров көптеген мүгедек спортшылар, соның ішінде құлағы нашар еститін, көзі көрмейтіндерге қамқоршы болған “Үміт” клубы спортшыларының оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға баруына аса қажетті “ГАЗель” автокөлігінің кілтін табыстады. Енді солтүстікқазақстандық өңірдің паралимпиадалық жұлдыздары жаттығуға клубтың арнайы көлігімен жеткізіледі. Сондай-ақ Сергей Харламов пен Владимир Эрманға облыс әкімінің ай сайынғы стипендиясы тағайындалған.
Бүгінгі таңда облыстағы мүгедектер спортына облыс басшылығы тарапынан кең қолдау көрсетілуде. Әр жылдары маңызды турнирлерде Евгений Тетюхин, Олег Сысолятин, Сергей Харламов, Руслан Долобаев, Владимир Эрман, Елена Мазуренко және Қайрат Қанафин өңір намысын абыроймен қорғаған болатын. Олардың жеңістері мен спортта жеткен жетістіктері жерлестерінің көз алдында, ал тағдырдың жазуына мойынсынбаған спортшылардың қайрат-жігері өзгелерге үлгі-өнеге болуда.
Мүгедектердің мәселелерін шешуге, оларға әлеуметтік қолдау көрсету және сауықтыру, жұмысқа орналастыру, спорттық және шығармашылық дарындарын ұштауға мемлекеттің кең қолдау көрсетіп, әлеуметтік саясаттың басымдықтарға ие бағыттарына жатқызатыны мен үшін үлкен қуаныш. Мұндай ең жоғары дәрежедегі қолдаудың арқасында көптеген адамдар өз кеселдерін жеңіп, кең тыныстап өмір сүрері анық. Клуб дарынды спортшыларды табуға, олардан кәсіби спортшы даярлауға өзінің сүбелі үлесін қоспақ.