Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше “Үздік жас мемлекеттік қызметші” кәсіби шеберлік конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы анықталды. Ол – облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы Әйгерім Исина. 23 жастағы үздік мемлекеттік қызметшінің аталмыш басқармада еңбек етіп жүргеніне – бір жыл.
– М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің экономика факультетін тамамдағаннан кейін Шал ақын ауданында жарты жыл жұмыс істедім. Содан кейін облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ауыстым. Мемлекеттік қызметте көп жұмыс істемесем де, бүгін осындай жетістікке жеткеніме өте қуаныштымын. Жүлделі орын алатыныма сенімді болсам да, үздік атанамын деп ойлаған жоқ едім, – дейді Әйгерім.
Енді оның алдында аталмыш конкурстың республикалық кезеңінде өңір намысын қорғау міндеті тұр.
Ал аталмыш конкурста 2 және 3 дәрежелі дипломмен Жастар саясаты мәселелері жөніндегі, Дене шынықтыру және спорт басқармаларының бас мамандары Данияр Қапезов пен Мақпал Шибитова марапатталды. Жеңімпаздарға теледидар, ноутбук және планшет сияқты бағалы сыйлықтар тарту етілді. Ал конкурстың өзге қатысушыларына дипломдар тапсырылды.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.