Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Биылғы жыл қаладағы “БЭСТ” гимназиясының оқушысы Азалия Тілегенова үшін өте табысты басталды. Жуырда ол облыстық олимпиадада француз тілінен бақ сынаған өрендердің ішінде бірінші орынды жеңіп алды. Енді ол француз тілі бойынша Шымкент қаласында сәуір айында өтетін республикалық сайысқа дайындалуда.
Азалия шет тілін оқуды ағылшын тілінен бастаған. Үшінші сыныптан бастап француз тіліне ықылас аударуы оның тамаша әуезділігін ұнатқанынан болса керек. Бұл орайда оқушының осы тілге деген зор сүйіспеншілігін оятқан сүйікті ұстазы Евгения Комаренко екенін де атап өткен жөн. Ол Азалияға 5-ші сыныптан бастап осы тілден сабақ беріп келеді. Ал 8-ші сыныптан бері шәкіртімен жеке жұмыс істеуінің нәтижесінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Облыстық олимпиададағы жеңісі – соның жемісі.
“БЭСТ” гимназиясы – қалада француз тілін оқытатын бірден-бір мектеп. Ондағы білім алатын балалардың он шақтысы жыл сайын тіл олимпиадасына қатысып жүр. Гимназия түлектерінің ішінде оқуларын Францияда жалғастырып жүргендер де бар. Солардың бірі – Азиза Әбілова екі жылдан бері ондағы жоғары оқу орнында білім алуда. Биылғы француз тілінің облыстық олимпиадасына мектептің үш оқушысы қатысқан болса, соның ішінде 11 “а” сыныбының оқушысы Азалия Тілегенованың мерейі үстем болды.
СУРЕТТЕ: А. Тілегенова.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.