«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арман ӨТЕГЕНОВ: “МЕН БІЛЕТІН БОЛАШАҚТЫҚТАРДЫҢ БӘРІ – ҚАРАПАЙЫМ ОТБАСЫЛАРДАН ШЫҚҚАНДАР”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асқан “Болашақ” халықаралық бағдарламасына тура 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде көптеген білімді жастар бағдарлама аясында әлемнің ең үздік оқу орындарында білімдерін жетілдіріп, бүгінде елімізде абыройлы қызмет атқаруда. Сондай талапкер жастардың бірі – облыстық Монополияға қарсы инспекция басшысы Арман Өтегенов. Жуырда білікті маманмен әңгімелесудің сәті түсті.

– Арман Тұрсынұлы, әңгімені туған жер, өскен ортадан бастасаңыз.

– Туған жерім – Қарағанды облысы. Мектеп бітірген соң Қарағандының бизнес колледжін, одан кейін Қарағандының экономика университетін халықаралық экономика мамандығы бойынша үздік бағамен тамамдадым. Бірнеше жыл орталық мемлекеттік органдарда жұмыс атқарып, 2010 жылы Президент жариялаған “Орталық-Өңір” бағдарламасы арқылы Петропавл қаласына көшіп келдім.

– Сізге шетелде білім алу туралы ой қашан келгендігіне тоқталып өтсеңіз? “Болашақ” бағдарламасы арқылы білім алғысы келген жастарға қосымша ақпарат болар еді.

– 2004-2006 жылдары ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында “Мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығында оқып жүрген кезімде “Болашақ” бағдарламасы арқылы шетелде білімімді толықтыруға ниеттендім.  

Бұған дейін Белфаст қаласындағы Ольстер университетінде 3 ай тәжірибеден өткен едім. Сондықтан өзіме жақсы таныс жоғары оқу орнына таңдауым бірден түсті. “Болашақ” бағдарламасының сұрыптауынан өту қиынға соқпады. Әрине, бағдарламаға дейінгі жұмыс тәжірибем өз көмегін берген болуы керек. Қазақ тілі, психологиялық, логикалық тест және эксперттік комиссиямен сұхбат сияқты емтихандарынан мүдірмей өттім. Сөйтіп, 2006 жылы Ұлыбританиядағы Ольстер университетіне білімімді жетілдіруге аттандым.

– Сізді тұманды Альбион қалай қарсы алды?

– Лондондықтар қазақтарды жақсы біледі. Жатырқай қойған жоқ. Мен оқыған оқу орнында елу шақты қазақ болса, ал тобымда оқығандардың басым бөлігі өзім сияқты шетел азаматтары болды.

– Сонда шет тілін өздігіңізден үйрендіңіз бе, әлде арнайы курстан өттіңіз бе?

– Мен оқуға түскен жылдары ондай курстар болған жоқ. Тілдік курстар кейін қосылды ғой. Шынымды айтсам, мектепте жүргенде, ал кейін университетте оқығанда ағылшын тілін үйренуге аңсарым ауған еді. Жалпы өз басым тіл үйренем деп репетитор жалдап, қаражат шашуды дұрыс деп санамаймын. Тіл үйренуде ең бастысы – ынта мен қызығушылық. Үйренем деген азаматқа тосқауыл жоқ. Сонымен қатар, бүгінгі таңда барлық технология мен оқу құралдары мектеп пен университет кітапханаларында толып тұр. Әр үйде Интернет бар – осыларды тиімді пайдалану қажет.

– Ол жақтың білім беру жүйесінің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– ЖОО-да магистратура бағдарламасы заманауи сұранысқа сәйкес құрастырылып, керекті пәндермен, компьютерлік бағдарламалармен жабдықталғаны қуантты. Бастысы, бізге атақты профессорлар дәріс берді. Кітапханалары өте бай. Сосын барлық мәліметті ғаламторға орналастырып, оның мүмкіндігін жоғары деңгейде пайдаланады. Әрі студенттердің білім алуына бар жағдай жасалған.

Шынымды айтсам, оқу маған оңайға тиген жоқ. Дегенмен, қызығы мен шыжығы мол бір жыл әп-сәтте өте шықты. Оқуды үздік бағамен бітіріп, елге оралдым.

– Сіз үшін “Болашақ” бағдарламасының ерекшелігі неде?

– Бұл бағдарламаның мақсаты – Қазақстанның саяси-экономикалық әлеуетін көтеретін білікті кадрлар даярлау. Енді әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарынан білім алып келген жас мамандар Отанымызды өркендету жолында жемісті еңбек етуде.

Жалпы “болашақтықтарға” мықты мүмкіндік берілген – олар миллиондардың арманы болған әлемнің ең таңдаулы оқу орындарында білім алуға қол жеткізуде. Ол жерлердің білімі қай елге де пайдалы. Сосын ол жерде біздің елдің жастары тек білім алып қана қоймай, көптеген елдің білімді жастарымен тәжірибе алмасып, дүниетаным көкжиектері кеңейе түседі.

Мен үшін “Болашақ” бағдарламасының берері өте көп. Бағдарлама өз мамандығымды әлемнің озық оқу орнында жоғары технология мен ең үздік әдістемелер арқылы терең меңгеруіме жол ашты. Өзге елдер Қазақстан жастарына шетелдің жоғары оқу орындарында дәріс алуға мүмкіндік берген ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігіне қызыға да қызғана қарайды деп ойлаймын.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

– Ата-анам – қарапайым жандар. Өмірлік жарымды тауып, 2001 жылы шаңырақ көтердім. Екі ұлым бар. Үлкен ұлым он екі жаста, кенжем алтыда. Осы орайда тағдырыма тікелей әсер еткен ата-анама мәңгілік қарыздармын. Себебі, ағылшын тіліне қызығушылығымды оятып, үйренуіме себепші болған да өздері. Кейін “Болашаққа” емтихан тапсырарда қолдау көрсетті. Ойлап отырсам, олар осылайша менің жетілуіме жағдай жасамаса, қолдау көрсетпегенде, бәрі басқаша болар ма еді?

