Мұхамеджан ЛҰҚПАНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы,
“Лұқпанов” ЖШС-нің директоры.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауы игі мақсаттарға жетелеуімен тәнті етті. Тарихи құжатта “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы жария етіліп, дамыған 30 елдің қатарына кірудің ұзақмерзімді 7 стратегиялық басымдығы белгіленді. Қай-қайсысы болсын ауқымдылығымен, жаңашылдығымен ерекшеленеді.
Өзім көп жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін. Әр кез нақты практикалық бағдарламаларды жүзеге асыруда мемлекеттің қолдауына ие болып жүрміз. Тек биылдың өзінде бірқатар қаржылық жеңілдіктер алдық. Биылғы Жолдауда ауыл адамдары үшін дәстүрлі сала болып саналатын агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытпен дамыту жолдарының күн тәртібіне қойылуы кездейсоқ емес. Өйткені, әлемде азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс өсіп келеді. Оның тапшылығын болдырмаудың бірден-бір жолы – жаңа технологияларға сүйену, өнімділікті үздіксіз арттыру. Бір сөзбен айтқанда, алдымызда ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерге алданып қалмай, өндіріс өсімін өсіру міндеттері тұр. Жер-Ана да мәпелегенді, күткенді сүйеді. Мұны жермен жұмыс істейтіндер жақсы білсе керек. Агрохимикаттарды тимді тұтыну, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеу, заманауи техникалар паркін көбейту секілді кешенді шараларды тәжірибеге айналдырудың маңызы зор.
Елбасы Қазақстанды ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналдыру, майлы және азықтық өнімдерді көптеп өсіру талабын қойды. Біз соңғы жылдары осы бағытқа шындап бет бұруды ойластырып, етті қара малды көбейтуді қолға алып отырмыз. Фермерлерді ұзақмерзімді қаржыландыру бұған жағдай жасап отыр.
Алда тұрған міндеттер нақты, игі мақсатымыз айқын. Ол – Елбасы атап өткендей, күшті, қуатты мемлекет құру, барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Сонымен бірге барша қазақстандықтарды 2050 Стратегиясының мақсатына жету жөніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырды. Елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын жерде ортақ парызға, абыройлы міндетке үн қосу әркімнің азаматтық парызы болса керек.
Ақжар ауданы.