«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛЖАР” БАЗАРЫ қымбатшылыққа тосқауыл қоюға тырысуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жұртшылыққа “Қызылжар-Ақбастау” немесе “Қызылжар” коммуналдық базары атауымен танымал сауда орны әу баста – әлемдік экономикалық дағдарыс белең алған, инфляция шарықтап кеткен шақта тұрғындарды тұрақтандырылған азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында қалалық әкімдіктің қарамағында құрылған болатын. Көп ұзамай оған одан да зор міндет жүктеліп, облыстық әкімдіктің Қаржы басқармасының қарамағына өтті. Ал одан кейін “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына берілген еді. Бұл корпорацияның құрамында әр салада қызмет ететін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар. Солардың бірі – “Солтүстік қаржы компаниясы” ЖШС-і коммуналдық базарды корпорациядан жалға алып, өткен жылдың соңына дейін тұрақтандыру қорының қаржысымен жұмыс істеп келді. Алайда, осы тұрақтандыру қоры қаржысының тоқтап қалуына байланысты базарды ол осы жылдан бастап өздерімен үзеңгілес “Солтүстік басқарушы компаниясы” ЖШС-іне тапсырды.  

Соған байланысты “Солтүстік басқарушы компаниясы” ЖШС-нің директоры Қанат Қоңқашовқа жолығып, коммуналдық базардың қазіргі жағдайына қанықтық. Ол сөзін серіктестіктің осыған дейін атқарып келген қызметінен бастады.

– Базар ғимаратында қоныс тепкен үзеңгілес екі компания да “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК” АҚ-ның еншілес кәсіпорындары, сондықтан базарды бірінен алып, екіншісіне бергені айтарлықтай құрылымдық өзгеріс әкелмейді. Әріптесім Жебе Ысқақов басқаратын қаржы компаниясы корпорацияның басқа қаржылық жұмыстарын жүргізе береді де, базардағы жұмысты үйлестіру міндеті бізге жүктеліп отыр. Бұған дейін біздің басқарушы компаниямыз “Солтүстік” ӘКК ҰҚ” АҚ-ның аясында ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіп келді. Оған 2011-2012 жылдары бөлінген қыруар қаржы есебінен қалада бірнеше тұрғын үйге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдан бері корпорацияға аталмыш бағдарлама бойынша қаржы бөлінген жоқ, тек қайтарымды қаржының есебінен аздап жаңғырту жұмыстары жалғасын табуда.

Сөйтіп, сәл жеңілдеген жұмысымызды базардың салмақты жүгімен толықтырып отырмыз. Базарды өзіміз корпорациядан жалға алып, 180-нен астам қосалқы жалгерге сауда орындарын береміз. Олар ай сайын 4 миллион теңгенің көлемінде жал ақысын төлейді, оның 2,5 миллиондайы корпорацияға өзіміздің жал ақымыз ретінде өткізіліп, қалғаны салыққа, қызметшілер жалақысына және тағы басқа шығынға жұмсалады. Біздің міндет – тұрақтандыру қоры болмағанымен, бағаның күрт өсіп кетуіне жол бермеу. Ол үшін жалгерлердің сауда орнының жалгерлік құнын өсірмеуге тырысамыз. Олар алдын ала жасалған шартқа сәйкес жалгерлік төлемдерін банк арқылы өткізеді, – дейді Қанат Оралбайұлы.

Иә, коммуналдық базардың әкімшілік-құрылымдық өзгерісі болмаса, сауда жұмыстары сол бұрынғысынша. Ғимараттың бірінші қабатында 120 қосалқы жалгерлік орын бар. Олар негізінен азық-түлік тауарларын сатумен айналысады. Соның ішінде ірі тауар өндірушілердің павильон-дүңгіршектері бар. Мысалы, “Казмясопродукт”, “Леонтьев” және “Бойко” ЖШС-лері мұнда кәсіпорынның өзіндегі баға бойынша сауда жасайды. Ал “Алекри”, “СК Атай” және “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-нің жұмыртқалары сапалық санаттарына қарай ондығы 165-тен 220 теңгеге дейін тұрады. Сондай-ақ бірінші қабаттағы қымызхана- асхананы да қала жұртшылығы жақсы біледі.

Әрбір сенбі – базардағы жәрмеңке күні. Онда Қызылжар, Аққайың, Есіл және Уәлиханов аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сауда жасайды. Қанат Қоңқашов оларға жалсыз тегін орын берілетінін, жәрмеңке күні, әсіресе, ет, сүт, құс өнімдерінің өте көп түсетінін айтады. Қала тұрғындары бұл күні ауылдықтардың өндірген арзан да сапалы тауарларын алуға көп келеді. Ал жұмыс күндерінде осы ауылдықтардың сауда жаймаларының бос тұрғанын көрдік. Жәрмеңкеде сатылатын мол сүт өнімдерінің ғана жоқтығы болмаса, базарда жай күндері сатылатын басқа өнім түрлері жеткілікті. Айталық, қара малдың сапалы қоң етінің килограмы 1100 теңгеден аспайды, өзге сүйекті мүшелерін 800-1000 теңгеден алуға болады. Сауда сөресіне түсетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәрі осындағы 27 жылдық еңбек тәжірибесі бар ветеринарлық сарапшы Надежда Никонованың зерттеуінен өтеді. Ет сақтайтын екі мұздатқыш камера жұмыс істейді, ал үшіншісі резервте тұр.

– Базардың екінші қабатында негізінен өнеркәсіп және шаруашылық тауарлары сатылады. Онда 80-ге жуық қосалқы жалгерге сауда орындары бөлінген. Олардың барлығы дерлік бутик немесе павильон үлгісінде, сауда жүргізулеріне өте ыңғайлы. Сондай-ақ бұл ғимаратта ауладан тура кіретін өз есіктері бар екі жиһаз шығаратын жеке кәсіпкерлік кәсіпорыны мен тұшпара және нан-тоқаш цехтары қосалқы жалгерлікпен жұмыс істейді. Олардың барлығына жылдық төлем деңгейі өткен жылғы мөлшерде қалып отыр. Әзірге коммуналдық базарда жалгерлік төлемді көтеру жайы сөз болған емес. Жуырда қалалық әкімдіктегі кеңесте базарлардағы бағаны тұрақтандыру мәселесі қаралып, оның көтерілуіне әсер ететін қадамдардан аулақ болу қажеттігі сөз болды. Ол алдымен жалгерлердің жалгерлік ақысының негізсіз көтерілмеуіне байланысты. Біз оны қатаң бақылауда ұстап, қосалқы жалгерлермен бекітілген мүліктік жалға алу тарифтері бойынша жұмыс істейміз, – дейді Қанат Оралбайұлы.

Бүгінде тұрақтандыру қоры жұмыс істемейтіндіктен, коммуналдық базардағы азық-түлік тауарларының бағасы көтеріле түседі екен деген түйткіл тумаса керек. Сауда орны бұрынғысынша жұмысын жүргізіп жатыр. Ет, сүт және көкөністерге баға өткен жылдың деңгейінде. Оны күштеп тұрақтандыратындай қажеттілік туындап отырған жоқ. Кейде сол күштеп танылған баға тұрақты жұмыс істей бермейді. Оған бір кездері кең тараған “Шапағат” сауда жүйесінің өзін ақтай алмағаны дәлел. Тұрақтандыру қорымен жұмыс істеу үшін оның тыңғылықты материалдық базасы болуы тиіс. Айталық, қысқа қажетті көкөніс дайындап қою үшін оны арзан бағаға өндіретін өз кәсіпорны және жиналған өнімді сақтайтын орны болуы керек. Біздегі қала базарларында көтерме “Южный” базарынан басқаларында ондай қойма жоқ. Яғни, өзі өндіріп және өзінде сақтамаған соң сырттан сатып алынатын өнімдерден тұрақтандыру қорын құру өте қиын. Көбінде оның бағасы базар нарығынан асып түсіп жатады. Сондықтан оның дұрыс тетігін таппайынша, құр бекерге қаржы шашқан да жөн емес. Осы тұрғыдан алғанда коммуналдық базардың әзірге нарық жағдайына сәйкес жұмыс жүргізуден басқа амалы жоқ. Қажетті бақылау мен қадағалау болса, оның өзі де айтарлықтай нәтиже берері сөзсіз. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сапалы және арзан өнімдеріне деген сұранысты апта сайын өтетін жәрмеңкелер өтеп тұр.

СУРЕТТЕРДЕ: “Солтүстік басқарушы компаниясы” ЖШС-нің директоры Қ.Қоңқашов; сауда алаңынан көрініс.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp