Ботагөз АҚМАҒАМБЕТОВА,
облыстық филармонияның
директоры.
Болашаққа барар жолды бағамдайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында барлық сала қамтылған.
Мемлекеттік тілдің ахуалы турасында айтқан ойлары мен жоспарлары баршамызға терең ой тастады. “Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, Интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Одан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн”, – деді Президентіміз. Бұл – Елбасының мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін әрқайсымыздың жауапкершілікті терең сезінуіміз керектігін тағы бір мәрте атап көрсетуі. Сондай-ақ Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасала беретіндігін айтуы да үлкен көрегендік деп ойлаймын.