Облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. Оның жұмысына аумақтық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, облыстық атқарушы органдардың өкілдері, Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестіктерінің аудандардағы филиалдарының басшылары мен Петропавл қаласындағы “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшілері қатысты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Онда алдымен облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсем Рахметованың хабарламасы тыңдалды.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауы ел өміріндегі аса маңызды қоғамдық-саяси оқиға екендігі анық. Болашаққа бағыты анық елдің ертеңі де жарқын. Тәуелсіздігін алған еліміз ұзақмерзімді бағдарламалық құжатпен болашағын айқындап келеді. Оған дәлел – “Қазақстан – 2030” Стратегиясы. Қазақстандықтар бұл құжаттағы міндеттерді межедегіден бұрын орындап шыққанын Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауын жариялаған кезінде айтқан болатын. “Қазақстан – 2050” Стратегиясының басты мақсаты – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену. Биылғы Жолдауында Елбасы осы Стратегияны орындау қадамдарын айқындап берді, – деген Әсем Рахметова бүгінгі таңда елімізде Елбасы Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру басталғанын айтты.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельниковтің айтуынша, ардагерлер кеңесінің мүшелері өңірімізде болып жатқан барлық қоғамдық-саяси науқандардың бел ортасында жүреді. Олар, әсіресе, өскелең ұрпақ тәрбиесіне, жастар саясатына, ішкі істер органдарының қызметтеріне белсене араласады. “Біз – Жеңіс мұрагерлеріміз!” акциясына, қайырымдылық шараларына 4 мыңнан астам ардагер атсалысқан. Одан түскен қаражат Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, мүгедектеріне көмек ретінде берілген. Қарттар күніне арналған қайырымдылық сенбілігі де өз жемісін берген. Бұл сенбілікте ауылдағы зейнеткерлерге жемазық, отын алуға көмек көрсетілген. Облыс әкімдігі мен демеушілердің көмегімен ардагерлер кабинеттері жабдықталған. Алайда, аудандардың көпшілігіндегі ардагерлер кеңесінің мүшелері кабинеттерді жалға алып отыр. 400-ден астам ардагер сауықтыру мекемелерінде денсаулықтарын түзеген, бірақ бұл 2012 жылмен салыстырғанда аз. 190-нан астам ардагер баспана кезегінде тұрса, 50-ден астамының үйіне жөндеу қажет, 8-і “Қарттар үйіне” мұқтаж.
Облыстық ардагерлер кеңесінің тұрақты комиссиясының Ауған соғысы ардагерлерімен жұмыс жөніндегі төрағасы Игорь Гамов Кеңес Одағы әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанының 25 жылдығына орай жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарын пысықтады. Ол облыста Ауған соғысында қаза болған 46 адам туралы “Даңқ” кітабын шығару, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар аудандарында Ауған соғысы ардагерлеріне құлпытас орнату, мектептерде мемориалдық тақталар ашу, Ауған соғысында қаза болғандар отбасыларына материалдық көмек көрсету мәселелерін көтерді.
Жиында Игорь Гамов Тайынша ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері Рашид Болтачевке “Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл” мерекелік медалін тапсырды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің 2014 жылға арналған кешенді жоспарымен таныстырған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әдия Ахметова: “Тарихтағы тұлғалар” кітабын шығару, мектептерде этнобұрыштар ұйымдастыру, “Қаракөз” әйелдер клубын, “Досуг” клубын құру туралы жоспарларын айтты.
Облыстық ардагерлер кеңесінің тұрақты комиссиясының мәдени-бұқаралық жұмыс жөніндегі төрағасы Галина Фефелова ардагерлер мен ардагерлер ұйымдарының шығармашылық ұжымдарының “Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер” байқауфестивалін өткізу, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған дайындық шараларын ұйымдастыру барысын сөз етті.