«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕГІ МӘДЕНИЕТ деңгейі көңілден шыға ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазір Петропавлдағы үлкен-кіші автобустардың саны көп, қала ішінде жүру уақыттары да бір жүйеленіп қалған. Бұл, әсіресе, қыстың қытымыр суығында шаһардың бір шетінен екіншісіне баратын тұрғындар үшін қолайлы. Алайда, бүгінгі қоғамдық көліктер ішіндегі мәдениет, әсіресе, жол ақысын жинайтын жолсеріктердің киім киісі көңілге қона бермейді.

…Аялдамада тоңып біраз тұрған соң келіп қалған көлікке қуана-қуана мініп аласың. Ішіне кірген соң бірер секундтардан кейін жан-жағыңа қарап, бос орындық іздей бастайсың. Қазір аяғы ауыр әйелдерге, үлкен қарт адамдарға орын беру деген қиын. Жастар жағының кейбіреуі ондай кезде өтірік ұйықтап қалса, екінші біреулері сені көрмегендей сыңай танытады. Сонымен, қысылып-қымтырылып, діттеген жеріңе әйтеуір жетіп алу үшін бір аяқпен болса да тұруға дайын боласың. Осындай бір сәтте жолаушылардың арасынан киіп-жарып, кондуктор деген “мықты” көрінеді. Бірінші оның үстіне киіп алған киім-кешегіне көзің түседі. Қабат-қабат күртешелер, оның үстінен белді буып алған шәлі “мен мұндалап” көрініп тұрады. Оның сыртынан тағы бір жеңілдеу сырт киім киіп алады. Кисе, кисін-ау, есіктің қасында, желдің өтінде отыратын болған соң, әрине, жылы киінгендері дұрыс та. Бірақ сол киімдер таза әрі барлық кондукторларда біркелкі болса ғой. Әдемі әрі тартымды болар еді. Олар көліктің ішінде әрлі-берлі жүреді, сондай кезде жұмыс киімдерімен отырған жолаушыларға да сүйкеніп өтіп жатады. Осындай кезде тіліңді тістеп әрең отырасың, бірақ үндемейсің. Аузыңды ашсаң, бәлеге қаласың. Себебі, олар өздерін көлік ішінің құдды бір қожайыны санайтын сияқты. Жол ақшасын төлесең, іштей жылылық танытады. Ал кейбір жолсеріктер жол жүру билетін, я болмаса тегін жүретін топтағы адамдардың құжаттарын көрген кезде біртүрлі ұнатпайтын сыңай танытады. Неге екені белгісіз, мүмкін, олар үшін тәуліктің түсімін молайту бірінші орында тұратын шығар? Әйтеуір, ақшасын төлесең де, арнайы билетпен жүрсең де, қоғамдық көліктегі мәдениет көңіл көншітерлік емес.

Жүргізуші мен жолсерік отыратын орын жайында әңгіме мүлде басқаша. Ішіп отырған тамақтары да, бәлен жыл бойы ілініп, әбден шаңның астында қалған түрлі-түрлі ойыншықтар да, түрлі дискілер, өздеріне қажетті ұсақ-түйек заттардың барлығы да бір жерде. Көрмейін десең де, көзге түседі. Кейбір жол-серіктер ақшаны санап-санап, алдында жайылып жатқан жұмсақ жапқыштың астына тыға салады. Бұл қоғам ішінде әрлі-берлі жүргенде қолды болмасын дегендері ғой, тегі. Бірақ қайтарып берер ақшалары жетпей жатқанда соның ішінен алып, берген кезде, шыны керек, қолыңа қолғап киіп алмасаң, болмайтын сияқты. Себебі, айлап емес, жылдап жатқан жапқыштың таза болуы да екіталай. Оның үстінде ақша да санайды, тамақ та ішеді. Егер жүргізуші шылым тартатын болса, темекісі мен басқа да ұсақ-түйектердің барлығы бір жерден табылады. Енді осы көріністі көз алдыңызға елестетіп көріңіз …

Қоғамдық көліктегі осындай олқылықтарды көзің шалса, көңілің түсіп қалады. Қарап отырсақ, медицина қызметкерлерінен бастап, жол тазалығына жауап беретін жұмысшылардың өзінде арнайы киім үлгісі бар емес пе?! Олай болса, болашақта осы мәселе бір жүйеге келсе, нұр үстіне нұр болар еді. Астана қаласына барғанда қоғамдық көлік ішіндегі қызметкерлерге қарасаң, көзің тояды. Киімдері біркелкі, тіпті, арнайы эмблемалары да бар. Қандай тамаша?! Елордамызға қарап, біз де осы бағытта бой түзесек, мәдениетіміздің дамуына қосқан бір

үлесіміз болар еді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp