«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫН ТҮЙІНДЕР ТАРҚАТЫЛАТЫН БОЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Энергетика саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің проблемаларын енді облыстық Кәсіпкерлік палатасының және “СевКазЭнерго” АҚ-ның өкілдері бірлесіп шешетін болады. Жуырда құрылған, әр аптаның бейсенбі күндерінде сағат 16.00-17.30 аралығында жұмыс істейтін Мамандандырылған кеңес беру орталығы үшжақты үнқатысу алаңына айналады.

Елбасы жуырдағы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуда жалаң сөзден нақтылы іске көшу қажеттігін атап айтты. Оған жекеменшік институтын нығайту жөніндегі кешенді шешімдер көмектесе алады. Бизнестің экономикалық дамудың қозғаушы күші, инновацияның негізгі таратушысы болып табылатынын, жұмыспен қамту жөнінде маңызды әлеуметтік міндет атқаратынын, орта таптың негізін және азаматтық қоғамның тірегі екендігін бәрі біледі. Сондықтан бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғауды көздейтін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлі өте маңызды.

– Біз кәсіпкерлерді қабылдауды бастап кеттік. Қызметтерін қиындататын мәселелері бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін қараймыз, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина. – Түскен өтініштерді талдау көрсетіп отырғандай, біздің өңірдегі жүйелі сипаттағы проблемалық мәселелердің бірі энергетикаға байланысты. Палатаның өңірлік кеңесінің үшінші мәжілісінде өзіміздің кәсіпкерлерді осы мәселе бойынша тыңдадық. “СевКазЭнерго” АҚ-ның басқарма төрағасы Еділ Көпеновпен осы тақырыпта кең көлемді әңгіме өрбітіп, облыстық Кәсіпкерлік палатасы жанынан энергетика саласындағы мәселелер бойынша кеңес беру орталығын құру туралы келісімге келгеніміз өте маңызды іс болды, – деді ол.

Мамандардың пайымдауынша, жаңа орган қуатпен жабдықтаушы ұйымның қызметіндегі мөлдірлікті қамтамасыз етуге көмектеседі және энергетикалық инфрақұрылымды неғұрлым қолжетімді етеді. “СевКазЭнерго” АҚ-ы және облыстық Кәсіпкерлік палатасы қызметкерлерінің үнемі жылу және электр қуатын пайдалануға байланысты өтініштер мен шағымдарды талқылап отыратыны алдымен кәсіпкерлердің өздерін қуантып тастады. Олар үшін, сондай-ақ, палатаның салалық “Коммуналдық қызмет көрсететін монополист кәсіпорындар қызметі мәселелері жөніндегі сараптама кеңесі” консультациялық-кеңесші орган құруға бастамашылық жасағаны жағымды жаңалық болды. Кеңес мүшелері өңірдегі тариф құруға, монополистердің берген есептемелерінің негізділігіне сараптама жүргізуге және бизнес субъектілерінің инженерлік желілерге еркін қолжетімділігін жүзеге асыру тетіктерін жетілдіруге байланысты мәселелерді қарайтын болады.

СҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp