Биылғы Жолдауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндеттерді орындау мемлекеттік қаржыны жұмсауда және мемлекеттік бюджетті толықтыруда заңдылық пен мінсіз тәртіпті талап етеді.
Степан ЗАЙТЛЕР,
Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры.
Елбасының Жолдауы әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу жолында мемлекетіміз бен қоғамымыздың алдына нақты міндеттер қойып отыр.
Адам мен азаматтың құқығы мен заңды мүддесін ең басты орынға қоятын еліміздің Конституциясының өміршеңдігін дәлелдей отырып, Қазақстан Республикасын “Әлеуметтік мемлекет” деп атаған Елбасының бағытын жалғастыра келе, Жолдау еліміздің өз азаматтарына деген әлеуметтік қамқорлығы жолында жаңа кезеңді нұсқайды. Президент қазақстандықтардың бірқатар санатының әлеуметтік жағдайын айтарлықтай жақсартуды көздейді. Жекелей алғанда, әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салалары қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін қайта қарастыруды тапсырды.
Үкімет 2015 жылдың 1 шілдесіне дейін азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеудің жаңа әдісін әзірлеуі тиіс. Жолдауға сәйкес, бұл денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын 28 пайызға дейін, әлеуметтік саланікін 40 пайызға дейін көтеруді қамтамасыз етуі керек.
Сондай-ақ Елбасы Үкіметке 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектік және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін 25 пайызға арттыруды тапсырды. Бұдан басқа аталмыш уақыттан бастап, “Б” корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы – 15 пайызға, ал 2016 жылдың 1 шілдесінен тағы 15 пайызға өсуі тиіс. Мұндай әлеуметтік серпілістің едәуір мемлекеттік шығынды талап етері сөзсіз. Мемлекет атынан есептеуде заңдылықты, тәртіп пен нақтылықты, жинақылықты сақтау, бюджеттің кіріс бөлігін тиімді толтыру әлеуметтік міндеттерді жүзеге асырудың негізі болуы тиіс.
Азаматтардың құқықтары мен мемлекет мүддесін сақтау – прокурорлық қадағалаудың басым бағыты. Бюджеттік есеп саласы бүгінде прокуратураның жіті бақылауында. Мәселен, өткен жылы солтүстікқазақстандық прокурорлар төрт аудан бойынша мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзу және мемлекет қаржысы есебінен сапасыз құрылыс жүргізу фактілерін анықтады. Мемлекеттік қаржы айналымы саласындағы барлық тексерістер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуына бағытталып, мемлекеттік бюджет шығынын анықтау және қайтару негізінде жүргізіледі. Біздің актілер бойынша 2013 жылы – 550 млн. теңге, соның ішінде 414 млн. теңге өндірілді.
Мемлекеттік органдар жұмысы саласында жүргізілген тексерістер нәтижесінде былтыр 28 іс қозғалып, соның 11-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты болды. Сотқа 7 іс жолданды. Қылмыстық істер бойынша шығын 132 млн. теңгені құрады.
Прокурорлық әрекет ету шаралары негізінде кадастрлық құны 106 млн. теңге болатын, аумағы 2850 гектар пайдаланылмаған 17 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Бұған қоса, сот қарауында осындай 137 мың гектар жерді қайтарып алу жөнінде талаптар жатыр. Бюджеттің кіріс бөлігін толтыруда, яғни өңірде айыппұлдарды өндіру бойынша проблеманы шешуде прокуратураның атқарған ісі зор. Бұл мәселе облыстағы құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің отырыстарында да қарастырылып, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыным жолданды. Нәтижесінде берешекті өндіру бойынша жұмыс жандандырылып, “Авто-Интеллект” бағдарламалық-аппараттық кешен сатып алынды. Бұл құрылғының көмегімен айыппұлын өтемей жүрген автокөлік жүргізушілері құрықталуда. Сондай-ақ жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген, сот органдары тыйым салған немесе жоғалған көліктер анықталып отыр.
Прокурорлар алдында мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының Елбасы тапсырмаларын тиісінше орындауында заңдылықты қадағалау және азаматтар құқықтары мен мемлекет мүддесі бұрмалануына жол бермеу міндеті тұр. Прокуратура органдарының жұмысында бұл басым бағыттардың бірі болып табылады.