– Қоғамда шетелде тек байлардың балалары оқиды деген пікір қалыптасқан. Осыған не дейсіз?

– Мен білетін болашақтықтардың барлығы – қарапайым отбасылардан шыққандар. Сонымен бірге “Болашақтың” сынағы өте әділ. Үміткердің білімі жеткілікті болмаса, бара алмайды. Ал шетел асқандар оқуын шалағай оқыса, қайтып келуі ғажап емес. Яғни, барлығы да тең. Кепілдік мәселесі де оңтайлы шешілген. Егер оқуыңның құны бес миллион теңге болса, кепілдікке дәл сол қаражатқа пара-пар дүние-мүлік қою керек деген сөз емес. Оған не үй, не жер учаскесін қойса да, жарап жатыр. Сол себепті шетелде білім аламын деген ұл-қыздарға еш шектеу жоқ.

– Елге оралған соң жұмыс мәселесі қалай шешілді?

– “Болашақ” бойынша білім алғандарды келген бойда жұмсақ орындық күтіп тұрады деген сөз ақиқатқа жанаспайды. Себебі, өз еліне келіп, жұмыс таппай жүретіндер де бар. Егер ресми мәліметке жүгінсек, соңғы 20 жылдың ішінде “Болашақ” бағдарламасы бойынша барлығы он мыңға жуық стипендия тағайындалып, олардың 6 мыңнан астамы бүгінде оқуды бітіріп келсе, 3 мыңға жуығы әлі білім алуда. Бүгінде жүзден астамы жұмыссыз жүр екен.

Ал мен болсам, оқуға барған кезде мамандығым бойынша тұрақты жұмысым болған. Туған жеріме оралған соң жұмысымды әрі қарай жалғастырдым. Одан кейінгі жылдары да әртүрлі салада табысты еңбек еттім. Атап айтар болсам, әр жылдары Салық комитетінде халықаралық салық салу бөлімінің бас маманы, “Қазақтелеком” АҚ мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу департаментінің бас менеджері, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқардым. Ал 2012 жылдан бастап облыстық Монополияға қарсы инспекция басшысы лауазымында еңбек етіп келемін. Сонымен қатар, шетелде алған біліміммен шектелмей, әр жылдары Венгрия, Жапония, Малайзия, Түркия, АҚШ, Франция елдерінде біліктілігімді жетілдіріп, сертификат алдым.

– Ел болашағын жарқын қылу жолында “болашақтықтардың” үлесі қандай болмақ деп ойлайсыз?

– Еліміздің болашағы жарқын екеніне сенемін. Бізде атқарылып жатқан бағдарламалардың көбі өзге елдерде жоқ. Елдің дамуына әркім өз үлесін қосса, сөз жоқ, дами түсеміз. Осындайда бағдарлама түлектеріне ел үміт артады. Бұл орынды. Жастар да дипломдарын сандыққа тықпай, мамандығы бойынша қызмет атқаруда. Ел дамуына елеулі үлес қосуда. Осы орайда Елбасымызға мың да бір рақмет айтқым келеді. Бір айта кетер жайт – өзге өңірлермен салыстырғанда бағдарлама бойынша шетелде білім алып жатқандар арасында солтүстікқазақстандықтардың саны аз.

– Жылан жылының соңында “Болашақ” бағдарламасына 20 жыл толуына орай Астанада өтетін басқосуға қатыса алдыңыз ба?

– Иә, “Болашақ” бағдарламасының түлегі болған соң қарашаның 29-шы жұлдызында Астанада Елбасының қатысуымен өткен ауқымды форумға қатыстым. Бұл шара күнделікті жиын емес. Осынау форумда аталған бағдарламаның бүгінге дейін атқарған істері талқыланып, таразыға тартылды. Сондай-ақ алдағы атқарылмақ жұмыстар байыпталып, мақсаттар мен міндеттер межеленді. Форум барысында осы 20 жылдың ішінде “Болашақ” бағдарламасы бойынша түлеп ұшқан түлектер өз ойларымен бөлісіп, Елбасыға көкейлерінде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.

Форум барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Болашақ” бағдарламасы жанынан “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынды. “Қазақстан – 2050” – біздің ХХІ ғасырдағы ұлттық идеямыз. Ол халқымыз ұмтылатын ұлы құндылықтарды, мақсаттарды айқындайды. Мен Сіздермен өзімді көптен бері толғандырып жүрген идеяны бөліскім келеді. “Болашақ” негізінде “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынамын. Сендер болмасаңдар, мұны кім бастайды? – деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы аталған қозғалыс құрылған жағдайда болашақтықтар оның мән-мағынасын халыққа түсіндіру жұмыстарымен белсенді айналысулары керектігін баса айтты.

“Болашақ” бағдарламасы аясында кәсіби білім алған жастар ел ертеңі үшін аянбай тер төге беретіні анық. Олар қазірдің өзінде түрлі өндіріс орындарында, әлеуметтік нысандарда еңбек етіп, жаңа технологияларды енгізуге мұрындық бола бастады. Шетелден үйреніп келген тәжірибелерімен, білімдерімен бөлісіп, әріптестеріне үлгі болуда. Сондықтан Қазақстан озық дамыған отыз елдің қатарына қосылатын күн де алыс емес секілді.

Өз басым осы болып жатқан игі істер Президентіміздің көрегендік саясатының арқасы деп түсінемін. Біз енді қолда барды бағалап, аянбай еңбектенуіміз қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp