Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Былтырғы жылдың аяғында Стамбул қаласында қазақтың ұлы ақыны, Мағжан Жұмабаев туралы “Мағжан” фильмінің премьерасы көрсетілді.
Қазақстанда “Мағжан” фильмінің премьерасы 2013 жылдың тамызында – Алматыда, қыркүйек айында ақынның туған жері – Петропавлда өткен болатын.
“Мағжан” фильмінің Стамбулдағы премьерасын түріктің “Истикляль” баспасы ұйымдастырып, ол түрік көрермендерін түркі әлемінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың заңғар тұлғасымен таныстыруды мақсат еткен.
Осындай фильм түсірілгенін естіген түріктің “Истикляль” баспасының басшылығы фильмнің авторы, продюсері және режиссері Марат Қоңыровқа Стамбулда “Мағжан” фильмінің премьерасын көрсету жөнінде өтініш жасаған. Ол баспа басшылығына көрермендері кімдер болмақ деген сауал қояды. М. Қоңыров бұл көрермендер түрік қазақтары немесе Түркияда тұрып жатқан қазақтар болар деп ойлапты. Алайда, олар Мағжан Жұмабаевты түркі жұртының ұлы перзентіне балайтынын, сондықтан көрермендер түріктер болатынын жеткізген.
1921 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік бас көтерген бытыраңқы топтарды біріктіріп, ағылшындар мен француздардың Түркияны басып-жаншуына қарсы азаттық қозғалысын бастап, көтеріліске шығарғаны белгілі. Түрік халқы үшін осынау аса ауыр кезеңде, бастары бірікпей, әркім өз бетімен әуре болған кезде ұлы Мағжан Жұмабаев бүкіл жан-тәнімен қайғыра отырып, өзінің атақты “Алыстағы бауырыма” өлеңін жазды. Ол бұл өлеңді жазған кезде қазақ халқы да қилы заманның қыспағынан шыға алмай, жүрер жолынан адасқан еді. Мағжан түрік бауырларымыздың басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған басқыншылардан өзінің туған жерін азат ете алмай, қанға бөгіп жатқанына қатты қайғырулы еді. Сол кездегі оның мына өлең жолдарына зер салайықшы:
Мағжан ЖҰМАБАЕВ.
Алыстағы бауырыма
Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.
Қамаған қалың жаудың ортасында,
Көл қылып көздің жасын
төккен бауырым.
Алдыңды ауыр қайғы жапқан бауырым,
Өміріңше жапа шеккен жаттан бауырым.
Түксиген, жүрегі тас жауыз жандар
Тірідей терің тонап жатқан бауырым.
Япырмай, емес пе еді алтын Алтай
Анамыз бізді тапқан, асау тайдай?
Бауырында жүрмеп пе едік салып ойнақ,
Жүзіміз емес пе еді жарқын Айдай?!
Алалы алтын сақа атыспап па ек,
Тебісіп бір төсекте жатыспап па ек?
Алтайдай анамыздың ақ сүтінен
Бірге еміп, бірге дәмін татыспап па ек?
Тұрмап па ед біздің үшін мөлдір бұлақ,
Сылдырап, сылқ-сылқ күліп
таудан құлап?
Даяр боп ұшқан құстай соққан құйын,
Тілесек бір-бір тұлпар бейне пырақ!
Алтайдың алтын күні еркелетіп,
Келгенде жолбарыс боп, жаңа ер жетіп,
Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,
Бауырым, мені тастап, қалдың кетіп!
Мен қалдым – жас балапан қанат қақпай,
Ұшам деп ұмтылсам да дамыл таппай.
Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,
Жауыз жау қойсын ба енді мені атпай?!
Қорғасын жас жүрекке оғы батты,
Күнәсіз таза қаным судай ақты.
Қансырап, әлім құрып, естен тандым,
Қараңғы абақтыға берік жапты…
Көрмеймін кеше жүрген қыр-сайды да,
Күндіз – Күн, түнде күміс нұрлы Айды да!
Ардақтап, шын жібектей арайға орап,
Өсірген алтын анам Алтайды да.
Япырмай, айрылдық па қалың топтан,
Шабылып қайтпайтұғын жауған оқтан?!
Түріктің жолбарыстай жүрегінен,
Шынымен қорқақ құл боп
жаудан бұққан?!
Шарқ ұрып ерікке ұмтылған түрік жаны,
Шынымен, ауырды ма, бітіп халы?!
От сөніп жүректегі, құрыды ма,
Қайнаған тамырдағы ата қаны?!
Бауырым! Сен о жақта мен бұ жақта,
Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа
Лайық па құл боп тұру? Жүр, кетелік
Алтайға, ата мирас алтын таққа!
Содан жетпіс жыл өткеннен кейін, 1991 жылы Қазақ-Түрік университетінің проректоры болған Фейзуллах Будак “Мағжанға жауап” деген өлеңін жазды:
Фейзуллах БУДАК,
Қ.А.Йассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті Өкілетті Кеңесінің мүшесі.
Мағжанға жауап
.
Алыстан азабымды білген, бауырым,
Жұбатып, көздің жасын
жүрген, бауырым.
Отырып өзі жаудың ортасында,
Көңілін мұң-зарыма бөлген, бауырым.
Тұмшанып қайғы-мұңға
қалдым, бауырым,
Қуарып бәйшешектей солдым, бауырым.
Сен дұшпанды бұрыннан білуші едің,
Мен соған енді куә болдым, бауырым.
Анамыз еді-ау ортақ алтын Алтай,
Ол бір тұлпар болғанда, біз бір-бір тай.
Бауырында ойнақ салып біз жүргенде,
Тап біздей жайнамайтын Күн меннен Ай.
Алалы алтын сақа атқан едік,
Тебісіп бір төсекте жатқан едік.
Алтайдай анамыздың ақ сүтін де,
Бірге еміп, бірге дәмін татқан едік.
Сылдырап, біздер үшін бұлақ ақты,
Шатырлап, найзағайлар ойнап жатты.
Даяр боп ұшқан құс пен соққан құйын,
Біз мінген аттар тұлпар, һәм пырақ-ты.
Бір күні бұл дәуреннің соңы жетіп,
Тәңірдің жазуымен сапар шектік.
Ақ теңіз, Қара теңіз ассақтағы,
Жүректі сол Алтайға тастап кеттік.
Білемін, ұшам дедің, ұша алмадың,
Дәрменсіз, көкке қанат қаға алмадың.
Жөн сілтеп, жол көрсетер ешкімің жоқ,
Дұшпанның тырнағынан қаша алмадың.
Саған атқан оқ маған өтіп жатты,
Күнәсіз қанымызды төгіп жатты.
Егерде қан төгілсе мына біздің,
Түбімізге бөліну жетіп жатты.
Мен де аңсаймын кешегі қыр мен сайды,
Күндіз Күн, түнде күміс нұрлы Айды.
Бізді жібек құндаққа орап алып,
Бауырында әлпештеген ана – Алтайды.
Айрылып бір-бірімізден отқа түстік,
Тарихтың қазанында қайнап, пістік.
Тайсалып, қайтпайтұғын жауған оқтан,
Жігіттік, батырлықтың антын іштік.
Ұмтылған бостандыққа түрік жаны,
Ауырып, көрген емес бітіп халы.
Жүректің жалын оты сөнген емес,
Соғып тұр тамырында ата қаны.
Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,
Не таптық, шашырағанда шартарапқа?
Барлығын күш-қайраттың жинау керек,
Атадан мирас болған ұлы Отанда!
Осы жырлардың тамаша тармақтарын оқи отырып қана, Мағжан мен оның “Алашордадағы” бауырлары – қазақтың аса көрнекті перзенттері Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Тұрар Рысқұловтың, Мұхамеджан Тынышпаевтың, Міржақып Дулатовтың және басқаларының аса тебіреністі жүректің лүпілімен бауырлас екі халықтың сүйіспеншілігін сезгенін аңғаруға болады.
Марат Қоңыров Стамбулда “Мағжан” фильмінің премьерасы қалай өткенін былайша баяндайды:
– 1500 орындық опера театрының залында ине шаншар жер қалмады, тіпті, балконға дейін көрермендерге лық толып кетті. Сахнаға бір жас түрік жігіті көтеріліп, жиналған көрермендерге Мағжанның шығармашылығы мен тағдыры, бауырлас қазақ халқының сол кездері басынан кешкендері жайында баяндай бастады. Осы жігіттен кейін премьераны ұйымдастырушылардың бірі шақырумен келген меймандардың аты-жөндерін атап, ғылыми дәрежелерін, атқаратын қызметтерін айтып, тізімді тегіс оқып шықты. Залда отырған көрермендердің әрбір адамның аты-жөні аталған сайын дүркірете қол соғуына қарағанда, мен премьераға Түркияның танымал тұлғалары келгенін аңғардым. Тізімді оқып шығудың өзі бір сағаттай уақыт алды. Бес жүздей адамның аты-жөні аталды. Мен осынау әйгілі адамдардың Қазақстанда қазақ режиссері қазақ ақыны туралы түсірген фильмнің премьерасын көруге уақыт тапқанына қатты толғандым, – деді ол.
Режиссер залда бірнеше телеарналардың өкілдері жұмыс істеп, бұқаралық ақпарат құралдарының көптеген фототілшілері суретке түсіріп жүргенін байқайды. Сахнаға ұзын бойлы, шашын ақ шалған, алпыстар шамасындағы азамат көтеріліп, түрік тілінде өлең оқи жөнеліпті. Бұл адам Мағжанның өлеңдерін түрік тіліне аударған, оның әйгілі “Алыстағы бауырыма” өлеңіне “Мағжанға жауап” деп жыр жазған Фейзуллах Будак екен. Өлеңді өте мәнерлеп оқыған. Мағжанның түрік тіліндегі өлеңдері жанды баурайтынын, сөздері ән сынды әуезбен үндесіп, ақынның ішкі жан толқыны жүректерге құйылып жатқанын айтты Марат Қоңыров.
– Ол алдымен Мағжанның “Алыстағы бауырыма” өлеңін оқыды. Содан кейін бұл өлеңді аударып отырғанда ақынның сонау шалғай жылдардағы көңіл күйіне еріксіз бойлап, ой-мүддесіне шомып, содан барып Мағжанға жырмен жауап жазғанын айтып берді де, өзінің өлеңін оқыды. Әуелгіде ырғағы баяу еді, бара-бара үні күшейіп, дауысы зор екпінге бөленді. Мұны өз көзіңмен көрмесең, тілмен айтып жеткізу қиын. Залда отырғандар орындарынан тұрып кетіп, Фейзуллах мырзаға үсті-үстіне дүркірете қол соқты, – деді ол.
Фильм басталғанда режиссер сәл қобалжиды. Өйткені, ол көрермендер бұлайша айтып жеткісіз ынта қойып, ықылас аударады деп ойламапты да! Сондықтан екі көзін тарс жұмып алып, залдағы дауыстарға ғана құлақ түріп отырады.
Ал залда шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштық орнайды. Фильм көрсетілген бір сағат бойы ұялы телефондардың үндері өшіп,1500 көрермен дыбыс шығармастан, бар зейінімен экраннан көз алмаған.
Көріністердің бірінен соң бірі өтуде. Мағжанның абақтыдағы кезі бейнеленеді. Түрік актерлерінің тамаша аудармасы арқылы көрермендер ақынның басынан кешірген азабына тебіреніп қана отырған. Фильм авторы осыдан барып кинодраматургия тілінің барлық халықтарға түсінікті екеніне көз жеткізеді. Кез келген адам, мейлі, ол түрік немесе қазақ, орыс, испан болсын, жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлеп, жаналғыштарға, өктем-зорлықшыларға, жантықтар мен жәдігөйлерге, сатқындарға лағнет айтады. Кадрда НКВД-ның қапасында ақынды азаптап жатқан көріністер көрсетілген кезде көрермендердің аһ ұрған дауыстары естілген. Артынан Мағжан бостандыққа шығып, сүйікті жары Зылиқамен қауышқанда көрермендер де бақытқа бөленгендей болған.
– Фильмді құрастырған кезде ұлы ақын өмірінің соңғы сәттерін бейнелейтін кадрларды әлденеше мәрте қайталап көрген сайын мен Мағжанның сол шақтағы көңіл күйлеріне бойлап, фильмнің режиссері болғандықтан, оның тағдырының арнасымен бірге ағып отырдым. Мені қайғы-уайым баурап алып, жаным езілді де, егілді де, – дейді Марат Қоңыров.
Фильмнің соңғы кадрлары көрсетіліп біткенше көрермендер залындағы құлаққа ұрған танадай тыныштық бұзылмай, олардың талайы егіліп отырыпты. Көрсетілім аяқталған соң фильмнің режиссеріне сөз беріледі. Жұртшылық дуылдата қол шапалақтайды. Марат Қоңыров оларға премьераға келгендері үшін алғысын арнап, қазақ ақынының қасіретті тағдырының өз жанын қалайша толқытқанын айтып береді. Содан соң Мағжанның бейнесін мүсіндеген актерлер – жас Мағжанды бейнелеген Дарын Қалиев, абақтыдағы жылдарын сомдаған, фильмнің соңына дейін көрсеткен Дулыға Ақмолда лебіздерін білдірген. Көрермендер актерлерге орындарынан түрегеліп қошемет көрсеткен.
Сахнаға Фейзуллах мырза тағы көтеріліп, түрік тілінде сөйлейді. Ол Мағжанды зор кеңістікті қоныстанып отырған түркі жұртының ұлы перзенті деп ұзақ әңгімелейді. “Алашорда” жайында тебірене сөйлеп, егер осы партия көздеген мақсаты – әмсе түркі халықтарын біріктіруге қол жеткізгенде, тарихтың өзгеше арнамен өрбуі мүмкін екендігін ойға салады.
Басқа да сөз алғандар көп болған екен. Бұл лебіздер фильм аяқталған соң екі сағаттай уақытқа созылған. Әсіресе, “Мағжан тірі! Мағжан мәңгілік! Түркілер бірігіңдер!” деп ұран тастаған бір жас жігіттің бейнесі Марат Қоңыровтың жадында қалыпты.
– Мен өзге халықтың қазақ ақынын аспанға көтеріп, ұлықтағанына қайран қалдым. Әсіресе, ұшаққа отыру үшін әуежайға келген күні премьерада бола алмаған адамдардың легі алдымыздан шыққаны зор әсерге бөледі. Олар бізді шығарып салуға тарту-таралғыларымен келіпті. Мүлде бейтаныс адамдар! Олар ұлы ақын туралы фильм шығарған бізді осылайша құрметтеп аттандырып салуды өздерінің парызы санаған екен! – деді режиссер.
Марат Қоңыров Қазақстанда жұмыс істеп жатқан, еліміздің мәдени жобаларына мол инвестициялар салып отырған және “Мағжан” фильмінің демеушілерінің бірі болған түріктің “Түркуаз” құрылыс компаниясынның басшылығына зор алғыс арнады. Сондай-ақ фильмді түсіруге жәрдем жасағаны үшін Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігіне ризашылығын білдірді. Режиссер қаржылай көмек және ақыл-кеңес берген ақынның жиені Шайзада Нөгербекқызы Бекішеваға, белгілі қаламгер Естай Мырзахметовтың қызы, Мағжан өлеңдерін сүйіп оқитын Зәмзәгүл Мырзахметоваға Стамбулдағы премьераны ұйымдастырғаны үшін үлкен алғысын арнады.