Инновациялар енгізуге бағытталған ғылыми қамтымды экономика құру үшін ғылыми жобаларды коммерцияландырудың тетіктерін енгізу керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингте Қазақстанның Жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының бірінші вице-президенті – “Парасат” ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің ғылыми консультанты Нұралы Бектұрғанов мәлім етті.
“Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен құрылған “Парасат” холдингі ғылыми қызметкерлерге олардың ғылыми жобаларын коммерцияландыруға, яғни коммерцияландыру тетігін игеруге көмектесе алады. Өткен 5 жылдың ішінде “Парасат” холдингі Қазақстанның Жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясымен бірлесіп, бұл бағытта біраз жұмыс жүргізді. Және бүгінде бірқатар ұсыныстарымыз депутаттардың қарауында жатыр”, – деді Нұралы Бектұрғанов.
Айта кету керек, Қазақстанның Жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының және “Парасат” холдингінің ғалымдары бүгінде жекеменшік сектормен бірлесіп, тәжірибелік-өнеркәсіптік учаскелер құруда. Атап айтқанда, Орал қаласында жабық жағдайда бекіре балықтарын өсіретін тәжірибелік учаске ашылса, Қарағанды қаласында өсімдік шикізатынан дәрілік фитопрепараттар жасау және металлургиялық кремний өндіру учаскелері, Өскеменде биологиялық белсенді “Тагансорбент” қоспаларын шығаратын тәжірибе учаскесі, ал Астанада топырақты биологиялық азотпен байытуға және бұршақ дақылдарының шығымдылығын арттыруға арналған “Ризовит-АКС” биопрепаратын шығаратын және жарық-диодты жарықтандыру жүйесін шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіптік учаскелер ашылған.