“Қазақстан тұрғын үй-құрылыс корпорациясы” акционерлік қоғамы биыл Петропавлда жалпы аумағы 1 гектар болатын жерге екі көпқабатты тұрғын үй тұрғызбақ. Ол үшін ел қазынасынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Баспаналар “Береке” шағынауданында бой көтермек. Бұл туралы облыс әкімі Самат Ескендіровтің “Қазақстан тұрғын үй-құрылыс коорпорациясы” АҚ-ның басшыларымен кездесуінде белгілі болды.
Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,
журналист.
Биыл Петропавлда жалға берілетін тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілмек. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында “Қазақстан тұрғын үй-құрылыс корпорациясы” АҚ өкілдері атап көрсетті. “Қазіргі таңда облыс орталығында баспаналы болғысы келетіндер саны – сегіз мыңнан астам. Сондықтан бұл мәселе өзекті”, – деді Самат Сапарбекұлы.
“Қазақстан тұрғын үй-құрылыс корпорациясы -2014 жылы өңірде 11000 шаршы метрді құрайтын баспана тұрғызады. 116 және 96 пәтерлі екі тұрғын үй “Береке” шағынауданында салынады. Жобалық-сметалық құжат әзірленіп, конкурс жарияланды. 2015 жылы да бұл жұмыс жалғасын табады”, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында өңір басшысы “Береке” шағынауданында инфрақұрылымды дамыту керектігін баса айтты. Бұл жұмыстарды бақылауға алуды Құрылыс басқармасының басшылығы мен облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцевке жүктеді.
“Береке” шағынауданы болашақта жаңа қалашыққа айналады. Сондықтан мұнда инфрақұрылым желісін дамытуымыз қажет. Салынған үйлердің бірінші қабатында дүкен, шаштараз сынды әлеуметтік нысандарды ашқанымыз абзал. Болашақта осы жұмыстармен айналысуымыз керек”, – деді Самат Ескендіров.
Төртінші сыныптағы пәтерлердің бір шаршы метрі 92 мың теңгені құрайды. Баспананы тиісті уақыт өткен соң жекешелендіріп алуға болады.
“Биыл біз екі көппәтерлі үйдің құрылысын бастаймыз. Бұл жұмыстарға наурыз айында кірісеміз. Бұдан бөлек, келешекте “Жас өркен” шағынауданында коммерциялық баспана тұрғызатын боламыз”, – деді “Қазақстан тұрғын үй-құрылыс корпорациясы” АҚ басқармасының төрағасы Руслан Құсайынов.
Корпорация басшылығы екі көпқабатты үйді, сәтін салса, қараша айына дейін тұрғындар игілігіне береміз деп жоспарлап отыр.
Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.