Әдеттегідей, биылғы Жолдауда да жастар жағдайы назардан тыс қалмады.
Ғалия БАЯЗИТОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің психология кафедрасының оқытушысы.
Ел жағдайын білу, алға қойған мақсаттары мен міндеттеріне құлақ түріп, олардың орындалуына өзіндік үлес қосу – әрбіріміздің парызымыз. Себебі, Қазақстанның гүлденуіне атсалысу – тек өзімізге артылған жүк. Жолдауды тыңдай отырып, Елбасының жастар өмірін жақсартуға қатысты Үкіметке жүктеген тапсырмаларын зейін қойып тыңдадым. Қуаныштысы – 2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы көбейетін болды. “Жоғары үлгерімі бар студенттерді қолдаудың тиімді жүйесін құру қажет деп санаймын. Үкіметке 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап шәкіртақы көлемін 25 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын”, – деді Президент.
Елбасының айтуынша, 2050 жылға дейін ұлттық білім берудің барлық буындарын жақсарту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Білім беру мен ғылымды дамыту мәселесін оқытушылар құрамы да қолдады. Олардың айтуынша, аталмыш салаларды жаңа деңгейге көтеру – уақыт талабы. Бүгінгі күні тек білімді, жігерлі ұрпағы бар ел ғана биік асуларды бағындыра алады.
Жолдауды тыңдай отырып, мынадай ой түйдім: Қазақстанның бүгінгі күнге дейін қол жеткізген жетістіктері еліміздің әлемдік деңгейде танылуына жол ашып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев сынды басшымыздың арқасында әлі де талай жақсылықтардың, жаңа игі бастамалардың басын қайыратынымызға кәміл сенемін. Айтарым: елімізде орнаған тыныштық пен тұрақтылықты сақтау үшін Қазақстанның одан әрі ойдағыдай дамуы жолында Елбасымызға арқа сүйеп, ел игілігіне аянбай еңбек еткеніміз жөн.