“Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғырту жолымен дамытуға айрықша көңіл аударды. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне жаһандық сұраныс өсіп отырған жағдайда Қазақстан өзінің азық-түлік нарығындағы көшбасшылық мүмкіндігін көрсетуі және ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуы тиіс. Ол үшін егіс алқаптарын кеңейту, жаңа технологиялар енгізу есебінен астық шығымдылығын айтарлықтай көтеру қажет, сонымен бірге елімізде бүгінгі күннің талабына сәйкес келетін мал шаруашылығының жемазық базасын құру қуаты да бар. Ел Президентінің берген тапсырмаларын орындау мақсатында былтыр ақпан айында қабылданған агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған “Агробизнес – 2020” кешенді бағдарламасы да айрықша орын алады.
Осы бағытта Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның еңбеккерлері айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, ауыл шаруашылығын дамытуда серпінді қадамдар жасауда. Соған байланысты аудан әкімінің ауыл шаруашылығы және экономика жөніндегі орынбасары Қайрат Омаровқа жолығып, сөзге тарттық.
– Қайрат Қайроллаұлы, әңгімемізді агроөнеркәсіп кешенін дамытудың соңғы қабылданған бағдарламасынан бастағанымыз жөн болар. Сіздің ауданда оның әсері сезіле ме?
– Иә, агроөнеркәсіп кешенінде бұл бағдарламаны жүзеге асыру саланы тұрақты дамытудың оң үрдістерін нығайтуға мүмкіндік берді. Айталық, өндірістік көрсеткіштеріміздің тұрақты өсімі және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсаруы – соның айғағы. Былтыр аудан аграршыларының алдына бәсекеге қабілетті өнім өндіру жөнінде зор міндет қойылды. Ауданымызда астық, майлы және бұршақтық дақылдарды өндіру көлемін ұлғайту басым бағыт болып қала береді. Олардың соңғы екеуінің егістік жерлерін кеңейту үшін 46 мың гектардан асатын парлы танаптар дайындалды.
Былтырғы жыл қаншалықты күрделі болғанымен, тексерілген және кондициялы деп танылған, соның ішінде 90 пайызы 1 және 2-сыныптағы сұрыпты және аудандастырылған тұқым сіңірілді. Ауданымызда сұрып жаңартумен айналысатын элиталық тұқым шаруашылығы бар, соның арқасында демеуқаржыландырылған 2,5 мың тонна элита тұқымы себілді, ол жалпы көлемнің 3 пайызын құрайды. Осылайша жыл сайын тұқым сапасы жақсартылып келеді.
Аудан егіншілері былтыр – 610,8 мың гектар дәнді және бұршақтық дақылдар, соның ішінде 532 мың гектар бидай өсіріп, олардың әр гектарынан 16,4 центнерден өнім алып, барлығы 1 миллион тонна астық жинады. Ал майлы дақылдар өсірумен ауданның 33 шаруашылығы айналысып, 43 мың гектар алқаптан 44,0 мың тонна майлы дақылдар алды. Осы нәтижелерге техникалық жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізіп, соңғы жылдары жүргізілген егіншілік мәдениетін жетілдірудің бағдарлы жұмыстарының арқасында қол жетті деп есептеймін.
– Аудандағы егіншілік мәдениетін көтеру технологияларына қысқаша тоқталып өтсеңіз, сондай-ақ өндірісті демеуқаржыландыру жайында не айтарыңыз бар?
– Дәнді дақылдар өсіруде негізінен нөлдік және ылғал үнемдеуші технологиялар қолданылады. Былтыр олар 585 мың гектар алқапта қолданылды. Танап шығымдылығын жақсарту минералдық тыңайтқыштар енгізуді қажет етеді. 2013 жылы 36 мың гектар алқапқа 5,5 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Бұл бағытта “Тұқым”, “Янтарь – 98” және “АЗКО” ЖШС-лері жүйелі түрде жұмыс істейді, сондықтан нәтижелері де жоғары.
Сол сияқты жақсы өнімділікке қол жеткізуге дұрыс өңделген парлы алқаптардың да ықпалы бар. Былтыр бізде ол 69 мың гектарды құрады, 3-4 ізде өңдеу жұмыстары жүргізілді. Егістерді көктеген кезінде химиялық өңдеу 612,8 мың гектарда атқарылды. Мұндай ауқымды көлемде жұмыс жүргізу жаңа жоғары өнімді дәрішашқыш техникалардың арқасында мүмкін болды.
Ал демеуқаржы жайында айтар болсам, себілген дәнді, майлы және жемазықтық дақылдардың әрбір гектарына бөлінетін демеуқаржы өндірісті тиімділікпен жүргізуге ықпал етеді және агроқұрылымдарға бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік береді. Мысалы, өсімдік шаруашылығын демеуқаржыландыруға ауданымыздың агроқұрылымдары 990 миллион теңгеден астам қаражат алды. Минералдық тыңайтқыштар сатып алуға құнын арзандату түрінде жалпы сомасы 152 миллион теңгенің, сол сияқты тұқым шаруашылығын жаңартуға 52 миллион теңгенің демеуқаржысы бөлінді.
– Өндіріс қарқынын арттыруда техникалық жарақтандырылудың маңызы зор. Сіздерде бұл мәселе қалай шешілуде?
– Біздің агроқұрылымдардың шешіп жатқан тағы бір стратегиялық міндеті техника паркін жаңарту мен толықтыру болып табылады. Үстіміздегі жылдың 10 айында аудан шаруашылықтары 1 миллиард 300 миллион теңгеге жуық қаржыға 81 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын алды. Өткен орақта астық тасымалының комбитрейлерлік және үлестік әдістері, жинақтағыш бункерлер мен аралық алаңдар қолданылды. Бір сөзбен айтқанда, орақ агрегаттарының кідіріссіз жұмысын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндік пайдаланылды. Оған, әрине, мықты техникалық жарақтандырудың арқасында қол жеткені анық.
Бұл жерде астық қабылдау кәсіпорындарының жайын да айта кеткен жөн. Ауданда жалпы сыйымдылығы 527 мың тонна 11 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Соның ішінде былтырғы жылы жалпы сыйымдылығы 54 мың тонна 3 астық қабылдау кәсіпорны іске қосылды, сол сияқты қосымша тағы 2 шағын элеватор құрылысы жүріп жатыр. Олар уақтылы астық қабылдау, кептіру және өңдеу үшін қосымша қуаттарды арттырып қана қоймайды, сонымен бірге сыртқа астық жөнелту үшін де қолайлы сегмент болып табылады.
– Елбасы мал шаруашылығын инвестициялық тартымды және бәсекеге қабілетті салаға айналдыру міндетін қойды. Оны Сіздер қалай жүзеге асырып отырсыздар?
– Сөз жоқ, мал шаруашылығы жетекші саланың бірі болып табылады. Қабылданған бағдарламалық құжаттар оның одан әрі дамуын қарастырады және бізде оған қажетті жағдайдың бәрі бар. “Қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасын жүзеге асыру кезеңінде ауданға 5000 бастан астам мал әкелінді, соның ішінде абердин-ангус және герефорд асылтұқымды импорттық мал – 920 бас, отандық селекциядағы асылтұқымдылары – 560 басты құрайды.
Бүгінде ауданда 4 асылтұқымды репродуктор шаруашылық құрылған. Олардың үшеуі “Возвышенка СК”, “Атамекен – Агро – Шұқыркөл” және “Ақселеу” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде жұмыс істейді. Ал биылғы жылы “ҚазАгроФинанс” АҚ-ы аясында “Агрофирма Приишимский” ЖШС-і жобасы жүзеге асырылып, оған АҚШ-тан абердин-ангус тұқымды 181 бас ірі қара әкелінді. Сондай-ақ 2013 жылы “ҚазАгроФинанс” АҚ-ы арқылы “Намыс” ЖШС-нің де жобасы мақұлданып, онда 242 ірі қараға асылтұқымды репродуктор құрылатын болады.
Аудандағы асылтұқымды мал санының жалпы ірі қара мал басына үлес салмағы 12,7 пайызды құрайды. Асылтұқымды мал басын сатып алудың және олардан төл алудың арқасында таяудағы екі жылда асылтұқымды мал басы 22 пайызға дейін өседі деп күтілуде.
Елбасының қолдауымен қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жөнінде жоба қабылданып, мемлекет демеуқаржы беруді күшейтті, шаруа қожалықтарын қолдау жөніндегі бағдарламалар іске кірісті, соның бірі – “Сыбаға” бағдарламасының әлеуметтік маңызы зор.
– Ауданда осы бағдарламаның қалай жүзеге асып жатқанына тоқталып өтсеңіз?
– 2012 және 2013 жылдары “Сыбаға” бағдарламасы бойынша ауданда 19 жоба мақұлданып, олар жалпы сомасы 122 миллион теңгеге қаржыландырылды, оған 573 бас ірі қара сатып алынды. Жалпы сомасы 47 миллион теңгенің 11 жобасы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы, 76 миллион теңгеге жуық 8 жоба “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ арқылы қаржыландырылды.
Жалпы алғанда соңғы 5 жылдың ішінде мал шаруашылығын қолдауға бөлінген қаржы 2,5 есе өсті. Былтыр саланы демеуқаржыландыру бағдарламалары бойынша 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Міне, осы айтылғандардың бәрі егіншіліктегі сияқты мал шаруашылығы саласында да аудан еңбеккерлерінің тәуір нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын көрсетеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Қ. Омаров.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.