Бұрнағы күні Мұрат Қадырбектің төрағалығымен өткен облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы бұрмалауға жол берді деген кінә тағылған Шал ақын ауданындағы Афанасьевка ауылдық округінің әкімін қызметінен босату туралы ұсыныс қабылданды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс прокурорының көмекшісі Арман Құсановтың айтуынша, өткен жылдың 20-21 қыркүйегінде Афанасьевка ауылдық округінің әкімі Асқар Хамзин лауазымдық өкілеттігін пайдалана отырып, қарамағындағы қызметкерлеріне, яғни көлік жүргізушісі мен Мәдениет үйінің күзетшілеріне өзіне 5 текше метр және жалғызбасты зейнеткерге де сонша текше метр отын дайындауға кіріскен. Сол күні отын дайындау барысында күзетші Рым Шәйкенов жабайы ара шаққаннан қатты шошынып, есеңгіреуден кенеттен көз жұмған.
Прокуратура тексерісі кезінде ауылдың бірнеше тұрғыны округ әкімінің тарапынан мәжбүрлеу фактілерінің орын алғанын растаған. Ал тағылған айыпты мойындамаған ауылдық округ әкімі ешкімге мәжбүрлеп жұмыс істетпегенін айтып, отынды өзі үшін емес, қарт адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау аясындағы қайырымдылық сенбілігі кезінде жалғызбасты қария үшін кестіргенін мәлімдеді. Оның сөзіне сенбеген Тәртіптік кеңес мүшелері Асқар Хамзинді сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын заң бұзушылыққа жол бергені үшін қызметінен босатқан жөн деген ұйғарымға келді. Ал ауылдық округ әкімі өзін ақтап алу үшін тиісті орындарға жүгінетіндігін жасырған жоқ.
Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Аманбек Махметов мемлекеттік қызметте болуына қатысты шектеуді ескермеген қызметшіні өз еркімен жұмыстан босату туралы заңсыз бұйрық шығарған. Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Жанат Жұмабаевтың мәлімдеуінше, аудандық Ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы К.Мырзағұлов үстіміздегі жылдың 8 қаңтарында мемлекеттік қызметші бола тұра “Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы” ММ облыстық филиалының директоры қызметіне орналасады да, келесі күні бұрынғы жұмысынан шығу туралы өтініш береді. Ал мемлекеттік қызметтен 15 ғана қаңтарда өз еркімен босатылған. Осылайша К. Мырзағұловқа ешқандай тәртіптік шара қолданбай, мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарының бұрмалануына жол бергені үшін Аманбек Махметовке ескерту түрінде жаза беру ұйғарылды.
Тәртіптік кеңес мәжілісі барысында СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінде Арнамыс кодексін және сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң талаптарының орындалуы мәселесі де талқыланды. Өткен жылы бұл ведомствоның 118 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылмен салыстырғанда 15 фактіге артық. Тәртіптік кеңес департамент басшылығына тәртіпті нығайтудың және қызметкерлердің жауапкершілігін арттырудың тиімді шараларын қабылдауды ұсынды.