«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРА СӨЗДІҢ ҚАҺАРМАНЫ ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есімі елдің есінде қалған белгілі журналист, қаламгер, қоғам қайраткері Мәлік Мұқановтың туғанына өткен жылдың қарашасында жетпіс жыл болды. 

Қаршадайынан-ақ қолына алған қаламы 2002 жылы, елу тоғыз жасында өмірден озғанынша түспеген Мәлік ағамыз өз есімін ел жадынан өшпестей етіп қалдырған тілші болды. Осы жолдың бастауы “Ленин туында” – бүгінгі “Солтүстік Қазақстанда” қаланды. Одан соң республикалық “Халық кеңесі”, “Егемен Қазақстан” газеттерінде, облыстық “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында қызмет етіп, қоғам өмірінің саналуан қырларын ашып көрсетіп, көкейкесті мәселелерді өткір де батыл көтеріп, жұртшылықтың көңілін толғантқан мақалалары мен телекөрсетілімдерін ұсынды. Ол облыстық мәслихаттың депутаты болған кездері халық қалаулысының мандатын жай ғана иеленіп жүрмей, өңір тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің оң шешілуіне белсене атсалысты. Ұлттық дәстүрлеріміздің, мәдениетіміз бен өнеріміздің, ана тіліміздің жанашыры, қорғаушысы болып, биік мінберлерден ұлт қамы толғандырған лебіздерін тайсалмай, бүкпесіз айтқан оқиғалар жадымызда. Қара сөздің қаһарманы атанған қайсар азамат еді.

Мәлік Мұқановтың жетпіс жылдығын оның талантын ардақ тұтатын жұртшылық, қаламдас інілері, жақын-туғандары С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қазақ әдебиеті бөлімі ұйымдастырған “Ұмытылмас бейне” аталымындағы “Мәкең ед – әділеттің тас қамалы” атты еске алу кешінде атап өтті.

Басқосуда оның жоғарыда аталған қасиеттері осы кешке келген жас ұрпақ өкілдеріне үлгі етіп ұсынылды. Ақын Мүтәллап Қанғожин Мәліктің өзіне, өзінің оған арнаған өлеңдерін оқыса, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры, бас редакторы Кәрібай Мұсырман Мәкеңнің елімізге танылған қаламгерлігі мен қайраткерлігін тілге тиек етті.

Еңбек ардагерлері Ожан Қали, Болат Сағындықов Мәлік Жақыпұлының өмір деректерінен естеліктерді зердеге құйды. Мәкеңнен үлгі алған қаламдас інісі, “Егемен Қазақстанның” өңіріміздегі меншікті тілшісі Өмір Есқали оның есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында атқарылуды қалайтын бірнеше шараларды ұсынды. Ақын Зейнолла Әкімжанов “Қайсар қазақ” атты жырын оқып берді.

Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы алтыншы қазақ орта мектебінің оқушылары Мәкеңнің “Алуа – менің айдыным” атты кітабында жарияланған өлеңдерін жатқа оқыды. Осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әнші Шынар Темірханова көзі тірісінде оның сүйіп тыңдайтын, сазгер Әбиірбек Тінәлиевтің “Фариза” және “Қара бауыр қасқалдақ” әндерін тарту етті.

Залдағы экраннан Мәкеңнің облыстық теледидарда жүргізген хабарларынан үзінділер көрсетілді, сондай-ақ кешке келген жұртшылық “Абзал азамат” атты кітап көрмесімен танысты.

Басқосу соңында сөз алған қаламгердің зайыбы Әдия Ахметова М.Мұқановты еске алған ағаларына, қаламдас әріптестеріне, кешті ұйымдастырушыларға шынайы алғысын арнады.

(Өз тілшімізден).

СУРЕТТЕ: басқосудан көрініс.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp