Кеңес Одағы кезінде Мәскеуде 1980 жылы тұңғыш рет жазғы Олимпиада ойындары өткізілсе, биылғы жылдың 7 ақпанында Сочи қаласында Россия Федерациясының тарихындағы алғашқы қысқы ХХІІ Олимпиаданың алауы тұтанады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қысқы спорттың жеті түрі бойынша 1998 жылғы Наганодағы (Жапония) Олимпиададан бастап екі мыңнан аса үміткер ең байрақты бәсекелерінде шеберлік пен күш-қайрат сынақтарына түсіп келеді. Сочидің алдындағы Ванкувер (Канада, 2010 жыл) ойындарында 2766 спортшы бақтарын сынағанды. Мамандардың пайымдауынша, Сочиде қатысушылардың саны бұдан кем болмауға тиіс.
Қазақстан Республикасының спортшылары Олимпиадаға қырықтан астам лицензия иеленуге мүдделі. Бұған біздің өңірден конькишілеріміз үлес қоса алатыны анық. Бүгінгі күнге дейін үш жерлесіміз осындай құрметке бөленді. Олар – Дмитрий Бабенко, Роман Креч және Елена Урванцева. Бұлардың ішіндегі ең ысылғаны Д. Бабенко 2006 жылы Туринде (Италия) және 2010 жылы Ванкуверде (Канада) ел намысын қорғап еді. Ал соңғы екі конькишіміз халықаралық деңгейде мұндай дәрежеге әлі қол жеткізе қойған жоқ.
Мен конькиден облысымыздың бас жаттықтырушысы Александр Суровяткиннен жерлестеріміздің мүмкіндіктері жайында сұрағанымда, ол қысқа ғана жауап қайырды:
– Қиын, аса қиын. Олимпиада ойындарының тынысы бөлек. Онда жеңіске жету ерлікпен парапар. Алайда, үміттену керек. Жолдары болсын!
“Үміттену керек” дегеннен шығады, 2010 жылғы ойындарда Қазақстанға күміс алқа алып берген биатлоншы Елена Хрусталеваны Ресей құрамасынан шығарып тастағанда, ол Ванкуверде мерейге бөленгенін ұмытуға болмайды. Сондықтан жерлестерімізге осындай сәттілік тілейміз!
Дмитрий Бабенко өзге екі жерлесімізге қарағанда, ересектеу және соған орай тәжірибелі де. Оны оқушы кезінен көзі қарақты жаттықтырушы Николай Зубарев көптің ішінен байқап, Петропавлдағы балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебіндегі өзінің тобына алғанды. Көп ұзамай конькишіні облысымыздағы ең шебер бапкерлер санатындағы Александр Суровяткин мен Ольга Ихтендрис жаттықтыра бастаған. Аз ғана жыл аясында шәкірт республикалық коньки спорты федерациясының жоғары шеберлікке белгілеген нормативтерін орындап, халықаралық деңгейдегі нәтижелерге қол жеткізді.
1985 жылдың 22 наурызында Петропавлда туған Д. Бабенко 2006 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетін тамамдаған. Ол конькиден Қазақстан Республикасының негізгі құрамының мүшесі ретінде соңғы жылдардағы ірі халықаралық жарыстардың бәрінде еліміздің намысын қорғап келеді. Атап айтқанда, Сочи Олимпиадасы ол қатысатын үшінші ойындар болмақ. Алғаш рет жиырма бір жасында Туриндегі (Италия) ХХ Олимпиадада сынға түскен еді. 2010 жылы Ванкуверде жарыс жолына шықты. Ванкувердегі ойындарда ол 5000 метр қашықтықта он алтыншы орын алды.
Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Азия чемпионаттарында жүлделер еншіледі. 2011 жылғы жетінші қысқы Азия ойындарында да жүлделерге қол жеткізді. Өткен жылы Канаданың Калгари қаласында 5000 метр қашықтықта әлем кубогы үшін жарысып, он үшінші нәтиже көрсетті.
Сочи Олимпиадасына даярлықтың барысында Д. Бабенко Жапонияда өткен Азия чемпионатында көпсайыста және оның жекелеген түрлерінде сынға түсті және қорытындысында, сондай-ақ 1500, 5000, 10000 метр жарыс жолдарында толық жеңіске жетті.
Еліміздің құрамасының бапкерлерінің бірі Сергей Мелехов баспасөздегі сұхбаттарының бірінде Д. Бабенконың қазіргі бабы бұрынғы жылдардағыдан жақсы екендігін атап көрсетті.
