Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Инновацияны дамыту және индустрияландыру бағдарламасы бойынша көптеген жаңа өндіріс орындары салынып жатқан уақытта жас буын өкілдерін инженерлік-техникалық мамандықтарға баулу өзекті мәселеге айнала түсуде. Әсіресе, қолынан іс келетін жоғары білімді жас инженер мамандарға деген сұраныс зор. Техника тетігін жақсы меңгерген, жаңа технологиямен жұмыс істей алатын жас маман Данияр Кошкенов осындай өрендер қатарынан. Ол Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-ды “Электр энергетикасы” мамандығы бойынша тамамдаған. Жамбыл ауданының Есперлі ауылында туып-өскен ұлан жоғары оқу орнының қабырғасында жүріп, инженерлік саланың қыр-сырын үйренуге ерекше ден қойыпты. Инженер мамандықтарына деген сұраныстың зор болуына қарамастан, бұл мамандыққа оқығанның жұмыс табуы оңай емес. Жұмыс берушілер білімге зор мән береді. Данияр Кошкенов бүгінде “Қазтелерадио” АҚ облыстық филиалында инженер болып қызмет істейді. Университетте грант бойынша оқып, білікті мамандар шоғырланған ұжымға келген сәтінде бірқатар сыннан өткен. Негізгі пәнді жақсы білуі жас маманның еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жол ашқан. Қазір Данияр филиалда телекоммуникация саласы бойынша түрлі қызметті атқарып келеді.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.