Жиырма төрт жасар Роман Креч – қысқа қашықтықтарда жарысуға машықтанған конькиші. Ол да СҚМУ-дің дене шынықтыру факультетінің түлегі. 2000 жылдан бастап Н. Зубаревтің қарамағында жаттығып келді. Кейінгі жылдары О. Ихтендрис пен А. Суровяткин баптап жүр. Ең оңтайына келетін қашықтығы – 500 метр. Осы қашықтықта елімізде Роман Кречтің алдын орай қойған ешкім жоқ. Ол Қазақстан Республикасының чемпионаттарында әлденеше дүркін жеңістерге жетті. 2009 жылы еліміздің спартакиадасында да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Аталған қашықтықта 2013 жылғы спартакиадада тағы да осындай мерейге бөленді. Өткен жылдың қазан айында Астанада ел чемпионатында жеңіске жетті. 2012 жылы Әлем кубогында 500 метрге жарысуда 34,32 секунд уақыт көрсетіп, рекорд жасады. Сол жылы Азияның чемпионы атанды. Р. Креч, жас болса да, 2010 жылы Ванкувердегі ойындарға қатысып қайтты.
Биылғы қаңтардың төртінші жұлдызында жиырма беске толған Елена Урванцева да Петропавлда дүниге келген. СҚМУ-дің түлегі. Е. Урванцева еліміздің құрама командасында бұрындары Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен жерлесіміз Наталья Рыбакованың орнын басты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазыбек Байболов атындағы қысқы спорт түрлері мектебінде А. Суровяткин мен О. Ихтендристің басқаруымен 2004 жылдан, жасөспірім кезінен жаттығып келеді. Қазақстан Республикасының чемпионаттарында неше мәрте мерейі үстем болып, құрама командамыздың сапынан орын алып жүр. Е. Урванцева – спортқа дарынды балалардың облыстық мектеп-интернатының мақтанышы. Ол 2012 жылы Польшаның Закапане қаласында студенттердің әлем чемпионатында көпсайыста күміс алқа тағынды. 2013 жылы республикамыздың үшінші қысқы спартакиадасында командалық жарыста жеңіске қол жеткізсе, 3000 және 5000 метр қашықтықтарда екінші нәтижемен күміс алқаны олжалаған. Ал сол жылдың желтоқсан айының соңында Қазақстан Республикасының кубогы жолындағы жарыста 3000 метрде алдына жан салмады. Сондай-ақ 2014 жылдың қаңтар айында ел чемпионатында осы қашықтықта тағы да мерейге бөленіп, алтын алқаны олжалады. Чемпионатта командалық есепте күміс алқа еншіледі.
– Біз үміт артып отырған бұл үш шәкіртіміздің үшеуі де табанды, жігерлі. Ерінбей-жалықпай жаттығуларының арқасында үнемі жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Әрине, қарсыластары осал емес. Әсіресе, скандинавиялықтар, америкалықтар мен канадалықтар, немістер, Азияның Жапония, Корея елдерінің конькишілері әдеттегідей жеңіске ұмтылады. Біздің шәкірттеріміздің жақсы даярлық деңгейіне жетіп, бабын сақтап келе жатқанын Қазақстанның конькишілер құрамасының бас бапкері Вадим Саютин атап көрсетті, – деді олардың Петропавлдағы жаттықтырушысы Ольга Ихтендрис.
ХХІІ Олимпиаданың алауы тұтанатын күн алыс емес. Үмітіміз – үш жерлесімізде. Ал қазір Олимпиада төңірегінде әңгіме қызып тұр. Айтулы мамандар қазірдің өзінде болжам жасап қойыпты. Соларға қарағанда, Қазақстан спортшыларына бұйыратын орындар оншалықты көп дей алмаймыз. Атап айтқанда, ең негізгі үміткер – шаңғышы Алексей Полторанин. Ол соңғы айлар бойы өзінің жеке бағдары бойынша жаттығып, Әлем кубогының кезеңдерінде сүйікті қашықтығы – 15 шақырымда классикалық әдіспен жарысуда жоғары нәтижелер көрсетіп, бірқатар жеңістерге қол жеткізді. Демек, Олимпиадада оның жолы болуы мүмкін деген болжам жасалуда. Сондай-ақ конькимен мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен қостанайлық конькиші Денис Кузин (1000 метр) жүлде алудан үмітті, – дейді спорт мамандары.
Сочиде еліміздің көк байрағын шаңғышы Ердос Ахмадиев көтеріп шығатын болды.